Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты өткен жылғы Жолдауында азаптаумен күрес жөніндегі ұлттық заңнаманы жетілдіру мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Бұл мәселе әлі күнге дейін өзектілігі мен маңыздылығын жойған жоқ. Өйткені елімізде азаптау, ар-намысты аяққа таптау кең сипат алмаса да әлі күнге өзектілігін жоймай келе жатқан мәселе. Қазіргі таңда адам құқықтарын қамтамасыз ету және азаптаулардың алдын алу құқық қорғау органдарының басым бағыттары болып табылады. Ал негізінде құқықтық мемлекетте азаптау деректері мүлде болмауы тиіс.
Заңнама жаңартылып, тергеу әдістемесі түзілді
Стратегиялық құжатта Президент: «Азаптағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін заңнаманы Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттерге қарсы конвенцияның ережелеріне сәйкестендіру керек» деп шегелеп, азаматтардың қауіпсіздігі заң үстемдігінің орнығуынан басталатынын да ескерткен еді. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кезекті отырысында да азаптау қылмысы қызу талқыға түсті. Кеңесте еліміздің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен адвокаттар бұл мәселеге ерекше тоқталып, азаптауларға және қатыгез қарым-қатынастың басқа да түрлеріне қарсы іс-қимыл саласында атқарылып жатқан іс-шараларға баса назар аударған еді.
Жиында адам құқықтарын қамтамасыз ету және прокуратура органдарының рөлі туралы баяндама жасаған Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов Қазақстанның 1998 жылы БҰҰ Азаптауларға қарсы конвенциясына қосылған және 2008 жылы оның Факультативтік хаттамасын ратификациялаған кезден бастап белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізгенін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, ең біріншіден, барлық нормативтік-құқықтық база қайта қаралып, азаптау Қылмыстық кодексте жеке бап болып айқындалды.
Ал 2014 жылдан бастап Кодекстегі 146-баптың санкциясы қатаңдатылды. Азаптауға барғандарға рақымшылық жасалмайды. Қылмыстың мерзімі ескіріп кетсе де, кінәлі өкінсе де, екі жақ өзара татуласса да жазықты жанды жауапкершіліктен босатуға заң жүзінде тыйым салынады. Бұл дегеніңіз – азаптауды жасаған адамдар экстремистермен, террористермен, педофильдермен және ұйымдасқан қылмысты топ мүшелерімен бір қатарға қойылады деген сөз. Сондай-ақ 2017 жылы азаптау құрбандарын қорғау жөніндегі ұлттық тетіктер мен тәртіптер түзілген Ыстанбұл хаттамасының негізінде азаптауды тергеу әдістемесі жасалды. Бүгінде «Миранда ережесі» кеңінен қолданылады, алқабилер соты институты жұмыс істейді, тергеу судьясының фигурасы пайда болды, санкцияларды прокурордан сотқа бердік. Мұның барлығы әлемдік тәжірибеден алынған жаңа әдіс-тәсілдер. Еліміздің құқық қорғау органдары жүйесіне кезең-кезеңімен енгізіліп жатқан бұл тәжірибелердің басты көздегені – азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуын азайту.
Азаптаудың ең жиі анықталатын орны – түзеу мекемелері. Сол себепті де қазіргі таңда бас бостандығынан айыру орындарына ерекше назар аударылып отыр. Бүгінде еліміздің бірнеше аймағында, атап айтар болса, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан секілді колониялары көп облыстарда арнайы прокуратуралар құрылған. Оның үстіне мекеме әкімшілігі қамаудағылардың құқығына әсер ететін кез келген шешімді қабылдар кезде, мәселен, жаза қолдану, мекеменің түрін өзгерту, қауіпсіз орынға ауыстыру – осының барлығы туралы заңнамалық түрде прокурорға хабарлау міндеттелді.
Қазақстанда қабылданған соңғы заңнамаларда кез келген тұлғаға қатысты азаптау мен қатал жазаларды қолдануға, олардың ар-намысын қорлауға тыйым салынған. Аталған принциптер Қылмыстық атқару және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерін жетілдіре түсті. Сондықтан халықаралық құқықтық нормалар мен гуманизацияға бағытталған іс-шаралары одан әрі жалғастырудың маңызы өте зор.
