Елордадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын қорытындылаған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, шығармашыл және зиялы қауым өкілдері, жоба жеңімпаздары, мемлекеттік тілді оқыту әдіскерлері, жастар ұйымдарының белсенділері мен мүшелері, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты. «Мың бала» жобасының мақсаты – түрлі этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушыларын, жастарын мемлекеттік тілді оқыту процесінде қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтарына, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына баулу арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға үлес қосу.
Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин кіріспе сөзінде елдегі татулық пен бірлікті нығайту сияқты асқаралы міндет жүктелген Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз қызметінің басымдықтарының бірі ретінде мемлекеттік тілді дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Жиын барысында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының екі номинациясы бойынша өңірлерде ұйымдастырылған «Өнер алды – қызыл тіл» және «Өнерлі өрге жүзер» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.
Бүгінгі таңда елімізде 5 644 ұйым балаларды қазақ тілінде оқытып жүрсе, 3 798 қазақ мектебі жұмыс істейді. Достық үйлерінде, республиканың этномәдени бірлестіктерінде 174 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, оларда мемлекеттік тілде оқытатын 124 топ бар. Қазақстанның барлық этносы мемлекеттік тілдің осы жаңа әлеуметтік рөлін қолдайды, оның өміршеңдігіне және біріктіруші әлеуетіне сенеді.
Биылғы «Мың бала» жобасы аясында «Тіл мектебі» авторлық курсы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тіл үйретудің инновациялық бірегей әдістемелерімен өңірлерден келген 15 әдіскер таныстырылып, маңызды іс-шараға түрлі этностардың жастары – 37 тіл үйренуші қатысты.
Жас жеңімпаздарды және үздік әдіскерлерді ынталандыру мақсатында оларға Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаттары мен дипломдары және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдан бастап жыл сайын өткізілетін «Мың бала» жобасы түрлі этностардың балалары мен жастарының мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттырып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, балалар мен жастар арасында мемлекеттік тілді үйренуді насихаттайтын волонтерлер санын ұлғайтуға ықпал етеді.