• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2010

ЖЕТІСУЛЫҚ 12 МАЙДАНГЕР

503 рет
көрсетілді

МӘСКЕУ МЕН АСТАНАДАҒЫ ЖЕҢІС ШЕРУІНЕ ҚАТЫСУҒА АТТАНДЫ Жеңіс мерекесі жақындаған сайын арамызда жүрген арда­гер-жауынгерлерге деген құрмет тіпті арта түскендей. Олардың ел қорғаудағы ерлігі мен бейбіт замандағы ерен еңбегі бүгінде көпке үлгі. Жеңіс мерекесі қар­са­ңында ұйымдастырылған ізгі шаралардың бірі жуырда “Ала­тау” шипажайындағы дастарқан басында жалғасты. Алдыңғы  күні Мәскеу мен Астанада өте­тін салтанатты шеруге Жетісу өл­кесінен арнайы қатысатын бір топ соғыс ардагерлері бас қос­қан жиында облыс әкімі Се­рік Үм­бетов ақсақалдарды мереке­лері­мен шын жүректен құттықтады. – Ел басына күн туған зұлмат шақты бастан өткізіп, ұрпаққа бүгінгі бақытты өмірді сыйладыңыздар. Уақыт алыс­та­ған сайын қаһарман аға ұрпақ­тың айбыны да арта түсуде. Оқ пен оттың алапатынан аман орал­ған, “Жеңіс” деген ұлы сөз­ді сыйлаған сіздердің ерлік­те­ріңіз әрқашан құрметке лайық. Келер ұрпақ үшін өшпес өне­ге. Сондықтан да өңірдегі арда­герлер атынан Мәскеу мен Аста­на­дағы Жеңіс шеруіне қатысу құр­метіне ие болып отырсыздар. “Есі­мі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты”, демекші, осы аталы сөз­ге лайық барша ардагер жауын­герлерге денсаулық тілеймін. Ұр­пақтарыңыздың бақытын көріңіз­дер, – деген облыс әкімі оларға Қа­зақстан Республикасы Пре­зи­денті­нің Жарлығымен тағайын­да­лып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жыл­дығына арналған мерекелік медальдарды тапсырып, зор ілти­пат танытты. Алматы облысынан Мәскеудегі Жеңіс шеруіне майданға 1942 жылы шақырылып, Москва қала­сын қорғауға қатысқан,  І-ші дәре­желі Отан соғысы, “Халықтар Достығы” ордендерімен, бірнеше ме­дальдармен марапатталған ішкі істер саласының генерал-майоры, талдықорғандық Әбдіқадыр Бол­самбеков пен Қарасай ауда­нынан келген І-ші Украина май­данында ұрысқа қатысып, ерлігімен танылған, ІІ-ші дәре­же­лі Отан соғысы, “Қызыл Жұл­дыз” ордендерімен мара­пат­талған Шамай Қайназаров баратын болды. Бұдан басқа 10 соғыс ар­да­гері  Отанымыздың бас қаласы Астанада өтетін Жеңіс шеруі сапында болу құрметіне ие бол­ды. Олардың арасында  отты жылдарда ерлермен бірдей ер­лік көрсеткен қараталдық Нина Қабдрахманова, жамбылдық Шолпанқұл Таранов, балқаш­тық Сейдахмет Әбдірәсілов, еңбекшіқазақтық Жолдын Иман­құлов, шонжылық Әбді­жәлел Шарипов, талғарлық Өкен Нұрғожаев  бар. Кездесуде Мәскеуге бара­тын  ардагер жауынгер Шамай Қайназаров сөйлеп, бүгінгі таңда өздеріне көрсетілген құр­мет­ке алғысын айтты. Осындай жылы лебізді Райым­бек ауданынан келген 91 жастағы Шоғанбай Мұсаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Егеубек Далбағаев, алакөлдік Смадияр Санияров та білдірді. Мерекелік көңіл-күйдегі қарт жауынгерлер Сүйінбай атын­дағы облыстық филар­мо­ния өнерпаздарының концертін тамашалап, кешкісін Астанаға аттанды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы  облысы.