Пандемия қыспағынан қылы қисаймай шыққан саланың бірі де бірегейі – қаржы саласы, соның ішінде банк секторы. Егер бұдан әрі де жалақы өспесе, халық қарызға бата берсе, банк секторы да соншалықты өркен жая түспек. Енді олардың қатары тағы да толығуы мүмкін. Соңғы бір жыл көлемінде микроқаржы ұйымдарының банкке айналуы жиі сөз бола бастады. Яғни мұндай ұйымдар табысын еселеп, іріленіп келеді деген пайым жасауға болады.
Қазір нарықта микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын 1 064 ұйым, оның ішінде 235 микроқаржы ұйымы, 218 кредит серіктестігі және 611 ломбард бар. Өзге 3,5 мыңнан астам несиелеу субъектілері ерікті түрде немесе сот тәртібімен таратылған. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын барлық ұйымның жиынтық несие портфелі 27,8 пайызға ұлғайып, 1 317,6 млрд теңгені құрады. Соның ішінде микронесие портфелі 635 млрд теңгеге жеткен. Оның 67 пайызы – жеке тұлғаларға, 33 пайызы заңды тұлғаларға ұсынылыпты.
Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова аталған үрдіске байланысты өз байламдарымен бөлісті. Агенттік басшысының айтуынша, 2020 жылдан бастап микроқаржы ұйымдарының да агенттік қанатының астына жиналуы нарықтың тазарып, саралануына жол ашты.
«Микроқаржылық қызметті реттеу және лицензиялау енгізілгенге дейін азаматтар негізінен онлайн кредиттеу компанияларынан және ломбардтардан алынған кредиттер құнының өте жоғары екенін айтып шағым білдіретін. Егер екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшері 56 пайыз көлемінде белгіленсе, көрсетілген ұйымдарда сыйақы мөлшерлемесі жылдық көрсетуде 700-1 мың пайыз көлемінде болған. Халықтың борыш жүктемесінің бақылаусыз өсуіне жол бермеу мақсатында барлық кредиттік ұйымдар үшін ЖТСМ-нің шекті мөлшері 56 пайыз көлемінде белгіленді, ол номиналдық көрсеткіш бойынша немесе артық төлемді есептегенде берілген кредит сомасының жылдық 45 пайызынан аспайтын мөлшерде бағаланады. 2021 жылы банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелер төмендетіліп, сараланды», дейді агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, қай ұйым болсын, микронесие бермес бұрын қарыз алушының борыш жүктемесінің коэффициентін есептеуге міндетті. Бұл барлық қаржы ұйымындағы кредиттер бойынша төлемдер сомасы қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50 пайызынан аспауы тиіс дегенді білдіреді. Агенттік енгізген тағы бір жаңашылдық – микроқаржы ұйымдары үшін 90 күннен астам мерзімі өтіп төленбеген несие бойынша айыппұл мен өсімпұлды есептеуге тыйым салу.
Қаржы ұйымдары қашықтан шот ашу, өзге де қызметтерді пайдалану мәселесін шешуде. Бұл қаржылық қызметтер көлемінің айтарлықтай өсуіне мүмкіндік бермек. Тағы бір тойтарылуы керек түйткіл – онлайн несие рәсімдеу. Өйткені жалған құжаттарды пайдалана отырып, жалған микрокредиттер беру белең алып кетті. Соған орай агенттік биыл сәуірде электронды тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын қатаңдатты. Енді электронды тәсілмен микрокредит беру үшін ЭЦҚ-дан басқа, Ұлттық банктің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығының сервистері арқылы қарыз алушыны биометриялық идентификаттау қолданылуы не нақты уақыт режімінде қарыз алушының дербес деректері мен бейнесін екі факторлы тексеру пайдаланылуы мүмкін. Жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты жалған микрокредиттерді ресімдеуге қатысты шағымдар да күрт азайған.
«Ауыл шаруашылығын қаржыландыруда маңызды рөл атқаратын кредиттік серіктестіктердің микрокредиттер портфелі жыл басынан бері 13,6 пайызға ұлғайып, 547 млрд теңгені құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында агенттік микро және шағын бизнесті кредиттеу үшін микроқаржы ұйымдарының әлеуетін кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады», дейді М.Әбілқасымова.
Оның айтуынша, микроқаржы ұйымдары қазір шағын және орта бизнесті дамыту бойынша маңызды әлеуметтік функцияны орындап, банк міндеттерін атқаруға да дайын екенін аңғарта бастады. Қазір олардың қорландыру базасы жоқ. Енді соны реттеу үшін KASE және орталық депозитарий жүйелерінде тіркеу рәсімдері оңайлатылмақ.
«ШОБ субъектілерін қолдауға бағдарланған ірі МҚҰ-ны банктерге айналдырудың объективті қажеттілігі туындады. Біз бұл мүмкіндікті жақын арада іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл процесс бәсекелестікті дамытуға және тұтынушылар үшін көрсетілетін қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қаржы институттары үшін белгіленген жалпы пруденциялық талаптар мен нормалардың сақталуын болжайды. Микроқаржы өнімдерінің қауіпсіздігі және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі де өзекті. Оны шешу үшін электронды тәсілмен микрокредиттер беру қағидалары пысықталады. Мәселен, қарыз алушылардың сәйкестендіру деректерін ұялы байланыс операторларының деректерімен салыстыру міндетті болады. Бұдан басқа, жалған микрокредиттер анықталған кезде құқық қорғау органдары микрокредит бойынша сыйақы есептеуді және зардап шеккен адамға қатысты талап арыз жұмысын тоқтата тұру жөніндегі шараларды көздейді» дейді агенттік басшысы.