МӘСКЕУ: ЖЕҢІС ПАРАДЫНА КІМДЕР БАРАДЫ?
Кеңестер Одағы деген алып ел фашизммен күресте Ұлы Жеңіске жетті. Сол Жеңіс сол алып елдің құрамына кірген барлық республикалар үшін кезінде ортақ болды. Кейін сол республикалар тәуелсіз мемлекеттерге айналғанда, бұл жеңіске көзқарас өзгерді.
Оны дұрыс дейік, бұрыс дейік, бірақ бұл – шындық. Әркім өзінше топшылайды, әркімнің көзқарасын сыйлауымыз керек дейміз. Осы біз кім үшін соғыстық, кім үшін қан төктік деп пәлсафа соғатынымыз да бар. Осы сұрақтарды сол соғыста қаза тапқандарға қоя алмаймыз. Бірақ олар өз өлімдерімен жауап беріп кетті. Күні кеше өткен Баукеңе – Бауыржан Момышұлына да қоя алмадық. Қорықтық. Баукеңнің жауабынан қорықтық. Жауап берудің орнына Баукең: “Не деп шатып тұрсың, ақымақ!” деп айқай салуы мүмкін еді. Сонда сұрақ қойған кейбір мүскіндердің жүрегі жарылып кетер еді.
Біздің аталарымыз бен ағаларымыз майданға қасиетті Отанды қорғау үшін аттанды. Сол Отанның бір пұшпағын қазақ жері құрады. Сол жер үшін қазақтардың ата-бабалары да қан төккен. Қажеттілік туса, бүгінгі, болашақ ұрпағымыз да сол жерді қорғауға бас тігеді. Осыдан 65 жыл бұрын қол жеткен Жеңіс бізге сол үшін қымбат. Бұл – сол соғыста көз жұмған шахидтерге тағзым.
Сөйтсе де бұл соғыс орыстар үшін қымбаттырақ. Олардың ұлт болып, халық болып қалуы таразыға түскен еді. Соғыста орыстардың қаны көбірек төгілді. Майданға аттанғандарға ғана емес, бейбіт халық та көп қырылды. Сол Жеңістің орыстарға қуанышы көбірек. Бірақ басқаларға да менше қуан деп талап етуі артықтау, өкпелеуі де орынсыз.
Сол Жеңіс орыстарға көбірек қуаныш әкелгендіктен де, үлкен тойдың Мәскеуде өтетіні де заңды. Тойға бару, қуаныш бөлісу де парыз. Мәскеудегі ұлан-асыр тойға көптеген елдердің басшылары келмек. Мұны да жұрт саясатқа апарып тірейді. Келмегендерді сол жеңісті сыйламағандық, мойындамағандық, Ресейді құрметтемегендік деп те қабылдайтындар көп. Оны тіпті мемлекеттік деңгейде солай қабылдайтындар жеткілікті. Сірә, кейбір елдердің басшылары сол тойға сондай пікір тумасын деп те, дипломатиялық әдеп сақтап та баруы әбден мүмкін.
Шақыру алғанына көп болса да, айталық, Қытай басшысы Ху Цзиньтао Мәскеуге келетінін парадқа бір апта қалғанда ғана хабарлап, орыс ағайындарды мықтап қуантты. Қытайдай алып елдің келгені – үлкен абырой. Оған дейін Еуропаның біраз елінің басшылары Мәскеудегі парадты көрмекке баратынын мәлімдеп үлгерген. Франция президенті Николя Саркози, Чехия президенті Вацлав Клаус, Болгария президенті Георгий Пырванов, Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони, Германия канцлері Ангела Меркель, Сербия президенті Борис Тадич, сондай-ақ ТМД елдерінен Армения прездиенті Серж Саргсян, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, әрине, біздің басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев баратындарын хабарлады. Израиль президенті Биньямин Нетаньяхудың келетіндігіне де түсіністікпен қарайсың – сол соғыста ең үлкен қасірет шеккендердің бірі де еврей халқы ғой. Бұл ретте украин мен беларусь халықтарының атынан сол елдер басшылары Виктор Янукович пен Александр Лукашенконың да Мәскеуге барғаны жөн сияқты еді, бірақ олар өз елдерінде де парад болады, сонда қаламыз дегенді айтты. Сарапшылар бұдан да саясат табын аңғарып отыр.
Сол парадқа баратындардың біразын атадық, тағы да баратындар қосылар. Енді бармайтындарға келейікші, Молдавия президентінің міндетін атқарушы Михай Гимпу жаймашуақтатпай, бірден ашып айтты, бармаймын деді. Балтық жағалауындағы елдер де бұл жеңіске қуана қоймайтыны белгілі. Сол үшін оларға өкпелемесе де болады. Әр елдің өз тарихы, өз тағдыры бар. Әсте де, біреуге бір саясатты тықпалаудың жөні жоқ.
