Бобслей бойынша халықаралық жаттығу апталығы және бобслей бойынша Әлем кубогына қатысу үшін Бейжіңге келген шетелдік спортшыдан коронавирус анықталды. Бұл туралы Бейжіңдегі Олимпиада комитетінің насихат бөлімінің басшысы Чжао Вэйдун мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Спортшының аты-жөні мен ұлты жарияланбады. Шетелдік атлет симптомсыз инфекция анықталған адаммен қатынаста болған. Қазіргі кезде спортшы оқшауланған, оның жағдайын дәрігерлер бақылап отыр.
Бұл Қысқы Олимпиада ойындарының қарсаңында Бейжіңге дайындыққа келген шетелдік атлеттердің арасында анықталған бірінші жағдай емес. Қарашаның басында екі спортшыдан коронавирус анықталған болатын. Жаңа маусымдағы Әлем кубогының бастапқы кезеңі Яньциндегі олимпиада нысанында 2021 жылғы қарашаның аяғында өтпек.
XXIV Қысқы Олимпиада ойындары Бейжіңде 2022 жылы 4-20 ақпан аралығында өтеді.