• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2014

Мұратымыз – Мәңгілік ел

1904 рет
көрсетілді

ҚОҒАМ ҰЙЫТҚЫСЫНА АЙНАЛҒАН ҰЙЫМ

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) құру туралы Жарлығы шыққанына 19 жыл толды. Осыған орай кеше Бейбітшілік және келісім сарайында аталған айтулы күнге байланысты салтанатты жиналыс болып өтті. Оны Қазақстан халқы Ас­самб­леясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ера­лы Тоғжанов ашып, жүр­гізіп отырды. Жиналысты аш­қан кіріспе сөзінде Ералы Лұқ­пан­ұлы Ассамблеяның 19 жыл­дағы тарихына қысқаша шолу жасады. Осы уақыт аралы­ғын­да Ассамблея дамудың үш кезеңі­нен өтті. Біріншіден, ол қоғам­дық ұйым ретінде орнықты, екіншіден, құқықтық негіздерін қалыптастырды және үшіншіден, конституциялық орган мәрте­бе­сін иеленді. Бүгінгі таңда Қазақ­стан халқы Ассамблеясы әлем­дік өркениет таныған, ел бір­лі­гі мен қоғамдық келісімнің тұғыр­лы тұрағына айналған инсти­тут, деді Е.Тоғжанов. Қазір ол – 800-ден артық этномәдени бір­лес­тіктердің басын біріктіріп, халық дипломатиясының шынайы ор­га­нына айналған азаматтық қо­ғамның бірегей институты.

