Қарағандылық 41 майдангер және тыл ардагері кеше қаланың әдемі бір тұсында өздеріне арналып салынған көп қабатты үйге қоныс аударды. Олардың әрқайсысына облыс басшысы Серік Ахметов екі және үш бөлмелі пәтерлердің кілтін тапсырды.
Алды тоқсаннан асқан, соңы жетпісті алқымдаған қарттарды жаңа мекен-жайлар жарқыраған жиһаздарымен, тұрмыстық заттармен, байланыс құралдарымен қарсы алды. Бұларды демеушілер тарту етті.
Мұнда Сұлтан Аманбаев, Сәтбек Еламанов, Николай Проценко, Григорий Нейман, Қасен Түспековтер бастаған ардагерлер бұдан былай қарай бірге тұрады. “Жас ұлғайған шақта жайлы пәтерде тұру көптен бергі ойым еді. Өзі қолайлы жерге орналасқан екен. Дүкендер де, емхана да жап-жақын. Осының бәрін ойластырып, жағдайымызды қарайластырған азаматтарға алғысым шексіз”, деген Зейнепар Біләлов ақсақалдың жүрекжарды сөзін онымен қоса қуаныш бөлісушілер мұның өзі Елбасының қамқорлығы арқасында екенін атап, ризалықтарын білдірді.
Облыстың басқа қалалары мен аудандарында да бірнеше соғыс және тыл ардагерлерінің отбасылары осындай жаңа пәтерлерге ие болды.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы.