IDF Eurasia (Solva бренді) қаржы-техникалық компаниясының зерттеуінше, қазақстандықтардың тұтынушылық несиесінің орташа сомасы 560 мың теңгені құраған. Биыл займдардың айтарлықтай өскеніне қарамастан, қазақстандықтар шектен тыс ауырлық сезініп отырған жоқ деп хабарлайды компания.
2021 жылдың бірінші жартысында жеке тұлғалардың банк алдындағы қарызы 8,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 26 пайызға көп. 5 трлн теңгеге жуық негізгі қарыз тұтынушылық несиелерге тиесілі. Сонымен қатар несиенің орташа көлемі 970 мың теңгеге дейін өскен. Бұл сомаға барлық займ түрлері, оның ішінде ипотекалық қарыздар да қосылып отыр. Сондықтан тек қана тұтынушылық несиеде адам басына орташа сома 560 мың теңгеге жуықтайды.
«Несиелердің жалпы өсімі қазақстандықтардың қаржылық ахуалына қысым түсіріп отырған жоқ. Мұндай қорытынды 12 мыңнан астам респондент қатысқан сауалдама негізінде шығарылып отыр. Олардың 50 пайызында несие бойынша ай сайынғы төлем жалпы шығынның 20 пайызынан аспайды. Қатысушылардың үштен бірі ай сайынғы төлемге табысының 15 пайызын ғана жұмсайды. Респонденттердің 54 пайызы соңғы жарты жылда несие төлеу бойынша қандай да бір қиындықтарға тап болмағанын айтады. 36 пайызы 30 күннен аспайтын несие төлемін кешіктіріп алған. Тек 10 пайызы ғана қарызды толығымен өтей алған» делінген IDF Eurasia зерттеуінде.
Зерттеу барысында қазақстандықтардың қарыз жүктемесінің басым бөлігін ипотекалық несиелеу иеленіп отырғаны да анықталған. Респонденттердің 40 пайызында ипотека бар екен. Сондай-ақ тұрмыстық техника, білім және саяхаттауға байланысты тұтынушылық несие үлесі де (45 пайызында) жоғары. Тағы 10 пайыз азамат автонесие бойынша қарыз төлеп жүр. Тек 5 пайыз қазақстандық қандай да бір несие міндеттемесіне ие емес екендігін мәлімдеген.
«Қазақстандықтар несиеге оң көзқараспен қарайды. Қатысушылардың 60 пайызы банк қарызы олар үшін пайдалы және қолайлы құрал екенін айтты. Төрттен бірінде төлеп жатқан несие бар және оны төлеп біткеннен кейін тағы несие ресімдеуге құлықты емес. Төленбеген займдары жоқ 10 пайыз респондент жақын арада ірі сатып алуға байланысты несие ресімдеуі мүмкін», делінген сараптамада.