Апта басында «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесінің Жамбыл облыстық филиалы 15 қараша күні түнде және таңертең аймақтың таулы аудандарында, сондай-ақ 17 қараша күні облыстың оңтүстік-батысында және таулы аудандарында қалың қар жауатынын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ осы күндері облыстың солтүстік-шығысы мен оңтүстік-батысында, таулы аймақтарында тұман, көктайғақ, бұрқасын күтілетінін де мәлімдеген.
Осы орайда, болуы мүмкін төтенше жағдайға байланысты дайындықты күшейту мақсатында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаев Тараз қаласының және барлық ауданның әкімдеріне, сонымен қатар тиісті мекеме басшыларына қызметтік хат жолдаған. Алайда қалың қар жаумаса да, қатты дауыл тұрып, табиғаттың тосын мінезі бір-ақ күнде Әулиеата халқын әбігерге түсірді.
Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні, яғни 17 қарашада Жамбыл облысында секундына 38 метрге дейін дауыл тұрып, төтенше жағдай орын алды. Тараз қаласын да шаңды дауыл басып, шаһар тұрғындары жарық және жылусыз қалды. Түске дейін дауылдың салдарынан «Солнечный» кенті, Арай, Бурыл, Қарасай, Барысхан алаптары мен Сабалақов, Бейбітшілік, Чернышев, Асқаров көшесінің аяғы, сонымен қатар Шалғай Қарасу, Шөлдала және 28 саяжай алаптары, Қолбасшы Қойгелді, Қазыбек би, Д.Қонаев, Байзақ батыр, Ә.Комратов көшелеріндегі тұрғын үйлер мен 1, 2, 4 және 11-шағын аудандар, Химпоселок шағын ауданы, қан орталығы, қалалық аурухана маңы, №5 емхана, Е.Ниетқалиев көшесінің аяқ жағындағы үйлер электр энергиясынан ажыратылды. Тараз қалалық электр желілері кәсіпорнының 22 бригадасы апат салдарын жою жұмысына жұмылдырылды. Одан бөлек, қатты желден елді мекендердегі үйлердің де қоршауы құлап, ағаштар сынды. Дауыл салдарынан құлаған ағаштар көшедегі газ құбырларына зақым келтірді. Апатты жағдай одан әрі ушығып кетпес үшін газ тарату саласының қызметкерлері зақымданған құбырларға газ беруді уақытша тоқтатты. Сондай-ақ қатты желдің салдарынан газ құбырларына ағаш, үй қоршаулары мен шатырлары құлаған. 17 қараша күнгі сағат 12:00-ге дейін Тараз қаласында газ құбырын құлатқан 25 оқиға, Жамбыл ауданында 16 оқиға, Жуалы мен Байзақ аудандарында газ құбырына ағаш құлау салдарынан газдан ажыратудың оқиғасы тіркелген. Алайда желден бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын табиғаттың қолайсыздығына байланысты дер кезінде жүргізу мүмкін болмаған.
Жалпы, табиғаттың тосын мінезінен келген шығын аз болмапты. Дауыл салдарынан облыс орталығындағы бірқатар нысан зардап шеккен. Атап айтсақ, қала бойынша 18 көпқабатты тұрғын үйдің және 16 мектеп пен 4 бөбекжай-бақшаның шатырлары зақымдалып, 4 балабақшаның қоршауына нұқсан келді. Тараз көшелерінде 18 электр бағанасы құлап, 1,5 шақырым электр желілері үзілген. Жылу беруші кәсіпорындардағы 5 кіші қазандықта электр желілері зақымдалып, жылу беру уақытша тоқтатылды. «Қала көшелерінде 45-тен аса үлкенді-кішілі талдар мен 12 аялдама құлап, 32 бағдаршам істен шықты. Қала бойынша 34 билборд, 9 пилонның баннерлері мен 64 жалауша жыртылды. Пилондардың 2 дана конструкциясы мен 4 билбордтың конструкциялары кұлады. Сонымен қатар Тастақ, Кірпіш зауыты, Қызыл-Абад, Көлтоған алаптары, Желтоқсан-Қонаев көшелерінің қиылысы мен Әйтеке би көшесі №11 үйдің маңындағы 6 спорт алаңқайының қоршаулары мен төсенділері зақымдалған. Барлық мектептегі оқушылар күндізгі 10:00-де үйлеріне қайтарылып, оқу онлайн жүйеге ауыстырылды. Қазіргі таңда құлаған ағаштарды кесу және аумағын тазалау жұмыстарына «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 6 бригада тартылып, жұмыстар жүргізілуде. Электр жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарына «ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Тараз қалалық электр жүйесі тарапынан 21 бригада жұмылдырылып, қайта қосу жұмыстары жүргізілуде», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.
Қатты желдің салдарынан адамдар да зардап шегуде. Мәлімет бойынша облыста барлығы 49 адам медициналық көмекке жүгінген. «Тараз қалалық көпбейінді ауруханасынан 41 адам дәрігерлік көмек алып, 4 тұрғын стационарға жатқызылды. Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 4 бала түсіп, оның үшеуі стационарға жатқызылды. Бір бала амбулаторлы түрде ем қабылдауда. Байзақ аудандық орталық ауруханасына 4 адам түскен. Мұнда 1 адам стационарға жатқызылса, 3 адам амбулаторлы ем қабылдауда. Медициналық көмекке жүгінгендердің басым көпшілігі терезе, қақпа және тағы да басқа заттардың құлауынан жарақат алған», дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Толқын Өмірбаева.
Қазіргі кезде өңірдегі барлық коммуналдық кәсіпорын мен мекеме күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Зақымданған нысандар мен инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Жамбыл облысы