Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мемлекеттік комиссия бекітіліп, республикалық жоспар әзірленгені белгілі. Жоспарда белгіленген 60 шараның 23-і облыс әкімдіктеріне жүктеліп отыр.
Осыған орай, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы кеңес өткізіп, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселесін талқылады.
Қостанай облысына келесі жылы Ахаңның мерейтойына арналған 8 іс-шара ұйымдастыру туралы міндет жүктелген. Биылдың өзінде Қарасу ауылы Ахмет Байтұрсынұлы ауылы болып өзгертілді, сондай-ақ Жангелдин ауданының көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша 1 млрд теңгеден астам қаржыға бірнеше жоба іске асырылды. Атап айтқанда, аудан орталығы Торғай ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы көшесі абаттандырылды, Шұбалаң, Қарасу, Көкалат ауылдарының арасындағы жол жөндеуден өтті, сондай-ақ бірнеше көшеге жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар жергілікті халықтың өтініші бойынша Ақкөл мен А.Байтұрсынұлы ауылдарын және басқа да инженерлік нысанды жалғайтын Ұлы Жыланшық өзені арқылы көпір салынды.
– Аталған іс-шаралардан басқа, қала мен аудан әкімдіктеріне республикалық және облыстық жоспарларда көзделген барлық ғылыми-ағартушылық, мәдени-бұқаралық және басқа да имидждік іс-шараның орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Мерейтойлық күнді ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде атап өту жоспарлануда. Осыған байланысты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференциялар, Ахмет Байтұрсынұлының туған жеріне ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастыру жоспарланған. Жангелдин ауданының мәдениет басқармасы және әкімдігімен бірлесіп маусымдық-тарихи және арт-алаң ашу мәселесі қарастырылуда, сондай-ақ А.Байтұрсынұлына арналған Визит-орталықтың мазмұны мен форматы бойынша пысықтау жүргізілуде, – деді облыс әкімі.
Мұның сыртында, 2022-2023 оқу жылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Алтын белгі» иегерлеріне облыс үшін маңызды педагогикалық және инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гранттар берілетін болады. Сондай-ақ Қостанай, Арқалық қалалары мен Әулиекөл, Жангелдин аудандарында орналасқан А.Байтұрсынұлы ескерткіштеріне ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
Қостанай облысы