Қазіргідей қаржы нарығы тұрақсыз кезеңде инвестор табу оңай емес. Оларға елімізде ыңғайлы жағдай да жасалуы керек. Павлодар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, инвестиция тарту бойынша кешенді жоспар құрылған. Осы жылдың алғашқы жартысында өңірде негізгі капиталға 217 млрд теңге инвестиция құйылған.
– Басқарма екі міндет бойынша жұмыс істеп жатыр: біріншіден, қолда бар инвестициялық жобаларды соңына дейін жеткізіп, іске асыру қажет. Екінші міндет – жаңа инвесторларды тарту. Бірінші міндетті орындау үшін инвестициялық штаб 2021-2025 жылдарға арналған жобалар пулын қалыптастырды. Пулға жалпы сомасы 1,9 трлн теңгені құрайтын 174 жоба енгізілді. Екінші міндетті іске асыру үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, салалық жобаларды анықтау бойынша жұмыс басталды, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы С.Үркімбаев.
Сондай-ақ Екібастұздағы индустриялық аймақ және «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы жобалар бар. Жыл басынан бері құны 112 млрд теңгені құрайтын 9 жаңа жоба жүзеге асырылған.
Яғни жаңа инвесторларды тартуға да оңтайлы жағдай керек. Өңірге келген әр инвестор өздеріне тапсырылған жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті жердегі дайындық жұмыстарымен танысуы қажет. Оларға жер мәселесіне қатысты, рұқсаттар мен шешімдер алу рәсімдері кезінде ешқандай қиындықтар туындамағаны жөн.
Мысалы, алдағы бес жыл аралығында Екібастұз қаласының экономикасына 850 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Қала әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері 88,5 млрд теңге инвестиция құйылған. «Богатырь Көмір» кенішінің автоконвейерлік технологияға көшуі мен «Проммашкомплект» ЖШС-ның бекіту құралдары өндірісін қолға алуы инвестиция көлемінің артуына оң әсерін тигізген.
Алдағы уақытта EkibastuzFerroAlloys ЖШС жылына 240 мың тонна ферроқорытпа алу бағытына 55 млрд теңге көлемінде инвестиция құймақ. Бұл зауытта 800 жаңа жұмыс орны ашылады.
Ал Rail Cast Systems ЖШС 70 млрд теңгеден астам жеке қаражатына жылына 100 мың бұйым шығаратын өндіріс орнын салуды жоспарлап отыр. Дайын өнімнің 81 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Қалған 29 пайызы импорттық өнімдерді толығымен алмастыруға жетеді. Екі жоба іске қосылған кезде көптеген жұмыс орындары ашылары сөзсіз.
Жалпы, Екібастұз қаласын кешенді дамыту жоспарына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында қала экономикасына 850 млрд теңге көлемінде қаражат тарту жоспарланып отыр.
Өңірдің инвестициялық әлеуетіне келсек, облыс – көлік-логистикалық тұрғыдан тиімді өңір. Ресейдің бірқатар өңірлерімен шекаралас орналасуы да әлемдік нарыққа жол ашуда. Облыс аумағында түрлі өнімдердің өндірісіне қажет шикізат қоры да мол.
Логистика демекші, мысалы, Май ауданында қажетті логистикалық ресурс бар: жұмыс істеп тұрған Ақсу-Дегелең темір жолы, Көктөбе стансасындағы темір жол тұйығы, республикалық маңызы бар Ленин-Ақсу-Көктөбе-Курчатов автомобиль жолы, электр беру желілеріне қосылу мүмкіндіктері, тағы басқа.
Осы ауданға кірпіш зауытын салатын инвесторлар қажет. Малайсары ауылдық аумағында «Кемертұз» деген кен орны бар. Оның сапалық сипаттамалары бойынша саз кірпіш, басқа да құрылыс материалдарын өндіруде қолданылады. Ең бастысы, инвестиция тарту қажет. Бірақ инвесторларды белгілі бір жобаға шақыру оңай емес. Аудан әкімдігі қандай логистиканы, қандай шарттарды, қандай мемлекеттік қолдауды көрсете алатындарын дайындауы қажет.
