Анкара қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы делегациясының ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен кездесуі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елбасы кітапханасының басшысы Бақытжан Темірболат кездесу барысында ТҮРКСОЙ-дың түркі халықтары арасындағы бауырластық пен достықты нығайтуға бағытталған ауқымды қызметі аясында бірлескен ынтымақтастықтың кең ауқымды перспективаларына жол ашатындығын атап өтті.
Еске сала кетейік, осы жылдың 17 наурызында Елбасы кітапханасы мен ТҮРКСОЙ (Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы) арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Құжаттың мақсаты – түркі мәдениетінің қалыптасу мен даму тарихын зерделеу бойынша бірлескен мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру. Тараптар ғылыми, білім беру, шығармашылық жобалар мен бағдарламалар, көрмелер, форумдар, конференциялар және басқа да қоғамдық маңызы бар іс-шаралар өткізуді жоспарлайды.
Сондай-ақ Елбасы кітапханасының өкілдері Анкара қаласындағы Ататүрік мемориалына барды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралар аясында Елбасы кітапханасы Елбасы Академиясымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінің және Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің қолдауымен Анкара қаласындағы Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханада «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесін ашты.
Осы күні Қазақстан мен Түркияның көрнекті саяси және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Түркі әлемі: тарих, қазіргі заман, болашақ» халықаралық конференциясы өтті. Іс-шара аясында Елбасы кітапханасы Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханамен және Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесімен меморандумдарға қол қойылды.