Атырауда токқа түсіп қаза болған 10 жастағы баланың өліміне қатысты оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқыс оқиға 30 қазанда болған. Полицияға 1953 жылғы азаматша сағат 15:00 шамасында немересінің токқа түскені жөнінде хабар берген.
Кейін 10 жасар баланың ойнап жүріп, тоңазытқыштың артына тығылғаны анықталған. Сол кезде баланы ток соққан. Токқа түсіп, көз жұмған баланың әкесі жедел жәрдем келген кезде баланың тірі болғанын айтып, полицияға шағым берген. Ол жедел жәрдем бригадасының қойған диагнозымен келіспеген.
«Баланың анасынан 30 қазан сағат 14.45-те шақырту түсті. Бригада шақырту түскен мекенжайға уақытында келді. Балаға «жедел жәрдем келгенге дейінгі өлім» диагнозы қойылды. Реанимациялық шаралар алгоритм бойынша көрсетілді. Тергеу жүріп жатқан кезде бригада өз ауысымында жұмыс істейді», деп мәлім етті Атырау облыстық жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметінен.