«Талибан» телевизиялық жобаларда, әсіресе телесериалдарда ауғанстандық әйелдердің бой көрсетуіне тыйым салды.
«Талибан» үкіметі сонымен қатар журналистер мен тілшілерге қатысты да жаңа ережені қамтиды. Бұдан былай жаңалық жаршылары сюжеттерінде басына орамал тағуы керек. Дегенмен нақты қандай орамал тағуы тиіс екенін хабарламады.
1990-жылдарда билікке келгенде «Талибан» қыздардың оқуына, мектепке баруына тыйым салған-ды. Тамызда билік басына қайта келген үкіметке халықаралық ұйымдар мен бірқатар ел қыздардың сауат ашуына тосқауыл қойылмасын деген талап қойды. Кеше «Талибан» үкіметі телевизияға қатысты жаңа заңмен таныстырды.
Жоғарыда аталғандардан бөлек бұдан былай шариғат заңдарына қайшы бейнематериалдар көпшілік назарына ұсынылмайды. Әйелдерден бөлек жалаңаш еркектер бейнеленген материалдарға да тыйым салынды.
Көңіл көтеретін шоулар мен ойын-сауық бағдарламалары да телеарна кестелерінен алынды. Шетел мәдениетін дәріптейтін телехикаялар да көрсетілмейді.
Ауғанстан журналистер ұйымының өкілі Хужжатулла Мужаддеди бұл заңдар тосын болғанын, мұндай қатаң тыйым салуды ешкім күтпегенін хабарлады.