Ыстанбұл қаласында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Түркі академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің 8-ші отырысы аясында өткен кездесуде министр Джейхун Байрамов Түркі академиясының қызметін жоғары бағалап, оның түркі мемлекеттері арасындағы білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы рөлін атап өтті. Түркі академиясына қатысты көпжақты құжаттарға қол қою процесінің аяқталуына ризашылығын білдіре отырып, Министр бұдан кейін де ұйымның белсенді жұмыс істейтініне сенім білдірді. Сонымен қатар Әзербайжан тарапы Академияға осы бағытта жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қарабақтағы Жеңістің бір жылдығымен құттықтап, бұл жеңіс күллі түркі әлемінің ортақ жеңісі екенін айтты. Сондай-ақ ол ұйымның қызметіне жоғары деңгейде қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар туралы хабардар етті.
Кездесу соңында, Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Сыртқы істер министріне Түркі академиясы басып шығарған Х ғасырда Қарахан мемлекеті тұсында көне түрік тіліне аударылған алғашқы Құран кітабын сыйға тартты.
Тараптар басқа да мәселелер бойынша пікір алмасты.