Ақмола облысының Жақсы ауылында бір үйден үш ересек адамның денесі табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биылғы қарашаның 14-де сағат 10:30 шамасында Жақсы аудандық ПБ кезекші бөліміне Жақсы ауылы Тәуелсіздік көшесі, 30 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдегі пәтерден 56 жастағы ер адамның, 50 жастағы бір ер адам мен бір әйелдің денесі табылғаны туралы хабар түскен.
Көз жұмған 50 жастағы ер адам «Жақсы су арнасы» коммуналдық кәсіпорнында электрик болып жұмыс істесе, 56 жастағы ер адам мен 50 жастағы әйел - жұмыссыздар. Полицияға хабарлап айтқан адам 50 жастағы электрик телефонды көтермеген соң үйіне барған, сол кезде пәтер ішінен үш адамның денесін көрген.
Алдын ала анықталған мәліметтер бойынша, үш адам да иіс тиіп көз жұмған, денелерінде күш қолдану белгілері жоқ. Сонымен бірге, пәтер ішінен медициналық этиль спиртінің қалдығы бар шөлмектер табылды.
Оқиғаны Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Қазіргі кезде сот-медициналық сараптама тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.