Өткен жұмада Түркияда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өтті. Жиын қорытындысы бойынша кеңесті бұдан былай Түркі мемлекеттері ұйымы деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың екі жыл бұрын айтқан ұсынысының тікелей жүзеге асуының айқын көрінісі. Осылайша, Елбасы негізін қалаған Түркі бірлестігінің ауқымы кеңейіп, алып Еуразия құрлығындағы прогрессивті ұйым болу бағытында батыл қадам жасалды.
«Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар» тақырыбына арналған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті Ыстанбұл қаласының оңтүстік-шығысында, Мәрмәр теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өтті.
Демократия және бостандық аралында өткен алқалы жиынға түгел түркінің басы қосылды десек артық айтқандық емес. Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Сондай-ақ іс-шараға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне бақылаушы елдердің басшылары Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан да келді.
Саммит кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VIII саммитіне қатысушыларға видео сәлем жолдады.
«Президент Режеп Тайып Ердоғанға бүгінгі кездесуге Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы ретінде қатысуға шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Биыл көктемде менің бастамаммен өткен Түркі кеңесінің бейресми онлайн саммитіне қатысқандарыңыз үшін алғысым зор. Сіздердің шешімдеріңіз бойынша Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болды.
Жуырда Түркістанда Түркітілдес мемлекеттер парламенттік ассамблеясының Х мерейтойлық сессиясы сәтті өтті. Болашақта қасиетті Түркістанға сіздердің де жолдарыңыз түседі деп сенемін. Қадірлі саммитке қатысушылар! Елдеріміздің егемендігін ең алғаш бауырлас Түркияның танығаны біздің халықтарымыздың есінде мәңгілік сақталады. Бұл белеске барша түркі елдерінің тарихи жетістіктермен жеткені – біз үшін зор мақтаныш. Сонымен қатар мемлекеттеріміз алдына өршіл ұлттық даму мақсаттарын қойып отыр.
Президент Ильхам Гейдароғлы Әлиевтің басшылығымен қарқынды дамып келе жатқан Әзербайжан өз аумағының тұтастығын қайта орнатуына 1 жыл толғанын атап өтті. Бұл – бәріміз үшін қуаныш. Қарабақта ауқымды қалпына келтіру жұмыстарын бастады», деді Н.Назарбаев.
Елбасы өз сөзінде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров республикада күрделі саяси реформалар жүргізуді қолға алып, елдің 2026 жылға дейінгі ұлттық даму бағдарламасын орындауға кіріскеніне тоқталды.
«Президент Режеп Тайып Ердоған 2023 жылы Түркия Республикасының 100 жылдығы қарсаңында елін жаңа жетістіктерге жетелеп келеді. Президент Шавхат Мирзиёевті «Жаңа Өзбекстан стратегиясы» бағдарламасын ұсынып, жуырда өткен мемлекет басшысы сайлауында айқын жеңіске жетуімен тағы да шын жүректен құттықтаймын.
Түрікменстан ел бейтараптығы мәртебесінің 25 жылдығын атап өтіп, Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің басшылығымен 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастырып отыр. Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға түркі әлеміне көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауы үшін алғысымды білдіремін.
Барша түркі мемлекеттері басшылары халықтарының қарыштап өсу-өркендеу жолында алға қойған мақсаттарға жете беруін тілеймін. Елдеріміздің ұжымдық жұмысының арқасында осы саммитте аса маңызды шешімдер қабылданатыны қуантады. Президент Гурбангулы Бердімұхамедовті, бауырлас Түрікменстан халқын Түркі кеңесіне бақылаушы ел ретінде қосылуымен құттықтаймын. Бұл қадамның маңызы зор және формалды түрде түркі елдерінің бас бірігуін білдіреді», деді Елбасы.
Елбасы екі жыл бұрын Бакуде жасаған екі ұсынысын қолдағаны үшін мемлекеттер басшыларына алғыс айтты. Соған сәйкес, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжаты әзірленді және қабылданады. Бұл концептуалды бағдарлама ұйымның ұзақ мерзімді перспективаға арналған мақсаттарын белгілеп көрсетеді.
«Екіншіден, бүгіннен бастап біздің бірлестік Түркі мемлекеттерінің ұйымы деп аталады. Бұл қадам елдеріміз арасындағы ықпалдастықты ілгерілету ісін жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның мәртебелі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенеміз. Осылайша, Ыстанбұлда қабылданатын шешімдер бауырлас мемлекеттердің көпқырлы ынтымақтастығын жандандыруға елеулі ықпал етуі тиіс.
Бүгін түркі әлемінің даму тарихында жаңа дәуір басталғалы отыр. Бұл ретте менің пікірімше, осы басқосудан бірнеше месседж жолдауға болады. Біріншісі бауырлас халықтарымызға бағытталған. Біз олардың назарын түркі өркениетінің әлемдік тарихта көп ғасырдан соң алғаш рет қайта жаңғырып жатқанына аударып отырмыз. Түркі елдері бірігіп, жаңа күн тәртібі мен идеологиясын қалыптастыруда. Сонымен бірге мемлекеттерімізде ата-бабаларымыздың ортақ тарихын, рухани мұрасын қайта байыптау үдерістері жүріп жатыр. Басқаша айтқанда, ХХІ ғасырда түркі әлемі қайта жанданып, кең ауқымды әрі ежелгі түркі шаңырағына жататын елдердің өзара белсенді жақындасу үрдісі жүреді», деді Тұңғыш Президент.
