Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Анаға тағзым» республикалық аналар форумы өтті. Аталған жиынға әр салада жетістікке жеткен қыз-келіншектермен қатар, көпбалалы аналар да қатысты.
Республикалық форумның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ әкім жуырда ғана Тараз қаласында бой көтерген «Анаға тағзым» орталығының жұмысы әрбір әйелдің отбасындағы рөлін күшейтуге, салт-дәстүрімізді дәріптеуге және болашақ аналарды тәрбиелеуге бағытталатынын жеткізді. «Бүгінгі «Анаға тағзым» форумы сұлулық пен ізгіліктің бейнесі саналып, сондай-ақ тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болар қазақтың анасы деген атқа лайық, XXI ғасыр әйелінің қалыптасуына өз үлесін тигізеді деп ойлаймын. Қазақта «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген қанатты сөз бар. Расында, ана баласына берген тәрбиесі арқылы болашақтың қалыптасуына да ықпал етеді. Сіздер еліміздің дамуы мен өркендеуіне, қоғамдық-саяси және рухани әлеуетін іске асыруға белсенді атсалысып келесіздер. Қазіргі кезде біздің облысымызда 36 мың 629-дан аса көпбалалы ана бар болса, оның 19 мың 212-сі «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған «Іскер әйелдер» кеңесіне 25-тен астам кәсіпкер әйелдер мүше. Облыстың депутаттық корпусының 33 пайызын әйел-азаматшалар құрайды. Қазақтың осындай мықты арулары барда елдің ертеңіне деген сеніміміз арта түсетіні сөзсіз» деді Б.Сапарбаев.
Өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, еліміздің Премьер-Министрінің кеңесшісі Нәзипа Шанаи іс-шараның маңыздылығына тоқталып, ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі екендігін айтты. «Әйелдің басты миссиясы – дүниеге ұрпақ әкелу. Ұяда бала не көрсе, үлкен өмірге қанат қағып ұшқанда соны істейді. Бала тәрбиесінде ананың рөлін айтып жеткізу мүмкін емес», деді ол.
Сондай-ақ қоғам қайраткері Асылы Осман ұрпақ тәрбиесі тақырыбында сөз қозғап, осы орайда өтіп жатқан форумның ерекше мәні бар екенін жеткізді. «Дәл осы қоғамда қазақтың бойына біткен асыл қасиеттері бізден алшақтап бара жатыр. Сол алшақтықтың орнын толтыруға аналар үлкен үлес қосады. Тәлім-тәрбие ананың ақ сүтімен, бесік жырымен баланың бойына дариды. Ұлы тұлғалар да ақ жаулықты аналардың тәлімін алады. Менің пайымымша, бүгінгі қоғамда ең алдымен, тәрбиеге басымдық беру қажет. Ол – ұлттық тәрбие болуға тиіс. Яғни білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болғаны жөн», деді А.Осман.
Ал қоғам қайраткері, «Үш байлық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оразкүл Асанғазықызы да өз сөзінде қоғамдағы тәрбие, тіл мәселелеріне тоқталды. «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген аталы сөз бар. Өне бойы даналыққа толы, ақылы дариядай ата-әжелеріміз әрбір шаңырақта, әрбір өңірде бар. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтаған отбасылар да жетерлік. Біз сондай отбасыларды, қарияларымызды қоғамға, жастарға насихаттауымыз керек», деді О.Асанғазықызы.
Жиынға қатысқан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева, Түркия мемлекетінің Бурса аймағындағы ауыл әйелдері қауымдастығының төрайымы Сермин Чакалыоглу, танымал этнодизайнер, «Алтын орда» дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай, қоғам белсендісі, көпбалалы ана Алтын Каникар сөз алып, қоғамдағы әйел-ананың рөлінің маңызды екенін, қазақ халқы әрқашан анасын сыйлап, қызына құрмет көрсететінін айтып, өздерінің ұсыныстарын білдірді. Бұл ретте облыс әкімі Б.Сапарбаев айтылған барлық ұсыныс назарға алынатынын айтып, «Анаға тағзым» жобасы құрылысын өз есебінен жүзеге асырған кәсіпкер-меценат, «Арайстроймаркет-2003» компаниялар тобының басшысы Арман Еділбаев пен теннис және гимнастика орталығын салып берген кәсіпкер, «ТаразСтрой2004» ЖШС басшысы Мейірбек Жүнісовті марапаттады. Жиын соңында «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-ғали форумның қорытынды үндеуін оқыды. Одан әрі форум жұмысы төрт секция бойынша жалғасты. Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институтында Ақұштап Бақтыгереевамен «Сіңліге сыр» атты студенттердің кездесу кеші өтті.
Жамбыл облысы