• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қараша, 2021

Инвестиция – елді өркендету тетігі

393 рет
көрсетілді

Қазіргідей қаржы нарығы тұрақсыз кезеңде инвестор табу оңай емес. Оларға елімізде ыңғайлы жағдай да жасалуы керек. Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, инвестиция тарту бойынша кешенді жоспар құрылған. Осы жылдың алғашқы жартысында өңірде негізгі капиталға 217 млрд теңге инвестиция құйылған.

– Басқарма екі міндет бойынша жұмыс істеп жатыр: біріншіден, қол­да бар инвестициялық жобаларды со­ңы­н­а дейін жеткізіп, іске асыру қа­жет. Екінші міндет – жаңа инвесторларды тарту. Бірінші міндетті орындау үшін инвестициялық штаб 2021-2025 жыл­дарға арналған жобалар пулын қа­лып­тас­тырды. Пулға жалпы сомасы 1,9 трлн теңгені құрайтын 174 жоба енгізілді. Екінші міндетті іске асыру үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, салалық жобаларды анықтау бойынша жұмыс басталды, – дейді басқарма бас­­шысының міндетін атқа­ру­шы С.Үркімбаев.

Сондай-ақ Екібастұздағы ин­дус­­триялық аймақ және «Пав­лодар» арнайы эко­но­ми­ка­лық аймағындағы жоба­лар бар. Жыл басынан бері құны 112 млрд теңгені құрайтын 9 жаңа жоба жүзе­ге асырылған.

Яғни жаңа инвесторларды тартуға да оңтайлы жағдай керек. Өңірге келген әр инвестор өздеріне тапсырылған жобаны жүзеге асыру үшін жер­гілікті жердегі дайындық жұ­мыс­тарымен танысуы қажет. Оларға жер мәселесіне қатысты, рұқсаттар мен шешімдер алу рә­сімдері кезінде ешқандай қиын­дық­тар туындамағаны жөн.

Мысалы, алдағы бес жыл аралығында Екібастұз қа­ла­сы­ның экономикасына 850 млрд теңге көлемінде инвестиция тар­тылмақ. Қала әкімі Ардақ Қаң­тар­баев­тың мәлімдеуінше, жыл басынан бері 88,5 млрд теңге инвестиция құйылған. «Богатырь Көмір» кенішінің авто­конвейерлік технологияға көшуі мен «Проммашкомплект» ЖШС-ның бекі­ту құралдары өн­ді­рісін қолға алуы инвестиция кө­лемінің артуына оң әсе­рін ти­гізген.

Алдағы уақытта Eki­bas­tuz­Fer­ro­Al­loys ЖШС жылына 240 мың тонна ферроқорытпа алу бағы­ты­на 55 млрд тең­ге көлемінде инвести­ция құймақ. Бұл за­уытта 800 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ал Rail Cast Systems ЖШС 70 млрд теңгеден астам жеке қаражатына жы­лына 100 мың бұйым шығаратын өн­ді­ріс орнын салуды жоспарлап отыр. Дайын өнімнің 81 пайызы экс­порт­қа жөнелтіледі. Қалған 29 пайызы им­порт­тық өнімдерді толығымен алмас­ты­руға же­теді. Екі жоба іске қосылған кезде көптеген жұмыс орындары ашыла­ры сөзсіз.

Жалпы, Екібастұз қаласын кешенді дамыту жоспарына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында қала экономикасына 850 млрд теңге көлемінде қаражат тарту жоспарланып отыр.

Өңірдің инвестициялық әлеуетіне келсек, облыс – кө­лік-логистикалық тұрғыдан тиімді өңір. Ресейдің бірқатар өңірлерімен шекаралас орналасуы да әлемдік нарыққа жол ашуда. Облыс аумағында түрлі өнімдердің өндірісіне қажет шикізат қоры да мол.

Логистика демекші, мысалы, Май ауда­нында қажетті ло­гистикалық ре­сурс бар: жұмыс істеп тұрған Ақсу-Де­гелең темір жолы, Көктөбе стан­са­сын­дағы темір жол тұйығы, рес­пуб­ли­калық маңызы бар Ленин-Ақсу-Көк­тө­бе-Курчатов автомобиль жолы, электр беру желілеріне қосылу мүм­кін­дік­тері, тағы бас­қа.

Осы ауданға кірпіш зауытын салатын инвесторлар қажет. Ма­лай­сары ауылдық аумағында «Ке­мертұз» деген кен орны бар. Оның сапалық сипаттама­ла­ры бойынша саз кірпіш, басқа да құрылыс материалдарын өн­ді­ру­де қолданылады. Ең бас­ты­сы, инвестиция тарту қажет. Бірақ инвесторларды белгілі бір жобаға шақыру оңай емес. Аудан әкімдігі қан­дай логистиканы, қандай шарттарды, қандай мемлекеттік қолдауды көрсете ала­тындарын дайындауы қажет.

