Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті, онда депутаттар 2021 жылғы 25 қарашаға жоспарланған Сенат отырысында қарауға ұсынылған мәселелерді бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz Парламенттің жоғарғы палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенаттың кезекті отырысында депутаттар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Заң жобасы бизнес пен азаматтарды қолдауды, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша салықты әкімшілендіру шараларын жақсартуды көздейді.
Сонымен қатар алдағы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары да қаралатын болды. Қазақстан бұл келісімдер аясында Қырғызстан мен Тәжікстанға әскери мүлік беру арқылы әскери-техникалық көмек көрсетеді. Ал көмек алушы тараптар өздеріне алған әскери мүлікті немесе оны қолдану құқығын үшінші тарапқа бермеу туралы міндеттеме алады.
Сенат отырысының күн тәртібіне әскери ынтымақтастыққа қатысты тағы бір заң жобасы шығарылады. Нақты айтқанда, депутаттар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да қарайды.