Н.Назарбаевтың сөзіне сүйенсек, саммиттің екінші месседжі жер бетіндегі ең алып құрлық – Еуразияға бағытталған. Осылайша, Еуразия жұртшылығы қазіргі кезеңде үлкен ортақ құрлықтың ортасында орналасқан елдеріміздің түркі әлемінің парадигмасы шеңберінде үйлесімді жұмыс істеп жатқанынан хабардар болмақ.
«Осы ретте ірі көршілерімізбен, әсіресе, Ресей, Қытай, Үндістан және Еуроодақпен өміршең әрі өзара тұрақты қарым-қатынаста болуына мүдделіміз. Оның үстіне, интеграциямыздың стратегиялық мақсаттарының бірі – түркі әлемі негізгі өзегін құрайтын Үлкен Еуразияның бірігуіне ықпал ету. Бұл Үлкен Еуразияның барлық мемлекеттерінің әрекеттестігіне негізделген құрлықтық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыруға да септігін тигізеді.
Үшінші месседж бүкіл әлемге бағытталған. Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл – жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік.
Түркі әлемі ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Ең алдымен, Шығыс-Батыс бағытындағы қатынастардың кең контексінде мәдениеттер мен өркениеттер арасын байланыстырып келді. Сонымен бірге ол жалпы адамзат мәдениетінің рухани және материалдық қазынасына да өз үлесін қосты. Бүгін біз жаһандық тарихи эволюцияның жаңа кезеңінде сол үрдістің қайталануын көріп отырмыз», деді Елбасы Н.Назарбаев.
Жиын барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Мемлекет басшысы түркі елдерінің 30 жылдық азаттық мерейтойымен құттықтады. Осы кезеңде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктегенімізді еске салды.
«Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қатынасты нығайта түстік. Биылдың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткіздік. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың айқын көрінісі. Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөз бар. Осы жерде жиналған елдердің жоғары деңгейдегі өкілдерінің ниеті түзу. Біз барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз», деді Қазақстан Президенті.
Саммитте сөз сөйлеген Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған түркі елдерін терроризмнің бүкіл түрімен күресуге шақырды. Сондай-ақ «жасыл экономикаға» көшуде ортақ әрекет етудің маңызына тоқталды. Табиғи апаттармен күресу мақсатында күш-жігерді үйлестіру үшін «Түрік мемлекеттерінің азаматтық қорғау механизмін» құруды ұсынды.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы елдеріміз, халықтарымыз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін одан әрі арта түсетініне сенім білдірді.
Халықтарымыз арасындағы бірлік пен бауырластық күн сайын нығайып келеді. Бүгінде біз ұлан-ғайыр географияны қамтып жатырмыз, бұл осы географиядағы үлкен экономикалық, саяси, әскери күш. Елдеріміздің бай табиғи ресурстары, заманауи инфрақұрылымы мен көлік жолдары бар. Біздің ұйым алдында тұрған барлық міндеттерді орындайды деп сенемін», деді И.Әлиев.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз елін түркі әлемінің ажырамас бөлігі екенін айтты. «Қырғызстан алдағы уақытта да түркі әлемімен байланыста, туыстық қарым-қатынас орнатуда белсенді рөл атқарады», деді ол.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Ауғанстанда болып жатқан оқиғаларға назар аударып, елдің лаңкестердің оазисіне айналмауы керектігін айтты. «Ауғанстанның гуманитарлық дағдарысқа ұшырауының, халықаралық аренада оқшаулануының және лаңкестердің орталығына айналуының алдын алу өте маңызды. Ауғанстанмен диалогке ортақ және біртұтас көзқарас болуы керек», деді ол. Ш.Мирзиёев ұйым атын өзгерту туралы шешімді құптап, келесі саммитке қатысатын барлық түркі елдерінің басшыларын Өзбекстанға шақырды.
Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан 2022 жылы Будапештте Түркі ұйымы мен Вишеград ел тобы (V4) арасында ең жоғары деңгейде саммит өткізуге бастамашылық білдірді.
Өз сөзінде Мажарстан Премьер-министрі өз елі 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін V4 ынтымақтастығына жетекшілік ететінін еске салды. В.Орбан сонымен қатар мажар және түркі халықтары ғасырлардан бері келе жатқан тарихи және мәдени мұраны бөлісетінін айтты.
Саммит барысында жаһандық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша ортақ іс-қимылдың маңызына ерекше екпін берді. Сондай-ақ ұйымның болашағына қатысты бірқатар маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдады. Жоғарыда атап өткеніміздей, Түркі кеңесінің атауы «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп өзгертілді.
Жиын кезінде үшінші тараптармен және институттармен ынтымақтастықтың жаңа әдістерін анықтау, Түркі инвестициялық қорын құру туралы айтылды. Сондай-ақ Ұйымның орта және ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасы бекітілді.
Мемлекеттер басшылары аймақтағы бірқатар маңызды саяси және экономикалық оқиғалар туралы пікір алмасты. Осы сын-қатерлерді халықаралық аренада шешуде Ұйымның рөлі өсіп келе жатқанына тоқталып, оның рөлі мен келешегі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар сауда мен инвестицияларды ұлғайту, көлік және логистика, жасыл әрі жаңартылатын энергия, қоршаған ортаны қорғау салаларында жемісті ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігіне екпін берілді.
Саммитте Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұсынысы бойынша Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев елді басқыншылардан азат етіп, аумақтық тұтастығын қалпына келтіргені үшін «Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен» марапатталды.
Саммитте ұйымға төрағалық Әзербайжаннан Түркияға беріліп, мемлекеттер басшылары Ыстанбұл декларациясын қабылдады.