• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2021

Жасампаз жастар – жарқын болашақ

1138 рет
көрсетілді

Егемендік алған уақыттан бері ел дамуындағы маңызды салалар жолға қойылып, түрлі жаңа жобалар бастау алды. Әсіресе, дарынды жастардың, жаңа есімдердің жарыққа шығуына, өнерін шыңдауына жағдай жасалды. Бүгінгі күні қоғамның әр саласында жетістікке жеткен жастар – егемен елдің жаңа тарихындағы өзгерістер мен жаңалықтардың куәсі іспеттес.

Осы орайда елордада Тәуел­сіз­діктің 30 жылдығы аясында және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы өтті. Алқалы жиынды ашқан Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жастарына бейнеүндеу жасады.

Білімді де білікті, іскер де белсенді жастар бас қосқан республикалық форум қатысу­шыларын мерейлі мерекемен құттықтаған Елбасы, ең алдымен Тәуелсіздіктің ұлт тарихындағы маңызына тоқталды.

«Бұл – тәңірдің біздің ұрпаққа берген баға жетпес сыйы.

Отыз жыл – халқымыз үшін тарихи белес. Біз осы уақыт ішін­де ата-бабамыздың асыл арманын орындап қана қоймай, оны баянды ете білдік. Қазақстанды әлем таныған, жаһан мойындаған іргелі мемлекетке айналдырдық. Бұл – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Мен Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет деп жариялаған тұста елімнің келешегі жарқын, халқы ба­қуатты, жастары бақытты бол­сын деп армандадым. Бүгін­де сол арманым орындалып отыр. Тәуелсіздік жылдары біз да­мыған елдермен терезесі тең, бәсе­кеге қабілетті жаңа буын тәр­бие­ледік», деген Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Тәуелсіздікпен қа­тар дүниеге келген ұрпақ қазір орда бұзар отызға толып отыр­ғанын атап өтті.

«Халқымыздың ұлы жеңіс­терінің бәрі татулық пен тұрақ­тылықтың арқасында келген. Әлі де алға қойған асқақ армандарымыз бен биік мақсаттарымыз көп. Қазақстанды озық отыз ел­дің қа­тарына қосу – бар­ша­мыздың ортақ міндетіміз. Осы орайда жастарға зор үміт артамын. Сендерді ұлт мүддесі жо­лын­да аянбай қызмет етуге шақырамын», деді Елбасы.

Іс-шараға Парламент Сена­тының Төрағасы Мәулен Әшім­баев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Пар­ламент Мәжілісінің және облыс­тық мәслихаттардың жас де­путаттары, Nur Otan партия­сы жанындағы Жастарды қол­дау жөніндегі республи­калық қоғамдық кеңестің өкіл­дері, Президент жанындағы Жас­тар саясаты жөніндегі кеңес­тің, Қазақстан халқы Ассам­блея­сы Жастар қанатының, Парла­мент Сенаты жанындағы Жас са­рапшылар клубының мүше­лері, «Болашақ» бағдарла­ма­сының түлектері, түрлі сала­дағы жас ғалымдар, оқыту­шы­лар, зерттеушілер, жас кәсіп­кер­лер мен стартапшылар, респуб­ликалық және өңірлік жастар ұйым­дарының басшылары қатыс­ты, сондай-ақ онлайн-режім­де әр өңірден белсенді жас­тар қосылды.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев өз сөзінде еліміздің Тәуел­сіз­дік алғалы қол жеткізген жетіс­тік­теріне тоқтала келіп, Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың жастарды қол­дауға арналған бастамалары туралы жан-жақты айтып берді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарынан бастап жастарымыз әлемнің ең озық жоғары оқу орын­дарында білім алу үшін «Бола­шақ» бағдарламасы іске асы­рылды. Бағдарлама арқылы қазақ­стандық жастар әлемнің ең үздік университеттерінде білім алды. Осы жылдары шамамен 1800 жаңа мектеп салынды. Ұлт денсаулығын жақсарту жолында жаңа ауруханалар мен ғылыми медицина орталықтары бой көтерді. Тәуелсіздік алғалы 1800-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Еліміздің, әсіресе, өңірлер мен ауыл-аймақтың инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған көптеген жоба жүзеге асырылды. Мұның бәрі, ең алдымен, жастарымыздың білімді, дені сау, бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін жасалды», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы күні кешегі Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жариялап, қазақстандықтардың жаңа дәуірдегі басты бағдарын айқындап бергенін айтты. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен соңғы жылдары елімізде жастар саясаты аясында ауқымды жұмыс атқарылғанын да жеткізді.

«Пандемия жағдайы ғылым­ның қаншалықты маңызды еке­нін дәлелдеді. Бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен вакциналар ойлап табылды. Бұл өз кезегінде індетті салыстырмалы түрде жедел еңсеруге мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, күнделікті өмірімізде ғылымның рөлі артып келеді. Кейінгі бес жылда елімізде магистратура мен докторантурада білімін жалғастырғысы келетін жастар саны өсіп отыр. Алайда олардың 9 пайызы ғана ғылыми қызметпен айналысады», деген Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта білім мен ғылымның, технологиялардың рөлі күрт артатынын атап өтті.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ел Тәуел­сіздігінің 30 жылындағы жас­тар саясаты саласындағы негізгі жетістіктерге тоқталды.

