Қоғамда «Жемқорлық неден туындайды?», «Жемқорлар қайдан шығады?» деген сұрақтар жиі талқыланады. Бірі жемқорлықты жоқшылық туындатады десе, енді бірі бұл дертті ынсапсыздықтың асқынған түрі дейді. Түйені түгімен жұтып жатқандардың бәрі аш-жалаңаш жүрмегендері түсінікті жайт. Алайда қолына сәл билік түссе, ебін тауып екі асап қалуды ойлайтындардың әрекетін қалай түсіндіруге болады?
Transparency International-дың сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне сәйкес еліміз 180 елдің арасынан 2019 жылы 113-орынды иеленген болатын. Өткен жылы индексті біраз жақсартып, 94-орынға табан тіредік. Халықаралық рейтингтің үздік үштігіне Жаңа Зеландия, Дания мен Финляндия енсе, ең төменгі сатыда Сирия, Солтүстік Судан мен Сомали тұр. Сондай-ақ Қазақстан Заң үстемдігінің халықаралық рейтингісінде 128 мемлекеттің ішінде 62-орынды иеленген. Дүниежүзілік банктің Сыбайлас жемқорлықты бақылау индикаторы бойынша Қазақстан 2 жыл ішінде өз көрсеткіштерін 2 еседен астамға жақсартты. Мамандар бұл Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне қатысқан уақыт аралығындағы ең жоғарғы көрсеткіш екенін айтады. Тіпті Антикор «халықаралық ұйым ешқашан біздің елімізді мұнша жоғары бағалаған емес» деп ағынан жарылған еді.
Рас, соңғы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат басқаша бағыт алды. Қылмыстық-құқықтық салада, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және цифрландыру саласында жүргізіліп жатқан реформалар, осы бағыттарда қабылданған іс-шаралар кешені ақырындап өз нәтижесін бере бастады. Жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру, қылмыстық сот ісін жүргізу және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында цифрлы технологияларды кеңінен қолдану, сонымен қатар қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу бұл індеттің алдын алуға барынша ықпал етіп келеді. Бүгінде еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы модель бірнеше бағыт призмасы арқылы жүйелі реформалауға сүйенеді. Олар: кәсіби мемлекеттік аппарат, заңның үстемдігі және құқықтық мемлекет, мемлекеттік институттардың ашықтығы, транспаренттілігі және есептілігі, сервистік мемлекет және цифрландыру, ал ең бастысы – қоғамның саяси жаңғыруы.
Егемендігімізді жариялап, етек-жеңімізді жинағалы бері жемқорлық дейтін жегі құртпен алысып-ақ келеміз. Отыз жылда дерттің дендеп кеткені соншалық, ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіре бастады. Бұған биыл дүйім елді дүрліктірген Жамбылдағы жарылыс та дәлел бола алады. Еліміздің алға жылжуына тұсау болып тұрған да осы кесел. Жемқорлықты жеңбей ешбір ісіміздің ілгері баспайтынын түсінген халық қазір кез келген келеңсіздіктің, оқыс оқиға мен төтенше жағдайдың диагнозы етіп осы дертті атайды. Себебі түсінікті де. Бүгінде жемқорлық жауламаған жүйе қалмады. Екі ғана мысал келтіре кетейік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, соңғы жеті айда еліміздегі білім беру саласында 75-тен астам жемқорлық қылмысы тіркелген. Қылмыстың басым бөлігі жымқыру мен парақорлыққа қатысты. Екінші жағдай – жақында Түркістан облысындағы Кентау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы ұсталды. Ол «Ашық» қосымшасын енгізу кезінде оң санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды бергені үшін кәсіпкерлерден 100 мыңнан 120 мың теңгеге дейін пара алып келген. Басқаны былай қойғанда, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жемқорлыққа белшеден батуы үлкен қауіп. Басқаша айтсақ, жемқорлық – дерт. Ал жемқор – қылмыскер. Демек, дертті емдеу қажет. Ал қылмыскерді қатаң жазалаған дұрыс. Қоғамдағы қақсап тұрған ауруымызды жасырмай, ашық мойындаудың да маңызы зор. Себебі «ауруын жасырған өледі». Дана халқымызда «Дүние деген – тұздың суы, ішкен сайын кептірер» деген ұққан жанға ой салар сөз бар. Десек те, құлқынның құлына айналғаны соншалық, асап жегеннен өңешін жыртып жатқан жемқорлардың санасына саңылау түсіре алмағанымыз өкінішті. Күн сайын айта-айта жауыр тақырыпқа, ести-ести елең етпейтін құбылысқа айналып бара жатқан жемқорлықтың жағдайы елімізде мәз емес.
«Тоя ма адам көзі мың мен санға?». Естеріңізде ме, Абайдың «Ескендір» поэмасында ұлы философ Аристотельдің даналық сөзі осындай сұрақпен басталмайтын ба еді? Қанағатсыздығы мен тойымсыздығы жауыздыққа жетелеген Ескендір Зұлқарнайынға ой салған да осы сауал болатын. Ал жауабы – «адамның көзін тек қара топырақ қана тойдырады» деген тәмсіл.
Бізде жемқорлықтың алдын алу жөнінде айқайымыз қатты болғанымен, нақты нәтиже жоқ. Адам өлтіруді ең ауыр қылмыс деп қабылдаған қоғам жемқорлық заңсыздықтың ең сорақысы екенін әлі де жете түсінбей келеді. Ал дүниеге адамның көзі тоймайды, өлгенде көзі бір уыс топыраққа ғана тояды. Адамзат мойындаған бір уыс топырақ тәмсілі осындай.