• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Қараша, 2021

Тұлпар мініп, ту алған

639 рет
көрсетілді

Қостанайда Qazaq Epos ағарту жобасы аясында ел көлемінде өтіп жатқан «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының облыстық кезеңі аяқталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақса­тында ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – батырлар жырын насихаттау арқы­лы оқушыларды халық поэзиясына деген сүйіс­пеншілікке, патриотизмге тәрбиелеу.

Биыл байқаудың аудандық кезеңінде 20 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтты. Байқауға қатысқан оқушылар 6-11-сыныптарда оқиды. Қазылар алқасы әр үміткердің мәнерлеп оқу шеберлігіне мән беріп, жырда кездесетін көнерген сөздердің мағынасын сұрап отырды. Жырды жатқа айтып шыққаннан кейін оқу­шылар қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап берді.

– «Едіге батыр» жыры түркі тілдес халықтардың біразында бар. Сондықтан тілі ауыр, көнерген сөздер жиі кездеседі. Мы­салы, жырда, «...сол қыз буаз болды», «...ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ» деген сияқты бүгінгі тілдік нормаға жат сөз тіркестері жиі кездеседі. Осының бәрі балаларға, әсіресе, 6-7-сынып оқушыларына қиындық келтіріп жатыр. Жалпы, балалар жақсы дайындалып келген, – деді қазы­лар алқасының мүшесі, Қостанай облыстық қазақ драма театрының басшысы Әлімхан Мырзахан.

Байқаудың бас жүлдесін Рудный қаласындағы №7 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Нұрсила Әдебова жеңіп алып, 600 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздың ұстазы Қымбат Бірманова облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменованың қолынан 500 мың теңге ақшалай сыйлық алды. Қарабалық ауданынан келген М.Сералин атындағы мектептің оқушысы Алтынай Өмірзақова бірінші орынға лайық деп танылып, жарты млн теңгені қанжығалады. Алтынайдың мұғалімі Алмабике Ескендіроваға 450 мың теңге тиді. Ал үшінші орын алған Айсары мектебінің шәкірті Шапа­ғат Құрманғазықызы 300 мың теңгеге ие болды.

Облыстық кезеңнің жеңімпазы Нұрсила Әдебова енді республикалық байқауда бақ сынайтын болады.