1992 жылдан бастап жыл са­йын жас таланттарды қолдау үшін «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығы беріледі. 2000 жыл­дардан бастап жастар саяса­тын іске асыру жөніндегі қыз­мет қосымша қарқын алды. Осы­лайша, «Қазақстан жастары» мем­лекеттік бағдарламасы, мем­ле­кеттік жастар саясатының тұжы­рымдамасы қабылданды, «Жа­сыл ел», «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін» және басқа да бірқатар жоба іске қосылды.

«Жасыл ел» жобасы бойынша 2005-2021 жылдар аралығында жастар еңбек жасақтары 44,3 миллион ағаш отырғызды, бүкіл ел бойынша 180 мың гектар жерді өңдеді, осы жылдар ішінде жоба шеңберінде 300 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңге жыл са­­йын 30 мың адамды, оның ішінде ауылдық жерлерден 10 мың адамды жұмысқа орналасты­ру міндеті қойылды», деген А.Балаева 2019 жылды «Жастар жылы» деп жария­лау жас­тар саясаты саласындағы маңыз­ды оқиға болғанын атап өтті.

Сондай-ақ министр жас ғалым­дардың іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулерін гранттық қар­жыландыру 9 млрд теңгеге де­йін ұлғайтылғанын айтып: «Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жо­­март Тоқаев зерттеу жүргізу мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту туралы шешім қа­был­дады. Аталған механизм 35 жасқа дейінгі жас ғалымдарға өздерінің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді», деді.

Алқалы жиында жас мұғалім – «Болашақ» бағдарламасының түлегі Асхат Жұмабеков Қа­зақ­стандағы ғылым мен білімнің дамуы, жастардың өзін өзі дамы­туының жаңа мүмкіндіктері ту­ра­лы баяндаса, «Серпін» бағдар­ламасының түлегі Ай­дар Күзеров ауыл жастарын қол­даудың ар­тық­шылықтары туралы айтып берді.

«Қазіргі таңда «Серпін» түлек­терін жұмысқа орналастырып, үймен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ең алдымен, бұл бағдарлама жергілікті атқарушы органдардың тікелей бақылауында болуы керек. Дегенмен әр өңірдің ахуалы әртүрлі. Мәселен, жеке басымды айтсам, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау болды: тегін бі­лім алдым, еш қиындықсыз жұмысқа тұрдым, отбасы құрған соң қызметтік баспана берілді, бір рет­тік қайтарымсыз жәрдемақы та­ғайындалды. Бұл игіліктің бәрі «Серпін» – жаңа құндылықтар жобасы екенін көрсетеді», деді ол.

Ал «Витебскідегі Славян ба­зары» халықаралық өнер фес­ти­ва­лінің жеңімпазы Рухия Бай­дү­кенова мемлекеттің шығар­машыл жастарды қолдауға қосқан үлесін атап өтті.

«Славян базарындағы» менің жеңісім Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бір қызығы, бұл музыкалық бай­қау биыл отызыншы рет өткі­зілді. Сондықтан Беларусь сах­­на­сындағы жеңісім – барша қа­зақ­стандықтың жеңісі деп есеп­теймін», деген әнші болашақта Қазақстанда да осындай ірі өнер бәйгелерін өткізуді ұсынды. 

Жас стартапшы Тимур Рыс­пе­ков мемлекеттік цифрландырудың мамандық таңдауға әсері мен Қазақстандағы технологиялық даму процестерінің ерекшеліктері туралы баяндаса, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Алена Малькова оқы­ту­шылық қы­рымен бөлісті. 

Форум барысында жас бел­сенділердің бастамашыл тобы Елбасы Н.Назарбаевқа «Алғыс кітабын» табыс етуді ұсынды. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің жас ұрпақтары атынан математика пәні бойынша халықаралық олим­пиада жеңімпазы Сұлтанбек Бай­жанов 2041 жылғы болашақ ұрпаққа арналған криптография­лы-капсулалы Жолдауды іске қосты, ол арнайы крипто-кілт­пен шифрланған және ел Тәуел­сіздігінің 50 жылдығына орай ашы­латын болады. Крипто-хабар­ламаны жас стартапшы Тимур Рыспеков арнайы әзірлеген.

Форум жұмысы аясында «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лығының биылғы лауреаттары анықталды. Жеңімпаздарды Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева марапаттады.

Сонымен «Дарын – 2021» мем­лекеттік жастар сыйлығы «Ғы­лым» номинациясы бойынша Нұрғиса Есіркегенов, «Қоғам­дық қызмет» номинациясында Балмейір Сансызбайұлы мен Ва­лихан Бахретдинов,  «Журна­лис­тика» аталымы бойынша Ға­лым­жан Кеңшілік, Ақбө­бек Тұлжан,  «Халық шығар­ма­шылығы» номинациясында Ардақ Елеусіз, Темірлан Олжабай, Ернат Нау­рыз, «Классикалық музыка» номи­нациясы бойынша Алтынбек Әбілда, «Театр және кино» аталы­мында Ақмарал Танабаева мен Риза Қанатқызы, «Спорт» номи­нациясында Игорь Сон мен Елдос Сметов, «Эстрада» номинациясында Рухия Байдүкенова мен Әлібек Әлмадиев, «Әдебиет» номи­­нациясында Батырхан Сәр­сен­­хан мен Біржан Ахмер, «Ди­­зайн және бейнелеу өнері» ата­­лы­мы бойынша Атабек Бек­бо­латов лауреат атанды.