Түркістанда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастыруымен, 15 қараша ұлттық валюта – теңге күніне орай, «Нумизматикалық материалдар бойынша Түркістан тарихы» көрмесі ашылды. Нумизматика сөзі латын тілінен аударғанда «тиын» деген мағына береді. Қазіргі таңда бұл тарих ғылымының тиындарды зерттейтін көмекші саласы.
Түркістан аумағының ақша айналымынан сыр шертіп, өлке тарихын зерделеушілер үшін тың деректерге толы жәдігерлер топтамасын ұсынған көрменің ашылуында қорық-музей директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев музей қорында 26 мыңға жуық жәдігер болса, оның 14137-і нумизматикалық мұраларға тиесілі екенін атап өтті. «Әрбір мұраның өз кезеңіне сай тарихи маңызы зор. Көрменің мақсаты – музей қорында жинақталған нумизматикалық материалдар негізінде түркі жұрты үшін қашан да киелі мекен болған Түркістан қаласының тарихи маңызын айшықтау, Қазақстан егемендігінің маңызды элементтерінің бірі, тәуелсіздігіміздің жаршысы болған – төл теңгеміздің маңызын ұлықтау болып табылады», деді Ерсін Ботабайұлы.
Көрме экспозициясында Түркістаннан табылған ең көне нумизматикалық жәдігер – Кушан патшалығының б.з. ІІ ғасырындағы билеушісі Хувишка І патша тұсында соғылған қола ақшасы, әлемде жалғыз үлгісі ғана белгілі болып отырған Шыңғыс хан атымен Самарқанда соғылған алтын динар, Ясы-Күлтөбе ескерткішіндегі өмірдің тоқталуын нақтылап бере алатын Шағатай ұлысының күміс дирхемдері мен мыс фельстер көмбесі, Алтын Орда мемлекетінің оңтүстік-шығыс шекарасының қай тұстан өткендігін нақтылауға көмек бере алатын тиындар мен тағы да басқа өлке тарихын зерттеуде маңызды рөл атқаратын материалдар ұсынылды. Көрме экспозициясы 5 бөлімге бөлінген. Қазақ жазирасы көне замандардан бері батыс пен шығысты жалғастырар «көпір» болғандығы белгілі. Адамзат арасындағы сауда қарым-қатынасын қалыптастырушы ең алғашқы дәнекердің бірі – Ұлы Жібек жолының шығыс пен батысты байланыстырушы маңызды бағыттарының барлығы да қазақ даласынан өткен. «Көне Ясы –Түркістанның осы жол бойындағы маңызды бекеттердің бірі болғандығын Ясы-Күлтөбе, ортағасырлық Түркістанның тарихи ескерткіштерінде үздіксіз жүргізіліп отырған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық материалдар растайды. Қазіргі таңда Қазақстан археологтерінің көне Түркістанда жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған ертеортағасыр мен ХХ ғасырға дейінгі уақыт аралығына тән нумизматикалық табыстар және кездейсоқ табылған тиындар өлкедегі сауда-саттықты, діни-рухани, саяси ахуалды зерттеуге мүмкіндік бере алатын едәуір көлемдегі материалдар ұсына алады», дейді қор сақтау бөлімінің басшысы Нұржамал Әшірбаева.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ашылуына тарихшылар мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар, музей қызметкерлері қатысқан көрме ай бойы ел назарына ұсынылады.
ТҮРКІСТАН