• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2014

Ел экономикасы еңселі биігінен түспейді

230 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұр­­сұлтан Назарбаевтың төр­аға­лығымен кәсіпкерлікті ынталандыру және қаржы секторын сауықтыру мәселелері жөніндегі кеңес өтті, деп хабарлады Президенттің бас­пасөз қызметі. Мемлекет басшысы кеңес ба­рысында еліміздің экономика­сын дамыту үшін 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қа­был­данғанын атап өтті. – Сыртқы қаржыландыру көз­дерінің біз үшін қолжетімділігі аз және бөлінетін несиелер өте қымбат. Банк жүйесіндегі ішкі резервтер шектеулі, өйткені, отандық банктер дағдарыстан енді-енді шыға бастады. Осыған байланысты, өздеріңіз білетіндей, экономиканы, әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау, сон­дай-ақ, елімізде индустрия­лан­дыруды жалғастыру мен инфра­құрылымдық жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге мөлшерінде қомақты қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Ол азаматтарымыз үшін жаңа жұмыс орындарын ашуды, еңбекақыларын төлеуді қамтамасыз етеді және жалпы тұр­мыс деңгейін жақсартуға мүм­кіндік тудырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Ұлттық қордың бұған дейін 2008-2009 жылдары бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезеңінде маңызды рөл атқарғанын, сол кезде бұл қордан айтарлықтай қаражат бөлінгенін айтты. – Сөйтіп, Қазақстан экономикасы қыспақтан құтылды, сол кезде бүкіл әлемде орын алғандай зейнетақының, еңбекақының төмендеуіне жол берілген жоқ. Өздеріңізге белгілі, Еуропаның көптеген елдері әлі күнге дейін еңбекақы, зейнетақы және барлық басқа да төлемдерді азайтып, оның зардабын тартуда. Бүгінгі шешім Ұлттық қор құру жөніндегі біздің қадамымыз дұрыс болғандығын тағы да дәлелдеп отыр. Әлемдік дағдарыс әлі де жалғасып жат­қанын ескерсек, мемлекеттің аяқ астынан туындайтын қиын жағдайларға арналған резервтері болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын негізді, нақты жобалар бар екеніне назар аударды. – Бөлінген қаражат негізінен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталатын болады. Экспортқа сапалы өнімдер шығару жөніндегі жобаларды іске асыру да маңызды. Осыған орай қарыз қаражатын бөлу мәселесімен айналысатын тиісті комиссия құрылатын болады, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы ел азаматтарын әртүрлі арандатуларға еріп кетпей, сабыр сақтауға шақырды. – Біздің экономикамыз ойда­ғыдай және ешқандай да күйреу болған жоқ. Елдегі бірде-бір банк бүгінде банкротқа ұшырамайды. Біз 2009 жылы БТА және өзге банктерге қатысты да мұндайға жол берген жоқпыз, себебі, оларда азаматтарымыздың салымдары болды. Біз қазір де бұған жол бермейміз. Біз халықтың басым көпшілігінің қаражаты сақталатынына кепілдік береміз. Ал банк­тер айналасында дүрбелең тудыр­ғандар қазір табылды және жауапкершілікке тартылатын болады. Бәріміз елімізде ты­ныш­тық пен тұрақтылықтың бол­ғанын қалаймыз, бұл – барша қазақстандықтардың міндеті. Жос­парлағанымыздың барлығын біз әрдайым орындап келдік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.