«Азаптауды дәлелдеу өте қиын»
Б.Асыловтың айтуынша, бүгінде еліміздегі колонияларда электронды өтініш терминалдары орнатылған. Яғни қамауда отырғандар арыз-шағымдарын мекеме әкімшілігінің бақылауынсыз, бірден құзырлы органдарға жолдай алады. Дәл осы тәсілмен жыл басынан бері 2,5 мыңнан астам шағым түскен болса, оның 1800-і прокурорға, 350-і қылмыстық қудалау органдарына, ал 380 өтініш шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен жазаны ауыстыруға қатысты жолданған. Бас прокурордың бірінші орынбасары «бұл өзгерістердің барлығы түзеу мекемелеріндегі жағдайға әсер етпей қоймайды», дейді. Ал сандар бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін аңғартады. Себебі соңғы екі жылда елімізде азаптау бабымен қылмыстық атқару жүйесінің 18 қызметкері істі болған. Бұл сан алдыңғы үш жылмен салыстырғанда екі есеге көп.
«Азаптауға қатысты келіп түсіп жатқан сигналдар өте көп. Сол себепті де бұл мәселе өзектілігін жоймай отыр. Мәселен, 2018-2020 жылдары 2077 сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелсе, оның 1536-сы ішкі істер органдары, ал қалған 477 дерек қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің үстінен қозғалған. Бұл фактілердің тек кейбіреуін ғана растау мүмкін болды. Ал қалғандары оқиғаның не қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды», деген Бас прокуратура өкілі азаптауды дәлелдеудің күрделілігі әрқашан жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтінін де ашық айтты.
«Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, өтініш берушілер көбіне-көп болған жайт туралы тиісті органдарға біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін хабарлайды. Яғни уақытты өлтіріп алады. Ал мұндай кезде дәлелдемелерді «ізін суытпай» бекіту мүмкін емес. Екіншіден, мәлімдемелердің едәуір бөлігі психологиялық азаптауға қатысты. Ал шыны керек мұны дәлелдеу өте қиын. Үшіншіден, қылмыстық қудалау органдары мен түзеу мекемелерінің қызметтік ғимараттары бейнебақылау құрылғыларымен толық жабдықталмаған. Кей кабинеттерде камера мүлде жоқ. Бейнежазба жасалған күннің өзінде 10-15 күннен кейін ондағы бүкіл мәлімет автоматты түрде өшіріледі. Себебі, құрылғылардың жад көлемі өте төмен», деген Б.Асылов сөз арасында дәлелдемелерді уақтылы жинамайтын, істі қалай болса солай жүргізетін кей тергеушілердің біліксіздігін де сынға алды.
Ал «Азаптау – бұл қызмет барысында бірнеше рет бетпе-бет келген өзекті тақырыбым» деген адвокат Әсел Тоқаева осы санаттағы істерді тергеу кезінде назар аударуға тиіс бірқатар ведомстволық мүддені атап өтті. Ол сондай-ақ азаптаудың алдын алу үшін барлық түзеу мекемелеріне жаппай бейнебақылау камераларын орнатуға қатысты қаупін де білдірді. Адвокаттың айтуынша, мұндай «міндетті бақылау» адвокаттың жұмысына кедергі келтіруі әбден мүмкін. «Себебі біз клиенттерімізбен кездескенде сырт көздің бақылап тұруы кейбір құқықтарымызды шектейді әрі жұмысымызға едәуір кедергі болары анық. Сол себепті жаппай камера орнату мәселесіне мұқият болған жөн. Мен бұл мәселені бұған дейін де бірнеше мәрте көтергенмін, барлық диалог алаңдарында да айтылып жүр», дейді ол.
Цифрлы құрылғылардың көмегі қандай?
Түзеу мекемелерінде орнатылған электронды терминалдар бұл мәселені шешуге қаншалықты ықпал етті? Қазіргі таңда қанша түзеу мекемесі толық бейнебақылау камерасымен жабдықталған? Жалпы колонияларды жаппай бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету азаптауды ауыздықтай ала ма? Азаптауды дәлелдеу қаншалықты қиын? Прокуратура өкілі келтірген азаптауға қатысты сотты болған 18 ҚАЖ қызметкері туралы дерек жалпы еліміздегі колониялардағы жағдайға қаншалықты әсер етеді?
Біз осы сұрақтарымызды ІІМ-нің Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне жолдаған едік. Сауалдарымызға жан-жақты жауап берген комитеттің Идеологиялық және имидждік жұмыс бөлімінің аға инспекторы Роман Теленьков сөзін «ҚАЖ қызметкерлері тарапынан сотталғандарды азаптау мәселесі ҚАЖК және ІІМ басшылығының ерекше бақылауында тұр» деп бастады. «Жеке құрам тарапынан заңсыз іс-әрекеттер фактілері анықталған жағдайда, комитеттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері прокуратура органдарымен бірлесіп қызметтік тергеу жүргізеді. Қызметкерлердің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны расталған жағдайда, оларға қатысты жұмыстан шығаруға дейінгі қатаң шаралар қолданылады», деген әділет капитаны «Неліктен сотқа жолданған істердің біразы кері қайтарылып жатады?» деген сұрағымызға: «Кейде сотталғандар мекеме әкімшілігінің, қоғамның немесе бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аудару үшін әдейі заңсыз іс-әрекеттерге барып жатады. Егер бұл жағдай расталса, сондай-ақ қылмыс құрамы анықталмаса сотқа жолданған істер кері қайтарылады», деп жауап берді.
