• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Қараша, 2021

76 жастағы қазақстандық Нью-Йоркте 42 шақырымды жүгіріп өтті

368 рет
көрсетілді

76 жастағы Салтанат Түйтібаев 7 қараша күні АҚШ-тың Ньй-Йорк қаласында өткен халықаралық марафонына қатысып, 42 шақырымды жүгіріп өтті, деп хабаралайды Egemen.kz.

Қазақстандық және халықаралық жүгіру марафондарына тұрақты қатысатын Салтанат Түйітбаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық марафонын да қалт жібермей, көпшілікпен бірге 42 шақырым 195 метрді жүгіріп өтті.

«Нью-Йорк марафонына қатысу әрбір марафоншының басты арманы. Себебі, бұл халықаралық марафондардың ішіндегі ең беделдісі. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 50-52 мың адам қатысады. Мен осыдан 2 жыл бұрын Амстердамда жүгіру марафонынан біліктілікті растайтын нормативті тапсырдым, норматив нәтижесі белгілі болғаннан кейін Нью-Йорктегі жүгіру марафонын ұйымдастырушылары мені қатысуға шақырды. Бұл марафон былтыр өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Жалпы аталған жүгіру сайысы жыл сайын қараша айының алғашқы демалысында өтеді. Шынымды айтсам, осыған дейін түрлі деңгейдегі 22 халықаралық жүгіру марафонына қатыссам да, мұндай дәрежелі марафонды әлі көрген емеспін», деп әсерімен бөлісті Салтанат Түйтебаев.

Жүгіру сайысының нәтижелері әлі белгісіз.

«Марафон жас ерекшелігіне қарай топқа бөлініп өтті. Менің жасым 76-да, мен 75 пен 79 жас аралығындағы марафоншылар санаты бойынша қатыстым. Жүгірудің өзі оңайға соққан жоқ, өйткені бұл марафонның жөні мен талабы мүлдем басқа. Дегенмен, қатысып көргеніме қуаныштымын, ал нәтижесін көре жатармыз. Тағы бір қуантарлық жағдай, осындағы қазақ бауырларымыз менің қатысатынымды біліп маған үлкен қолдау көрсетті. Өзіміздің қазақтың балалары марафон біткен соң мені күтіп алып, гүл шоғын сыйлап, жылы лебіздерін білдірді», дейді желаяқ қария.