Қай кезде де шаруасы шаш етектен болып жүретін шағын және орта бизнес өкілдеріне уақыт үнемдеу маңызды. Енді кепілдік беру шартына қол қою рәсімі де онлайн жүзеге асырылатын болды.
Сонымен 8 қарашадан бастап шағын және орта бизнес өкілі және банк пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ («Даму» қоры) арасындағы кепілдік шартына қол қою тек ЭЦҚ арқылы онлайн атқарылмақ. Бұл – 2021 жылдың 25 қазанында қабылданған және 2021 жылдың 7 қараша күні күшіне енетін «Сақтау мерзімін көрсете отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесін бекіту туралы» бұйрыққа енген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде жүзеге асты.
– Кепілдік беру шартына онлайн қол қою – біздің кәсіпкерлер үшін өте маңызды және елеулі оқиға. Осы қызметтің арқасында процедура ашық өтеді. Адамның адамға күні түспейді, кәсіпкердің, әсіресе, шалғай елді мекендерде жұмыс істейтіндердің уақытына да үнем. Кепілдік сұрайтын өтінімдердің 72%-ы бізге онлайн келіп түседі. Ендеше, кәсіпкерлердің барлығы кепілдік берілген кезде шартқа да онлайн қол қойғысы келеді. 2021 жылдың үш тоқсанында біз кепілдік сұраған 12,4 мың өтінімді мақұлдадық. Бұл – былтырғы осы кезбен салыстырғанда 1,7 есе артқанын көрсетеді, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева.
Кепілдікке өтінімді онлайн беру процесі 2016 жылы енгізілген. Соның арқасында кәсіпкерге өз өтінімінің қай деңгейде қаралып жатқанын жеке кабинетінде бақылап отыруға мүмкіндік туды. Ал енді «Даму» қорының тағы бір бастамасы – кепілдік шартына қол қою да цифрланды.
Қордың тағы бір қолдау құралы – субсидия бойынша шарт жасасқанда ЭЦҚ арқылы қол қою процесін «Даму» қоры 2019 жылы енгізген еді. Ол кезде де тараптардың шартқа қол қою рәсімі бір-ақ жұмыс күніне дейін қысқарып, оңтайланған болатын. Кәсіпкерлер бұл опцияны қуана қабылдағанын білеміз.
Сол 2019 жылы ЭЦҚ қолдану арқылы онлайн қол қойылған құжат саны 1700 болса, 2020 жылы 23 мыңға жетті, ал 2021 жылдың үш тоқсанында 36 800 шарт пен оларға қосымша келісімдерге қол жеткізілді.
Барлық процесті барынша автоматтандырудың арқасында «Даму» қоры өтінімдерді толық қамтып қана қоймай, сонымен қатар өтінім берушілерге қызмет көрсету процесін айтарлықтай жеделдете түскені қуантады.
АЛМАТЫ