• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2014

Түсіністік тамыры тереңде

290 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы ресми сапармен Әзербайжанда болды Қазақстан мен Әзербайжан – стратегиялық әріптестер. Қос елді көп ғасырдан бері жалғасып келе жатқан достық, тату көр­ші­лестік пен ынтымақтастық байланыстырады. Осы жақсы дәстүр­лерге негізделген біздің елдеріміз басшыларының санқырлы келі­сімдері екі елді өзара ықпалдастықтың жаңа белесіне көтерді. Ал маңызды мемлекетаралық байланысты дамытуға Қазақстан мен Әзер­байжанның заң шығарушылық органдары да зор үлес қосуда. Әзербайжанда ресми сапармен болған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Әзербайжан Милли Меджилисінің Спикері Октай Асадов алдағы өзара іс-қимылдың маңызды мәселелерін талқылады. Тараптар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев арасындағы ұзақ­мер­зімді құжаттарда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыруды құ­қықтық жағынан қамтамасыз етуге баса назар аударды. Нұрлан Нығ­матулин: – Әзербайжан – Қазақстанның Кавказ өңіріндегі негізгі және се­німді әріптесі. Және біздің прези­дент­теріміздің бастамасымен құ­рылған Түркітілдес мемлекеттер ын­ты­мақтастығы кеңесі түркі халық­тарын біріктіруде маңызды рөл атқарады, – деді. Спикерлердің пікірінше, біздің елдеріміздің инвестиция саласында, оның ішінде мұнай және газ тасымалдау, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация, басқа да экономикалық салаларда ынты­мақ­тастық мүмкіндігі өте зор. Ай­мақтық ынтымақтастықты нығай­туда Баку – Ақтау – Баку бағыты бойынша паромдық қаты­нас, сондай-ақ, Ақтау және Баку ха­лық­аралық теңіз сауда порттары ара­сында тығыз байланыс орнаған. Кездесу қорытындысында Қа­зақстан Парламенті Мәжілісі мен Әзербайжан Милли Меджилисі ара­сында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімге сәйкес, заң шығарушылық жұмы­сында тәжірибе алмасу жолын­да қос тарап, Парламенттің бей­ін­дік комитеттері арасында жүйе­лі іс-қимылды реттеуге, парла­ментаралық ұйымдар аясында үй­лестірілген және келісілген мәсе­лелерді ілгерілету жолында өза­ра ықпалдасуға, сондай-ақ, Түр­кі­тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы аясында түркі бір­лігін нығайтуға ықпал етпек. Өзара үнқатысудың маңызына тоқталған Н.Нығматулин: – Әзербайжанда өткен бар­лық кездесулерде Елбасымыз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды бастамаларына ерекше назар аударылатынына куә болдық. Және ол бастамалардың екі елдің, соның ішінде, заң шығарушы ор­ган­дар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ете­тіні айқын. Сондықтан да біздің пар­ла­менттеріміз арасында арнайы келісімге қол қойылды. Әрине, бұл құжат біздің Елбасының жә­не Әзербайжан Президентінің стра­те­гиялық келісімдерін заң жағынан қолдауға, сонымен бірге, біздің елдеріміздің келешекте табысты да­муына үлес қосатыны сөзсіз, – деді. Мәжіліс Төрағасы Баку мем­ле­кеттік университетінің профес­сор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті. Бұл – биылғы жылы құрылғанына 95 жыл толатын аталған елдегі ең та­нымал оқу орындарының бірі. Бұл жерде жұмыс істегендер және оқы­ғандар қатарында бүгінгі күні Әзер­байжанның қалыптасу тарихында өз қолтаңбасын қалдырып жүрген ға­лымдар, қоғам қайраткерлері өте көп. Жүздесу барысында Қа­зақ­стан­ның 2050 жылға дейінгі да­му болашағы, Елбасының Жол­дауы, сондай-ақ, Қазақстан–Әзер­бай­жан ынтымақтастығының ауқым­ды мәселелері назарға алынды. Н.Нығ­матулин Қазақстан үшін Әзер­байжанмен қарым-қаты­нас­ты достық, тату көршілік және стра­те­гиялық әріптестік деңгейінде дамыту Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Парламент Мәжілісінің заң шығарушылық жұмысы да тілге тиек етіліп, әсіресе, Елбасы Жол­дауын тиімді жүзеге асыруға бағытталған заң жобаларына назар аударылды. Қос ел байланысының әлеуетіне тоқталған Мәжіліс Төрағасы мұ­най-газ, өндірістік сектор, логис­тика, ауыл шаруашылығы салаларында өзара іс-қимылды жетілдіру керектігін алға тартты. «Біздің бау­ырлас елдеріміздің сенімді және үдемелі дамуы екіжақты әріп­тес­тіктің табысты нығаюы мен елдері­міз арасындағы өзара тиімді инте­грацияға тың серпін беретін болады», – деді Н.Нығматулин. Жиналғандар Қазақстан Пре­зи­дентінің Жолдауына аса қызы­ғушылық танытты. Мәселен, Г.Әлиев атындағы «Әзербайжан – Қа­зақ­стан» республикалық достық қоға­мының президенті Эльдар Гю­най: «Қазақстан Президентінің Кас­пий аймағына қатысты мәсе­ле­лердің барлығын қамтығаны өте маңызды. Меніңше, Қазақстан да­мыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына жетеді. Біз сіздердің ел­деріңіздің жетістіктері үшін мақ­танамыз және алдағы уақытта да игілік пен өркендеу тілейміз», – деп ағынан жарылды. Одан әрі Мәжіліс Төрағасы бірнеше жыл бұрын университетте ашылған Абай атындағы қазақ тілі, тарих және мәдениет орталығы тынысымен танысты. Бұл жерде студенттер барлық танымдық құ­ралдарды пайдалана отырып, адам­зат ғұламасы атанған ұлы Абай­дың шығармашылығымен таныса алады. Баку мемлекеттік университеті тарих факультетінің түркі халық­тарының тарихы кафедрасының доценті Санубар Исмайлова: «Екі елдің әріптестігі страте­гия­лық маңызға ие. Біздің президент­тері­міздің салиқалы саясаты­ның арқасында достық және та­ту көр­шілік байланысымыз әрқашан­да жоғары деңгейде дамитын болады», – деген ойын ортаға са­ла келіп, алдағы уақытта да Қазақ­стан мен Әзербайжан қарым-қаты­насының нығая түсетініне сенім білдірді. Сәулебек БІРЖАН.