Кеше ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Грузия Сыртқы істер министрі Григол Вашадземен кездесті.
Кездесуден соң журналистерге арнап берілген брифингте тараптар екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасында әріптестікке қол қойылғанын, Қазақстан мен Грузияның қарым-қатынастарының қарқынды даму үстінде екенін айтты.
Қанат Саудабаев Грузияның еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығына нақты қолдау жасап, бүгінгі таңда Алматыда өтетін сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесі мен жыл аяғында болатын ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне дайындық жұмыстарына белсенді түрде қатысуына ризашылығын жеткізді. “Бұл өз кезегінде Ұйымның дамуына ғана емес, осы Ұйымға мүше елдердің аумағында қауіпсіздік пен өзара ынтымақтастықтың нығаюына өз септігін тигізеді”, – деп атап өтті Қ.Саудабаев.
Ал Григол Вашадзе Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы биылғы төрағалығы аясында ғана Ресей мен Грузия бетпе-бет бірқатар мәселелерді талқылауға кіріскеніне тоқтала келіп: “Бүгін біз мәдени, саяси-экономикалық байланыстарды дамыту мен халықаралық ұйымдар аясындағы қарым-қатынастарымызды нығайту мәселесін талқыладық. Сондай-ақ екі елдің билік партиялары арасында да осындай байланыстар орнаса болар еді”, – деді. Мұнан соң Грузия Сыртқы істер министрі Қазақстанның Астана қаласында ЕҚЫҰ саммитін өткізуге байланысты бастамасын толығымен қолдайтындығын жеткізді.
– Бұл – менің Астанаға алғашқы сапарым, маған Астана келбеті ерекше әсер берді, жалпы, Грузияның Қазақстаннан үйренері мол, біз қарым-қатынастардың нығая түсуіне мүдделіміз, – деді сөзінің соңында Григол Вашадзе.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.