Сонымен бірге облыстағы пайдаланылмай жатқан жер­лер­ді игеру үшін де инвесторлар іздестірілуде. Жыл басынан бері 665 мың гектар ауыл шаруашылығы ал­қабы анық­тал­ған. Қазір Ертіс ауда­нында кепілдікте тұрған 15 мың гек­тар жер қолданысқа берілді. Жаңа пайдаланушылар келді. Ақтоғай ауданында 3,5 мың гектар жер пайдалануға беріліп, алдағы уа­қыт­­та тағы 23 мың гек­тар жер иге­­ріледі.

Шикізат базасын дайындап қана қоймай, қайта өңдеуді бас­тау – облыстың агроөнеркәсіп кешені үшін негізгі міндет. Жалпы, аймақ өзін барлық қажетті азық-түлік себетімен қамтамасыз етеді, алайда бә­се­келестіктің жоғары деңгейі, им­порт­тың жоғары үлесі жаңа сатыға шығу қажеттілігі туралы ойлануға мәж­бүр етеді, деп атап өткен-ді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

2020 жылы «Павлодар» әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпорациясы бас­қа­р­масының сол кездегі төрағасы Мейрам Өтешовтің айтуынша, қант за­уы­­тының жо­басы бойынша техни­ка­лық-эко­но­ми­калық негіздеме дайында­лып, 15 тамызда құжат мемлекеттік сарап­та­ма­ға берілген.

Кәсіпорын жыл соңына дейін құры­лыс салуға рұқсат алып, тәулігіне 8 мың тон­на қызылша өңдейді.

– Біз жеті компаниямен ке­ліссөздер жүргіздік. Оның төр­теуі – түрік, екеуі – Қытай және біреуі Біріккен Араб Әмір­­­ліктерінен. Соңында екі тү­рік ком­паниясына тоқтадық. Бір­лесіп қаржыландыруда олар еліміздің мем­хол­дингтерінің өкілдерін сұрайды, «Са­мұ­рық-Қазына-Инвест», тікелей инвестициялар қоры және «Қазақстанның даму банкімен» келіссөздер жүргіземіз. «Са­мұрық» 15% пайызға жуық, түрік компаниясы – 31 пайызға тең қар­жы­лан­дыруды растады және бұдан әрі қор­дың растауын күтеміз. Биыл қант зауыты бо­йынша жобалауды аяқтап, жыл соңына қарай құрылыс-монтаж жұ­­мыстарына рұқсат алуды жос­­парлап отыр­мыз, – деген еді Мейрам Өтешов.

Ал елімізде отандық және шетелдік инвесторларға кә­сіп­орындарын табысты етуге барлық қажетті мүмкіндіктер жасалуда. Ұлттық компаниялар тарапынан өндіріс орындарына қаржылай қолдау көрсетіледі. Инвесторлардың отандық та­­уарларды экспортқа шығаруда қос­қан үлестері көбеюде. Бұл мәселе облыс орталығында өткен Павлодар, Қара­ған­ды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары кәсіпкерлеріне арналған семинарда ай­тылды.

Жиында Kazakh Іnvest ұлт­тық компаниясы «Бір терезе» тобының басшысы Әйгерім Қойлақованың мәліметінше, ин­вестициялық жобаларды қолдау кезінде ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, ауыл шаруашылығы техникалары мен ветеринарлық препараттарды дайындау ба­ғы­тындағы бастамаларға бас­ты назар аударылады. Былтыр өңірде қант және крахмал зауыт­та­рын салу үшін Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркиядан инвесторлар табылды деген жаңалық айтылды. Өкінішке қарай, инвесторлар кел­генше, келе ме, жоқ па деген сауал қал­ды­рып, қыруар жоспар-жоба жасаған аудандардың әкімдері, корпорацияның басшылары өзге­ріп, ауысып кетеді.

QazIndustry Қазақстанның ин­дустрия және экспорт ор­та­­­лығы» АҚ директоры Арыстан­бек Сағиев 2015 жылдан ­бері Павлодар облысының 16 кәсіп­керіне 411 млн теңге көлемінде кө­мек көрсетілгенін атап өтті. Биыл павлодарлық екі бизнес компания 40 млн теңге қолдау алған.

– Елімізде инвесторлар жер­гілікті немесе сырттан келген деп бөлінбейді. Қолдау бәріне бірдей. Біздің компания ақпарат беруден бастап, заңгерлік көмек, инвестициялық келісімшарт жасау, жобаларды жүзеге асы­ру­ға дейін қолдау көрсетеді, – деді Kazakh Іnvest Ұлттық ком­паниясының өңірлік блок же­текшісі Марат Есенов.

 

Павлодар облысы