Фашистерге қарсы соғыста Ресейге одақтас болған Ұлыбританияның үкімет басшысы Гордон Браун да Мәскеуге бара алмайды. Ол өз еліндегі сайлаумен әлек. АҚШ президенті Барак Обама да келемін деп құлшынбайтын көрінеді. Той тойлаудан да маңыздырақ шаруалары бар шығар.
Жалпы, келдің, келмедің деп, содан саясат жасаудың да қажеті жоқтай. Әркімнің өз қалауы, өз бағалауы бар.
УКРАИНА: ТЕКЕТІРЕС ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАНДАЙ
Бұл елдегі президент сайлауынан соң, алдымен қарсыластар біраз қақтығысқаннан кейін, әркім өз орнын біліп, жағдай біршама қалыптасқандай еді. Президент Виктор Януковичтің алғашқы қадамдарын жұрт мақұлдағандай болған. Бірақ соңғы күндері жағдай қайта ушықты.
Оған басты себеп Ресей Қара теңіз флотының Қырымда орналасу мерзімін ұзарту жөніндегі келісімді парламентте бекіту болды. Бұл мәселе бұрыннан айтыс-тартысқа негіз болып келген. Жаңа президент бірден Ресейге бетбұрыс аңғартты. Мұны белгілі дәрежеде оппозицияға қыр көрсету деуге де болғандай еді.
Оппозиция бұған көнбеді. Білек сыбанып, Жоғарғы Радада төбелеске шықты. Мұрын қанады, тұмсық бұзылды. Оны бүкіл әлем көрді. Көп адам оған күлді де. Мұндай тұрпайы әрекетті барынша айыптағанмен, бар кінәні оппозицияға жаба салуға да болмастай. Билікке келгендер халықтың көңіл күйін де аңғарса жөн еді. Сол мәселені дәл қазір шешпесе де, күйіп кетпес еді. Егемендік, ұлт мүддесі деген шетін мәселелер халықтың айтарлықтай бөлігін толғандырып отырғандығы да белгілі. Оппозиция оны пайдаланып қалды. Біраз адам сол парламенттегі төбелес үшін ұлт мүддесін қорғаушылар деп оппозицияға іш тартты.
Айтысарға ілік таппай отырған оппозициядағы басты тұлға Юлия Тимошенко белсенді әрекетке көшті. Биліктегілерді банда деп атап, олар Украинаны біржола құртуға кірісті деген айыпты алға тосып, халықты көтерілуге шақырды. Әрине, оппозиция айыптайды екен деп, биліктің қажетті әрекеттен бас тартпауы керек. Сөйтсе де, осынау өтпелі кезеңде халықты бөлетін, оларды орынсыз әрекетке итермелейтін қадамдардан тартыла тұрған да жөн еді. Тимошенко шақырды деп халық көтеріліске шықпас, бірақ халықтың белгілі бір тобы дүрлігетіні анық. Украина үшін дәл қазір оның болмағаны қажет.
Ресейдің “Газпромы” мен Украинаның “Нафтагазын” біріктірудің экономикалық тиімділігі қаншалықты екенін уақыт көрсетер. Ал саяси тұрғыда дәл қазір елде біршама теріс пікір тудыратыны анық. Тағы да биліктегілер сол халықтың көңіл-күйін есепке алғаны жөн емес пе дейсің. Халықтың белгілі бір бөлігінің наразылығын тудырғанынан олар ешнәрсе ұта қоймас. Онсыз да халықтың бөлінуінен, саяси күштердің орынсыз текетіресінен бұл елдің көп ұтылғаны бар.
Күні кеше парламентте болған төбелес алда да жалғасатын сыңайлы. Юлия Тимошенконың блогы (ЮТБ) президент Виктор Януковичке сенімсіздік білдіру мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Президенттің импичменті үшін депутаттардың үштен екісі дауыс беруі керек. Януковичке ондай қорқыныш жоқ, депутаттардың басым көпшілігі оны жақтайды. Бірақ төбелес шығаруға мәселенің қойылысының өзі жетіп жатыр.
Өз кезегінде билік бұрынғы премьер-министр Ю.Тимошенкоға қарсы іс қозғап үлгерді. Бас прокуратураның айыптауына қарағанда, оның билік тізгінін ұстаған кезінде 12,5 миллиард доллар қаржы із-түссіз жоғалып кетіпті. Қалай құрығанын дәлелдей алмаса, түрмеге жетелейтін қылмыс. Ал билік Юлия ханымды аяйын деп отырған жоқ.
Қарап тұрсаң, бұл елде билік пен оппозиция арасындағы күрестің бітіспес текетірес сипатына көшуі дәстүрге айналғандай. Тіл табысу бұларға жаттай көрінеді. Соның бір жаманы – бұдан халық бүлінеді. Қоғам бүлінеді. Елден береке кетеді.
Мамадияр ЖАҚЫП.