Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) 2021 жылғы барлық жарыстардың қорытындысын негізге ала отырып, әлемдік рейтингті қайта жаңартты.
Жекелеген спортшылар арасында ең үздік көрсеткіш UAE Team Emirates клубының мүшесі Тадей Погачарға тиесілі. 23 жастағы Словенияның саңлағы биыл «Тур де Франста» топ жарып, тағы бірқатар жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Екінші және үшінші орындарды Бельгияның беткеұстары Ваут Ван Арт пен Словенияның тағы бір сайыпқыраны Примож Роглич иеленді. Бұл спортшылардың екеуі де Jumbo-Visma клубы сапында өнер көрсетеді. «Астананың» ең үздік велошабандоздары – Александр Власов пен Алексей Луценко 35 және 39-орындарға жайғасты.
Командалар арасында Бельгияның Deceuninck – Quick-Step, Ұлыбританияның INEOS Grenadiers және Нидерландтың Jumbo-Visma клубтары үздік үштіктің қатарында. «Астана» 13-орынды еншіледі. Ұлттық құрамалар рейтингінде Бельгияның велошабандоздары жеке-дара көш бастап тұр. Қазақстан бұл тізімде 23-сатыға табан тіреді.