Осылай деген Төраға орынбасары ҚХА-ның қоғамдық келісімнің негізінде еліміздің сая­си тұтастығы мен халқымыздың бірлігіне және ұлттық бірлік пішімінде барлық этностық, мәдени, тілдік және конфессиялық көптүрліліктің басын бір арнаға тоғыстыра білгеніне тоқталып өтті. Мұндай бағаны өзіміз ғана емес, шетелдік сарапшылар да беріп отыр. Ассамблеяның кон­ституциялық мәртебесі, оның пре­зиденттік басқару вертикалына үйлескендігі Елбасының халықтың біртұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған саяси ерік-жігерінің мызғымайтындығын көрсетеді. Сонымен бірге, Ассамблеяға саяси партиялармен қатар, Парламентте өкілдік алуына конституциялық негізде кепілдік берілуі – оның жалпы ұлттық мүддені көздейтін саяси емес орган ретіндегі салмағын көрсетеді, деді Е.Тоғжанов. Келесі кезекте шешен Төле бидің: «Береке мен байлық бірлігі мықты елде ғана болады. Берекелі ел ғана болашағын болжай алады», деген аталы сөзін ауызға алып, Елбасының биылғы Жолдауында жарияланған Мәңгілік Ел ұлттық идеясы – Қазақстан келісімі келісті, берекелі ел болған соң ғана жарияланып, халқымыздың болашағына бағдар, ұрпағына міндет пен үлкен мақсат болып отырғанын атап өтті. Мәңгілік Ел идеясы – Қазақ елі үшін заңдылық, себебі, бұл – қазақ халқының мыңдаған жылғы тарихынан, Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолынан, бүгінгі нақты істер арқылы қол жеткізген жетістіктерінен туындаған ұлттық идея, деді Ассамблея Төрағасының орынбасары. Е.Тоғжанов келесі кезекте Мәң­гілік Ел – бұл біздің ортақ құн­дылықтарымыз, әділетті және өркендеген елде өмір сүруге деген ұмтылысымыз, біздің ортақ үйіміз – Қазақ елінің көркеюі екендігін атап көрсетті. Бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде Елбасының Мәңгілік Ел идеясын талқылаулар жүріп жатыр. Қазірдің өзінде еліміздің 9 аймағында Президенттің бастамасын талқы­лаған көрнекті шаралар өтіп, онда барлық әлеуметтік топтар өкілдері патриоттық актіге қолдау білдірді. Елбасының осы идеясын бойға сіңіру, оны жан-жақты байыту – бүгінгі күні барша қоғам мен Ассамблеяның алдында тұрған міндет. Президенттің қоғамдық келісім мен ұлттық біртұтастықты нығайтуға бағытталған бұл міндет­терін орындаудан ешкім де шет қалмайды. Мәңгілік Ел болу үшін Қазақстанның Тәуелсіздік құн­ды­лықтарын нығайта беруіміз керек. Екіншіден, деп жалғады сөзін Төраға орынбасары, еркін, өркен­деген елде өмір сүру үшін аянбай еңбек етуге тиіспіз, үшіншіден, жарасымды бірлігіміз арқылы қасиетті қазақ жерінде парасатты қоғам орнатуымыз керек. Мәңгілік Елдің жеті қағидасының бірі – қоғамдағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, ал олар­дың ұйытқысы Елбасы Н.Назарбаев құрған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы екені дау­сыз. Біз бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арнап, бір жыл бойы жүргізілетін «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты мега-жобаны іске асыратын республикалық акция бастағалы отырмыз. Былтыр мұндай шара аймақтық деңгейде бүкіл республиканы қамтыған болатын. Онда барлығы 483 шара өткізілген, соның 9-ы фестивальдар, 16-сы концерттер, 13-і конференциялар мен дөңгелек үстелдер, 22-сі кездесулер, 23-і акциялар және т.б. Бұл шаралар барлығы 1,5 млн.-дай адамды қамтыды. Осылай дей келіп, Ералы Лұқ­панұлы биылғы жылғы мега-жоба Ассамблеяның қол жеткізген табыстарын қоғамдық санаға сіңіруді жалғастыратынын және Президенттің ҚХА-ның ХХ сессиясында жүктеген жаңа міндеттеріне орай оның ел дамуындағы жаңа рөлін көрсететінін назарға салды. Барлық жұмыстар облыстарда, еңбек ұжымдарында, жоғары оқу орындарында, ұйымдар мен мекемелерде болады, деді ол. Одан әрі осындай шаралардың шеңберінде былтырғы жылы этномәдени бірлестіктердің атқарған бірнеше нақты жұмыстарын атап өтті. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауда­нындағы Баскөл ауылындағы татар этномәдени бірлестігінің мүшелері барлық тұрғындарға ұйытқы болып, 1 мың түп ағаш отырғызған. Ақтөбе облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шең­берінде бө­лінген 5 млрд. 600 млн. теңгеге 1241 әлеуметтік жоба іске асқан. Ақмола облысында 730 млн. теңгеге 47 әлеуметтік жоба жасалған және т.с.с. Сөзінің соңында Е.Тоғжанов Қазақ­­стан халқы Ассамблеясының 20 жыл­дығын лайықты тартулармен қарсы алу қажеттігі туралы айтты. Осыдан кейін сөз салтанатты жиналысқа қатысушыларға берілді. Алғашқы болып сөз Ассамблея мүшесі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, халқымызға танымал ақсақал Мырзатай Жолдасбековке берілді. Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі жағдайды еске алды. «Қуанған да, қорыққан да бірдей» дегендей, елдің есі шығып кеткен жылдар еді ол. Неше түрлі митингілер, шерулер, ақылға сыймайтын қозғалыстар болды. Соның бәріне төтеп бере білген Елбасы елдегі тыныштықты да сақтай алды. Мемлекеттің түпқазығы етіп ол ха­лықтың бір­лігі мен ынтымағын атады. Сөйтіп, осы саясат біздің негізгі ұлттық саясатымызға айналды, деді М.Жолдасбеков. Одан әрі ол Президенттің сол саясатты іске асырудың негізгі ама­лы ретінде Қазақстан халқы Ассам­блеясын құрғанын еске алып, іс жүзінде мұның дана шешім болғанын жеткізді. Осы, халықтың бірлігі мен татулығының арқасында Қазақстанның өркендеп келе жат­қанын айта келіп, ол ынтымағы ыдыраған елдердегі зобалаңдарды да ауызға алып өтті. Алысқа бармай-ақ қазіргі Украинада болып жатқан оқи­ғаларды алайықшы. Елдің тыныштығы бұзылып, эко­но­микасының тұрақтылығына нұқсан келді. Сондайды көріп отырып, тыныштықтың бағасын білесің және халықтар арасындағы татулықтың ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассам­блеясы сияқты ұйымды құрған Президентке риза боласың. Бұл ұйым, түптеп келгенде, кіші Бірік­кен Ұлттар Ұйымы міндетін атқа­руда, деді ол. Болгар этномәдени бір­лес­тігінің төрағасы Олег Ды­мов сөзінде Қа­зақстан халқы Ассамблеясының маңызы мен ықпалын атап айтты. Ассамблея еліміздегі ең қиын-қыстау кезеңде, көше толы тол­қыған, ертеңіне алаңдаған адамдардың сеңдей соғылысқан кезінде үлкен тапқырлықпен өмірге келген ұйым болды. Көптеген сая­си пайдакүнемдер ұлттық, тілдік мәселелерді жалаулатып, елдің тыныштығын бұзып, өздеріне ұпай жинап жүрген кездерде Ассамблея дұрыс жолды сілтей алатын ұйым екенін көрсетті, деді. Одан әрі ол Ассамблеяның елдегі тұрақтылықты сақтау жо­лында атқарылған істердің ұйыт­қысы болғанын санамалап берді. Сөз кезегі өзіне тигенде Мәжіліс депутаты Розақұл Хал­мұрадов Елбасының Мәңгілік Ел ұлттық идеясына тоқталып, соның ішінде қазақ тілінің маңызын арттыру мәселесі туралы айтты. Жаһандану заманында ел болып сақталудың бас­ты нысанының бірі ретінде қазақ тілінің айтылуы – жүрекжарды сөз. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды деп айтты Президент. Осыған қол жеткізуге алғышарт жасайық, деді депутат. Бұдан кейін де бірнеше шешен сөз сөйледі. Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіп­бек Айтов өзінің өлеңін оқыды. Жиналыс барысында Қазақстан халқы арасындағы татулық пен тыныштыққа сіңірген еңбегі үшін Астанадағы Мемлекеттік орыс драма театрының директоры Еркін Қасенов пен немістердің «Возрождение» қоғамының төр­ағасы Игорь Бергке Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғам­дық «Бірлік» алтын медалі тапсырылды. Жиналыс қоры­тындысында Ассамблея Төрағасы Н.Назарбаевты ұйымның құрыл­ған күнімен құт­тықтаған хат қа­былданды. Салтанатты жиналысқа Ас­самблея мүшелері, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар басшылары мен қоғам қайраткерлері, журналистер, эт­номәдени бірлестіктер өкілдері қатысты. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».