Сонымен бірге облыстағы пайдаланылмай жатқан жерлерді игеру үшін де инвесторлар іздестірілуде. Жыл басынан бері 665 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы анықталған. Қазір Ертіс ауданында кепілдікте тұрған 15 мың гектар жер қолданысқа берілді. Жаңа пайдаланушылар келді. Ақтоғай ауданында 3,5 мың гектар жер пайдалануға беріліп, алдағы уақытта тағы 23 мың гектар жер игеріледі.
Шикізат базасын дайындап қана қоймай, қайта өңдеуді бастау – облыстың агроөнеркәсіп кешені үшін негізгі міндет. Жалпы, аймақ өзін барлық қажетті азық-түлік себетімен қамтамасыз етеді, алайда бәсекелестіктің жоғары деңгейі, импорттың жоғары үлесі жаңа сатыға шығу қажеттілігі туралы ойлануға мәжбүр етеді, деп атап өткен-ді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
2020 жылы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының сол кездегі төрағасы Мейрам Өтешовтің айтуынша, қант зауытының жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, 15 тамызда құжат мемлекеттік сараптамаға берілген.
Кәсіпорын жыл соңына дейін құрылыс салуға рұқсат алып, тәулігіне 8 мың тонна қызылша өңдейді.
– Біз жеті компаниямен келіссөздер жүргіздік. Оның төртеуі – түрік, екеуі – Қытай және біреуі Біріккен Араб Әмірліктерінен. Соңында екі түрік компаниясына тоқтадық. Бірлесіп қаржыландыруда олар еліміздің мемхолдингтерінің өкілдерін сұрайды, «Самұрық-Қазына-Инвест», тікелей инвестициялар қоры және «Қазақстанның даму банкімен» келіссөздер жүргіземіз. «Самұрық» 15% пайызға жуық, түрік компаниясы – 31 пайызға тең қаржыландыруды растады және бұдан әрі қордың растауын күтеміз. Биыл қант зауыты бойынша жобалауды аяқтап, жыл соңына қарай құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алуды жоспарлап отырмыз, – деген еді Мейрам Өтешов.
Ал елімізде отандық және шетелдік инвесторларға кәсіпорындарын табысты етуге барлық қажетті мүмкіндіктер жасалуда. Ұлттық компаниялар тарапынан өндіріс орындарына қаржылай қолдау көрсетіледі. Инвесторлардың отандық тауарларды экспортқа шығаруда қосқан үлестері көбеюде. Бұл мәселе облыс орталығында өткен Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары кәсіпкерлеріне арналған семинарда айтылды.
Жиында Kazakh Іnvest ұлттық компаниясы «Бір терезе» тобының басшысы Әйгерім Қойлақованың мәліметінше, инвестициялық жобаларды қолдау кезінде ірі қара мал өсіру, ет өңдеу, ауыл шаруашылығы техникалары мен ветеринарлық препараттарды дайындау бағытындағы бастамаларға басты назар аударылады. Былтыр өңірде қант және крахмал зауыттарын салу үшін Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркиядан инвесторлар табылды деген жаңалық айтылды. Өкінішке қарай, инвесторлар келгенше, келе ме, жоқ па деген сауал қалдырып, қыруар жоспар-жоба жасаған аудандардың әкімдері, корпорацияның басшылары өзгеріп, ауысып кетеді.
QazIndustry Қазақстанның индустрия және экспорт орталығы» АҚ директоры Арыстанбек Сағиев 2015 жылдан бері Павлодар облысының 16 кәсіпкеріне 411 млн теңге көлемінде көмек көрсетілгенін атап өтті. Биыл павлодарлық екі бизнес компания 40 млн теңге қолдау алған.
– Елімізде инвесторлар жергілікті немесе сырттан келген деп бөлінбейді. Қолдау бәріне бірдей. Біздің компания ақпарат беруден бастап, заңгерлік көмек, инвестициялық келісімшарт жасау, жобаларды жүзеге асыруға дейін қолдау көрсетеді, – деді Kazakh Іnvest Ұлттық компаниясының өңірлік блок жетекшісі Марат Есенов.
Павлодар облысы