Әлем халқы жылына 120 мың тоннадан астам ұлуды таңсық ас ретінде тұтынады екен. Мұның өзі жалпы сұраныстың 60-70 пайызын ғана жабатын көрінеді. Тобыл өңірінде тұңғыш ұлу фермасын ашқан ерлі-зайыпты Старковтардың айтуынша, оны өсіру көп қаржыны керек етпейді және бәсекесі аз әрі табысты бизнес болып саналады.
Карантин кезінде әлеужеліні әрлі-берлі сапырып табыс көзін іздеген ерлі-зайыптылар тәуекел деп бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген жаңа кәсіп – ұлу өсіруге бел байлайды. Осылайша, биыл жазда Қостанай қаласында ұлу фермасын ашты. Кәсіпкерлер бастапқыда ұлудың аналығын таппай біраз қиналыпты. Мұндай фермалар Қазақстанда жоқ, ал Ресей шекарасы жабық. Ақыры іздегендері Беларусь елінен табылып, екі айдың ішінде қорап-контейнермен Қостанайға жеткізілген. Жәндіктердің 20 пайызы жолды көтере алмапты. Енді қалғанын қайтіп көбейтпек? Өздері көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде тұрады.
– Алдымен 8 сотық жері бар саябақ сатып алдық та, жәндіктерді сол жердегі шөптің арасына төктік. Сосын 2 ай бойы шөптің арасына үңілдік те отырдық. Басында ештеме көрінбеп еді, кейін кәдімгідей жыбырлап, тіршілік нышанын сездіре бастады. Осылайша, бірте-бірте үлкейе берді, – деді Василий Старков.
Жәндіктер көбейе бастаған соң, Старковтар отбасы пәтерлерін сатып, жеке үйге қоныс аударып, ауласына жыл он екі ай бойы ұлу өсіруге болатын жылыжай салады. Оксана Старкованың айтуынша, жәндіктерді саудаға шығаратын кез әлі жеткен жоқ. Соған қарамастан, әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына келіп жатқан сұраныс көп.
– Сататын кезде ертерек хабар беріңіздерші, өзіміз келіп алып кетеміз деген өтініштер көп түсіп жатыр. Кәсіпті өз күшімізбен аштық. Бірақ оны әрі қарай дамыту үшін мемлекеттің қолдауына сүйендік. Кәсіпкерлер палатасында бизнес негіздері курсын тәмамдап, ферманы дамытуға қажетті қаржы грантын ұтып алдық. Алайда ұлу мемлекеттік реестрде жоқ болып шықты. Сондықтан өнімді нарыққа шығару үшін мемлекеттік сертификат алуға тура келеді, – деді Оксана.
Старковтар отбасы алдағы уақытта Тобыл өңіріндегі сұранысты ғана қамтып қоймай, өнімдерін облыстан тыс аймақтарға да шығаруды көздеп отыр.
Қостанай облысы