БҰЛ – ҮЙЛЕСІМДІЛІК ҮЛГІСІ

Мен жақында 90 жасқа толдым. Бұл өмірде көргенім де, түйгенім де аз емес. Менің замандастарым Ұлы Отан соғысы майданында есейді. Соғыста біз ұлтымыздың кім екенін сұрамайтынбыз, себебі, біз бір үйдің балалары – бауырлар сияқты бір-бірімізді жаудың оғынан сақтап қалуға әрқашан дайын болатынбыз. Мысалы, мен басқарған взводта тоғыз ұлттың 20 шақты өкілі жауға қарсы бір адамдай шығатын. Ешкім біреудің артында жан сауғалаймын деп тіпті ойламайтын да еді. Міне, сол қандықол майдандас достарымыздың басында біз дос­­тықты өмір бойы дәріптейміз, халықтардың ең биік жеңісі – бірлік пен келісімді өмір бойы қорғаймыз деп ант бергенбіз. Себебі, Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – ол бірліктің арқасында жеткен жеңіс! Мұны еш­қашан ұмытпау керек. Сондықтан, 1995 жылы Пре­зи­денттің Ассамблея құру туралы ұсынысын мен қызу қолдадым. Бұл туралы Елбасы одан да бұрын, 1992 жылы Тәуелсіздігіміздің 1 жыл­ды­ғына арналған, елімізде ал­ғаш рет өткен Қазақстан хал­қының І форумында айтқан болатын. Биыл, міне, сол Ассамблеяның құрылғанына 19 жыл толып отыр. Бұл институт еліміздің қоғамдық-саяси алаңында өзінің нақты бағытын айқындап, орнын бекітіп алды. Ассамблея, Елбасының төрағалығы арқасында Қазақстанның тұрақты дамуына өз үлесін қоғамдық келі­сімді сақтау, халықтың өзара сый­лас­тығын арттыруға бағытталған жұмыстары арқылы қосып отыр. «Береке басы бірлікте» екенін әрдайым қайталап отыруымыз керек. Қазақстан сияқты алдына биік мақсат қойған ел, Мәңгілікке бет алған ел өзінің қалыптасқан достық ниетін Ассамблея сияқты құрылым арқылы басқа да елдерге тарату керек. Сондықтан, мен Ассамблеяға өзімнің жасымды тілеймін. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы қашанда біздің ауыз­біршілігіміз бен келісімімізге байланысты. Ұлтты сүюдің үлгісі болып отырған Елбасымыз ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелей берсін! Қазақстан әлем тарихына бейбіт­шілігімен, келісімімен, жарасымды достығымен енсін! Елбасының өміршең идеяларын іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері аянбай еңбек ететіні сөзсіз. Леонид ГИРШ, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУЫЛЫММЕН МАҚТАНАМЫН