ҚАЖ комитетінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 80 мекеме, оның ішінде 64 түзеу мекемесі, 16 тергеу изоляторы бар. Бейнебақылау камералары мекеме ішінде де, күзет периметрінде де орнатылған. Алдағы уақытта ҚАЖ мекемелерін бейнебақылау жүйелерімен толық қамтамсыз ету жоспарланып отыр. Комитет өкілінің айтуынша, бұл сотталғандардың құқыққа қарсы әрекеттерінің, оның ішінде қашу әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нақты уақыт режімінде бақылауды қамтамасыз ететін камера ҚАЖ қызметкерлердің де, сотталғандардың да заңсыз әрекеттерінің алдын алуға, болдырмауға немесе олардың туындау себептерін анықтауға мүмкіндік береді.
«Республика бойынша мекемелерде барлығы 14 417 бейне бақылау камерасы іске қосылған. Оның ішінде, 5 522 камера цифрлы құрылғы болғандықтан оларды жаңа бейнебақылау жүйелерімен пайдалануға болады. Ал 9 мыңға жуық камера аналогты. Олардың техникалық сипаттамалары ескірген және заманауи цифрлы бейнебақылау жүйелерімен интеграциялануға келмейді», деген Р.Теленьков ҚАЖ мекемелерінде «соқыр аймақтарды» болдырмау үшін әлі 39 мыңнан астам цифрлы бейнекамера қажет екенін де алға тартты. Қазіргі таңда түзеу мекемелерінде цифрлы бейнебақылау камерасына қажеттілік әлі 86 пайызды құрайды.
Қазіргі таңда ҚАЖ сотталғандарға шағым беру үшін электронды терминалдардың цифрлы сервисін енгізуге ерекше мән беріп отыр. Бұл бағытта пенитенциарлық жүйені жаңғырту жұмыстары да белсенді жүргізіліп келеді. Р.Теленьков жазасын өтеп жүрген азаматтардың еш кедергісіз заңгерлік, медициналық және психологиялық көмек алуға құқылы екенін де алға тартты. Сондай-ақ оларға еңбек қауіпсіздігіне, әлеуметтік, зейнетақымен қамтамасыз етуге және жазаны өтеу жағдайларының нормаларын сақтауға кепілдік берілген. «Қылмыстық атқару жүйесінің басты міндеті – сотталғандардың ұстау сапасын бақылау, оларды қайта әлеуметтендіру және оларға жазаны өтеудің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету», деген комитет өкілі электронды терминалдарға қатысты сұрағымызға егжей-тегжей жауап берді.
«Электронды терминалдар сотталғандарға тікелей прокуратураға, ал кейіннен сотқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және өзіндік қауіпсіздік бөлімшелеріне жіберуге мүмкіндік береді. Бұл процедура шағымдарды қабылдау және оларды жедел өңдеу процесін едәуір жеделдетті. Прокуратура органдары мен Қылмыстық-атқару жүйесінің ақпараттық жүйелерін біріктіру биыл 1 ақпанда аяқталды. Сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыруға шағымдар, өтініштер мен өтініш хаттар беру сервисі іске қосылды», деген комитет қызметкері ҚАЖ дамытудың Жол картасына сәйкес 2019-2023 жылдарға 121 терминал сатып алынғанын да хабарлады. Бұл терминалдардың барлығы сотталғандар үшін қолжетімді орындарда қойылған, сондай-ақ терминалдарға үздіксіз бейнебақылау жүргізіледі. «Қазіргі уақытта ҚАЖ мекемелерімен сотталғандардың биометриялық деректерін тіркеу және осы терминалдарды пайдалану ережелерін түсіндіру бойынша жұмыстар жалғасуда», дейді Р.Теленьков.
ТҮЙІН. Азаптау – әлем елдерін алаңдатқан мәселенің бірі. Сарапшылар Қылмыстық кодекстегі 146-бапты әдетте «арсыздардың ісі» деп те атайды. Өйткені расымен де бұл қарапайым қылмыс емес. Көбіне шен таққан «заң қызметкерлері», лауазымды адамдар баратын бұл заңсыздықты әшкерелеудің қиындықтары да жетіп артылады. Түрмедегілердің жабық аймақта көрген қорлығын дәлелдеу де қиын. Кейде тіпті мүмкін емес. Шындап келгенде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздерін күдікті ретінде көру де өте ауыр.