Бұқар жырау ауданында құсбегілердің облыстық чемпионаты осымен бесінші рет ұйымдастырылды. Бұл сайыста Қарағанды мен Теміртау қалаларынан, сонымен бірге облыстың бес ауданынан 15 құсбегі бақ сынады.
«Сарыарқа-2021» сайысының өтуіне жауапты маманның бірі Бұқар жырау аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков ауданда ұлттық спорт түрлерінен жарыс жиі ұйымдастырылып тұратынын атап өтті.
– Жарыстар күзде де, қыста да өтеді. Бұл спорт түрінің жанкүйерлері негізінен ауылдық жерлерден келеді. Дегенмен қазір қалалықтар да қызығушылық таныта бастады. Мысалы, осы жолы Қарағанды мен Теміртаудың өкілдері де сынға түсті. Көшбасшылар қатарында Қарқаралы және Жаңаарқа аудандарының спортшылары болды, – дейді О.Цыганков.
Бұл жолғы жарыста қыран құстар қоянға түсіп, түлкінің тұлыбын іліп, сондай-ақ арнайы жаттығуларды орындады.
Аса тартысты өткен чемпионат қорытындысында Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылының тұрғыны Темірғали Төлегенұлы бүркітпен аң аулау сынында жеңімпаз атанды. Қарағандылық Аслан Егінбай екінші жүлдеге ие болса, үшінші орынды Бұқар жырау ауданындағы Тоғызқұдық ауылы атынан сынға түскен Метай Есенкелді місе тұтты.
Ал қаршығалар сынға түскен сайыста қарағандылық Заңғар Досанның құсы топ жарды. Жаңаарқалық Карифулла Амангелді мен Шәкәрім Әбдірахман, сәйкесінше екінші және үшінші жүлделерді иемденді.
Ақтоғай ауданының намысын қорғаған Таңат Оспанқұловтың құсы сұңқарлар сынында үздік шықты. Шет ауданынан қатысқан Асан Әбдіразақовқа екінші жүлде бұйырды. Ал қола медаль қарағандылық Күнтуған Әділханның еншісіне тиді.
Жоғары деңгейде өткен бесінші чемпионатта топ жарған құсбегілер алдымыздағы ақпан айында өтетін республикалық чемпионаттың жолдамасына ие болды.
Қарағанды облысы,
Бұқар жырау ауданы