Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмысшы жастарына биыл үш мыңға жуық пәтер беріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға берген жауабында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Үкіметтің 2019 жылғы 20 қаңтардағы №27 қаулысымен бекітілген Жастар жылын өткізудің жол картасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жас мамандар үшін үш мыңға жуық жалдамалы пәтер салу көзделген. Екі жыл ішінде осы қалаларда жұмыс істейтін жастарға 4 354 пәтер берілді. Биыл тағы үш мыңға жуық пәтер беріледі. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұйрығымен жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға тұрғын үй беру қағидалары бекітілді. Оларға сәйкес, жас азаматтар тұрақты жұмыс орны болуы және меншігінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс», делінген вице-премьердің жауабында.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бес жылға беріледі.
Жобаның негізгі мақсаты - жастар тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнаны жинау үшін жағдай жасау.
«Жалға берілетін тұрғын үй алған азамат бес жыл ішінде ипотека бойынша тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарна сомасын жинауы тиіс. Бұл үшін кірістер кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш (116 680 теңге) болуы тиіс деп көзделген. Бұл шек 25 АЕК-ке (72 925 теңге) дейін төмендеген кезде сатып алушы бастапқы жарна үшін қажетті соманы жинай алмайтын тәуекел туындауы мүмкін», деп хабарлады Е.Тоғжанов.