Украинаның құқық қорғау органдары Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректері заңсыз таратылған ірі сайттың жұмысына тыйым салды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ғаламтор мен автоматтандырылған жүйелерді пайдаланып, жеке деректердің қорғалуына нұқсан келгені хабарланды.
«Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде 200 миллионға жуық адамның, соның ішінде Қазақстан, Молдова, Белоруссия, Украина және ТМД азаматтарының жеке деректері заңсыз таратылған ірі веб-ресурстардың бірінің қызметі тоқтатылды», делінген хабарламада.
Бұғатталған сайтта азаматтардың телефон нөмірлері, аты-жөні, тіркелген жерлері, ал кейбір жағдайларда көлік құралдарын пайдалануға байланысты көрсетілген әкімшілік қызметтер туралы ақпарат болған.
Бұл дерек бойынша Украина Қылмыстық Кодексінің 182-бабы («Жеке өмірге қол сұғушылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.