• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2010

ЕЛ ТОПЫРАҒЫНАН ЖАРАЛҒАН НАМЫСТЫ ҰЛДАР

564 рет
көрсетілді

“Марс” операциясы”. Қазақтар “Ажал ай­ма­ғында” кітабының тұсаукесерінде Ұлы Отан со­ғы­сы ардагерлерінің бірі бұл тарихи мәні бар ең­бекке әділ де айқын баға беріп, “Бұл кітап тек бізге ғана емес, біздің немерелерімізге – бүгінгі ұрпаққа қажет екені даусыз. Олар марқұм болған немесе көзі тірі өз аталарының қан майданда қалай шайқасқанын, сөйтіп жанын қиғандарын білуі тиіс. Ал біз соғыста қаһармандық таныттық деді. Жаңа кітап Қазақстанда жасақталып, Ржев қаласының түбіндегі қанды қырғынға қатысқан 100-ші және 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригада­ларының жұртшылыққа белгісіз шындықтарын жайып салады. Сонымен қатар басылымда марқұм болған жауынгерлер тізімі мен құпиясы ашылған құжаттар қамтылған. 100-ші бригаданың танкке қарсы атқыштар взводының бұрынғы командирі, ел ағасы Сұлтан Жиенбаев сөз алып, Мәншүк Мәметовамен қалай кездескенін айтты. “Менің жарақатымды Мәншүк таңған еді. Мен мұны мақтан тұтамын. Кеңестік Шығыстан шыққан екі қыз Ұлы Отан соғысында батыр атанды, екеуі де қазақтың қаракөз қыздары – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова болатын. Олардың есімдерін бұрынғы бүкіл Кеңес Одағы түгел біледі және есінде мәңгі сақтайды. Қос шынарымыз – біздің даңқымыз!” деді. Ардагер ақсақалдар халықтар достығы, майдандас жолдастары, сын сағатта қолына қару алып, соғысқа аттанған замандастары туралы сыр шертіп, жарқын бейнелерін еске алды. Тарихшы Тілеу Құлбаевтың айтуынша, майданға 100-ші және 101-ші атқыштар бригадалары сапында аттанған жауынгерлердің туған жер топырағын қайта басу қуанышы алғашқы құрамдағы 372 адамның маңдайына жазылыпты. Олардың арасынан Мәншүк Мәметова, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы туралы кітаптар жазған жазушы Әзілхан Нұршайықов, ақын, тамаша аудармашы, Қазақстанның бұрынғы Әнұраны авторларының бірі Мұзафар Әлімбаев, бұрынғы республика Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары, көрнекті мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаев тәрізді әйгілі азаматтар шықты. Жарыққа шыққан жаңа кітап, осы әскери заман шежіресімен айналысатын мамандардың ғана назарын аударып қоймай, қаза тапқан жауынгерлердің отбасы мен туыстары үшін маңызды оқиға болып отыр, деді тарихшы. Кітапта Қызыл әскер жауынгерлері мен ат­қыштар бригадасы командирлерінің қайда жерлен­гендігі туралы жазылған. Бұл олардың туыстарының Отанына Ржев жеріндегі аталарының бейіттерінен бір уыс топырақ әкелуіне мүмкіндік береді. Шараға қатысушылар кітапты жарық көруге көмектескен ұйымдарға, соның ішінде Альянс Банкке де өз ризашылықтарын жеткізді. Бұл Альянс Банктің соғыс ардагерлеріне бірінші рет құрмет көрсетуі емес. Осыған дейін де бірнеше мереке алдындағы ауқымды шаралар өткізді. ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне банк қызметтерін жылдың аяғына дейін тегін пайдалануды ұсынды, сондай-ақ Алматы қаласы, Медеу ауданының ардагерлер кеңесіне және “Хан Керей” жастар-патриот қоры Петропавл қаласындағы Жастар паркін қайта жасақтауға қаржы бөлді. Шара ұйымдастырушылары қан майданда мерт болған жауынгерлерді құрметтеп, олардың рухына бас иді. Сонымен қатар бұл күні соғыс құрбандары тек кітаптың бетіндегі тарих емес, оған қатысқан көзі тірі адамдардың айтуымен біздің жадымызда мәңгі жаңғырып тұратын болады. Венера ТҮГЕЛБАЙ.