ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов алдағы жылдары медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қарастырылған қаражаттың сомасын атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру көзделген», деп еске салды Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның айтуынша, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласының 247 мың медицина қызметкері, оның ішінде: дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға (246,1-ден 319,9 мың теңгеге дейін), орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 20%-ға (144,6-дан 173,5 мың теңгеге дейін) өсті.
2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің жалақысын экономикадағы орташа жалақыға қатысты 2,5 есеге дейін (561 мың теңгеге дейін) арттыру жоспарлануда. Бұл мақсаттарға 2021 жылға - 222,3 млрд теңге, 2022 жылға - 361,7 млрд теңге, 2023 жылға - 557,4 млрд теңге сомасында қаражат көзделген, оның ішінде: республикалық бюджет қаражаты есебінен 2021 жылы - 156,8 млрд теңге, 2022 жылы - 255,1 млрд теңге, 2023 жылы - 393,1 млрд теңге, МӘМС қаражаты есебінен 2021 жылы - 65,5 млрд теңге, оның ішінде: 2022 жылы - 106,6 млрд теңге, 2023 жылы - 164,4 млрд теңге бөлінді.