Кеше Бас прокуратурада Жеңістің 65 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Оған Бас Прокурор Қайрат Мәмидің шақыруымен Астанаға осы салтанатты шараларға қатысу үшін келген еліміздің прокуратура органдарының ардагерлері қатысты.
Алдымен Астананы аралап тамашалаған ардагерлер қаланың бүгінгі көркіне айрықша риза болып, оны ел табыстарының жемісі ретінде бағалады. Бас прокуратураның жаңа ғимаратында Жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайы ашылды. Мұражайда Қазақстандағы қадағалау және тергеу органдарының қалыптасу уақытындағы бірегей әрі баға жетпес жәдігерлері сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының, мемлекеттің және оның қадағалау органдарының одан кейінгі даму кезеңдеріндегі ерлік тарихынан материалдар, құжаттар мен наградалар қойылған.
Салтанатты жиналыста сөз сөйлеген Бас Прокурор Қазақстан тарихындағы бұл күннің маңыздылығын және біздің солдаттардың шайқастардағы баға жетпес ерлігін атап көрсетті. – Сіздер секілді ардагердің бірінен туған ұл ретінде айтарым, төгілген қан мен тер арқылы келген, халқымыз үшін тым қымбатқа түскен осы Ұлы Жеңістің мәні мен маңызын терең түсініп, қашанда қастерлей білу, артындағы елі мен жері үшін етігімен су кешіп, Отан үшін отқа түскен қаһармандардың биік тұлғаларын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау – бүгінгі ұрпақтың парызы мен қарызы, – деді Қайрат Әбдіразақұлы.
Бас прокуратураның басшылығы барлық соғыс ардагерлерін және оларға теңестірілгендерді, тыл еңбеккерлерін марапаттап, оларға бағалы сыйлықтар табыс етті. Ал Ұлы Отан соғысының екі қатысушысы – бұрынғы прокуратура қызметкерлері И.Гапич пен С.Дүйсенов Мәскеу қаласына барып, Жеңіс күні болатын салтанатты шеруге қатысатын болды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.