• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қараша, 2021

Келісімшартты соңына дейін оқисыз ба?

725 рет
көрсетілді

Осы сұрақты айналамдағы біраз адам­­­ға қойдым. Таңғалдырғаны – көзі ашық, көкі­регі ояу, жоғары білімі бар аза­мат­­тар­дың өзі келісімшартқа онда не жа­­зыл­ға­нын оқымай-ақ қол қоя бере­тін­­дік­те­рін мойындап отыр. Ара­сын­да тіпті осы салғырттықтары үшін сорлап қал­ған­да­ры да бар. Ал «Неге оқы­май­сыз?» деген сауалымызға біразы еріне­тін­дік­терін айтып ақталды. Енді бірі «оқы­ғанмен, бәрібір түсінбейміз» деп жалтарса, үшіншілері «бір көз жүгіртіп, шолып шы­ғамыз» деп, нем­құ­рай­дылықтарын жуып-шайғандай жауап берді. Түйгеніміз – адам­дар әлі күнге дейін келі­сімшарттың ма­ңыздылығын түсіне қой­маған.

Қазіргі уақытта келісімшарт жасасудың, атап айтқанда еңбек, сату-сатып алу, жалға алу, қызмет көрсету, несие төлеу шарт­та­рының мәні өте зор. Осы шарттардың маңыз­ды­­лығын жете түсінбеген талай жұрт әлі күнге ақшасынан қағылып, жүйкесі жұқарып, уа­қытын өлтіріп жүр. Шындап келгенде қо­ғам­дағы көп мәселе халықтың шарттың не екенін, оның не үшін жасалатынын, кімге қажет екенін білмеуден, білсе де тереңіне үңі­ліп, түсінуге тырыспайтындықтарының сал­­дарынан туын­дайды. Рас, жұрттың бар­лы­­ғы құқықтық жа­ғы­нан сауатты емес. Несие алған, не үйін сатқан елдің бәрі заң саласында білімді деп айту қиын. Шарттың құндылығы мен қажеттігін тү­сін­беу­дің бір салдары да осыдан туындайды.

Көбіне-көп қаржы мамандары тұтыну­шы­лардың несие алар кезде несие келісім­шар­тын соңына дейін оқымастан қол қоя салатындықтарын жиі айтады. Ең бастысы, банк мақұлдаса, ақшаны алсам болды деп жеңіл ойлайтын жұрттың біразы тіпті шарт­тың міндет-талаптарына көз жүгіртіп те қа­рамайды. Банк менеджері ұсынған қағаздарды оқымастан, қолын сүйкей салған көріністерге өзіміз де талай куә болғанбыз. Кез келген келісімшарттың басты мақсаты – ондағы міндеттемелерді орындауды талап ету екенін көп адам ескере бермейді. Неге? Шыны керек, көпшіліктің шартты басынан аяғына дейін оқып отыруға шыдамы жетпейді. Ал ерінбей мұқият оқып шыққандардың өзі мә­тін­де не айтылғанын жете түсіне бермейді. Себебі іс қағаздарының, соның ішінде ке­лісім­шарттардың тілі өте ауыр, тым ресми. Шарт­т­ағы қаптаған терминді қарапайым ха­лық түсінуі үшін де сабырлылық керек. Келісімшартты негізінен заңгерлер да­йындайды. Ал бұл құжатқа қол қоятын халық­тың дені – қа­рапайым тұтынушылар. Қарап тұрсаңыз, екеуі – екі әлем.

Заңгер Айнұр Махметова келісімшартта сақтандыру деген ұғымның бар екенін кез келген адамның біле бермейтінін айтады. «Мәселен, сату-сатып алу келісімшартына қол қояр кезде сақтандыру компаниялары бірден барлық құжатты сақтандыруды ұсынады. Бұл кез келген жағдайда тиімді әрі қауіпсіз. Егер сатып алу кезінде бір нәрсе дұрыс бол­ма­са, ақшаңызды толығымен қайтарып алуы­ңызға мүмкіндігіңіз зор. Сол себепті де келі­сім­шарт­ты жасасқан кезде мін­детті түрде заңгер, адвокаттардың көме­гі­не жүгініп, сақ­тандыру мәселесіне басты назар аудару керек. Бір сөзбен айтқанда, келісімшартты сақтан­ды­ры­ңыз!», дейді білікті заңгер. Оның айтуынша, көп­шілік шарттағы осындай қарапайым қағи­даны елемей, соңында сан соғып қалады.

Ағылшын жазушысы Бэрд Жаклиннің «Іс­керлік әлемнің ең басты ережесі – келісім­шарт­та ұсақ жазумен жазылмағанды қоса алғанда барлығын оқып шығу» деген сөзі бар. Алайда тәртіп пен тәрбиені өте жоғары бағалайтын ағылшындардың өздері шарттар талаптарды әлсіздерге орындату үшін жасалады деген пікірлерін де ашық айтады. Десек те шартқа қол қою – қағаздағы жай формализм емес, заңдық салдары бар міндеттеме бо­лып табылатынын естен шығармаған жөн. Кез келген құжат қол қойылған сәттен бастап кү­шіне енеді. Сол себепті де келісімшартты үзіп-жарып, не «үстінен жай шолып шықтым» деген салғырттық пен еріншектік ешкімнен еш­қандай жауапкершілікті алып тастай алмай­ды. Қол қоятын барлық құжатқа мұқият болу, толығымен оқу, түсінбеген тұсын сұрау, нақ­тылау, заңгерден кеңес алуға көп болса бірер минут артық уақыт кетер. Бірақ заңдық нем­құрайдылық пен сауатсыздықтың салдары болашақта туындайтын мәселенің алдын алуға сеп болары сөзсіз.

Құқық тәжірибесінде осындай салғырт­тық­­тың салдарынан айға, тіпті жылға со­зыл­ған сот дауы, өкінішке қарай аз емес. Шарт­та­ғы бір қарағанда түкке тұрғысыз болып көрінетін міндеттеме шындап келгенде үлкен жауапкершілік артуы мүмкін. Ал келісімшарт жасасу кезінде жиі жасалатын шамалы қате мен асығыстық айналып келгенде басыңызға бәле болып жабысуы да ғажап емес. Сондықтан шарт жасау мен құжатқа қол қоюға өте мұқият болған жөн.

Ал сіз ше, келісімшартты аяғына дейін оқисыз ба?