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазақ жері – бір шетінен екінші шетіне дейін құс қанаты талатын ұлан-ғайыр кең өлке. Жерінің кеңдігі сияқты, халқының да пейілі кең. Елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыстар саны 130-дан асады. Қазақстан – түрлі этностардың құт-мекені. Олар мұнда көп уақыт бұрын келген және олардың келуіне түрлі жағдайлар себеп болған. Қоныс аударып келгендерді жергілікті қазақтар, қай ұлт екеніне қарамастан, достық көңілмен қарсы алды. Қолда барымен бөлісті. Түрлі этностардың көршілестігі олардың мәдениетінің дамуына да оң әсер етті. Бір-бірлерінің мерекелеріне қатысу, әдет-ғұрпымен танысу еліміздегі этностардың мәдениетін байы­та түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде тұрақтылық орнаған. Бүгінде елімізді мекендеген этностардың барлығында этномәдени бірлестіктер құрылған. Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы кейбір көпсанды ұлттар тілінде мектептер ашылып жұмыс істесе, бірқатарының тілінде газеттер шығып, радиохабарлар таратылады. Кейбірінің ұлттық театрлары да бар. Нақты айтқанда, елімізде этностар тілінде 11 газет шығарылып, 12 тілде радиохабарлар беріліп тұрады. Бүгінгі егемен Қазақстанның көпұлтты халқы болашаққа деген ізгі сеніммен өмір сүріп, жаңа құл­шыныстарға ұмтылып отыр. Өз денсаулығын қорғап, саламатты өмір кешуге де талпыныс танытуда. Сөйтіп, жеке басы мен отбасы бақытын сақтай отырып, жаңа қоғамымыздың беріктігі мен жасампаздығын арттыру үстінде. Павлодар облысындағы, Лебяжі ауданының Тілектес ауылы да көпұлтты. Яғни мұнда неміс, украин, белорус, молдаван, орыс, ингуш, мордва, болгар – барлығы тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бірінің қызығын бірі тойлап, қоян-қолтық араласуда. Бұл ұлттардың барлығы Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеруге келіп, осы жерде қалып қойған. Қазақпен етене араласқаннан кейін барлығы қазақтың әдет-ғұрпын, дәстүрін жақсы біледі, тіпті, арасында қазақша сөйлегенде қазақтың өзін  жаңылдыратындары да бар. Әсіресе, жасы 80-ге келген Паулина апайды ауыл қазақтары қазақшалап Бәтима дейді. Ол кісінің жұбайы  қазақ, бірақ ол дүниеден ерте өткен. Сондықтан жеті баланы апамыздың өзі асырап, бағып-қағып өсірген. Бәтима апамыз үнемі қазақша сөйлейді, тілекті де керемет айтады. Сонымен бірге, айт мерекесінде үстелінен үнемі шелпек айырылған емес, бауырсағы да өте дәмді. Мұның өзі қазақ халқымен қатар, оның дәстүрін де сыйлаған емес пе? Сол сияқты Магомед ағайымыздың ұлты ингуш, ол да үнемі қазақша сөйлейді. Бізге ең керегі түсіністік пен бірлік қой. Мен өз ауылыммен, онда бір шаңырақ астында ешкімді жатырқамай, жатсынбай ынтымақта өмір сүріп жатқан ауылдастарыммен мақтанамын. Жалпы, өзімнің Отаным – Қазақстанды мақтан тұтамын. Елімізді мекендеген барлық ұлттар ұлтаралық келісімді, азаматтық тыныштықты, рухани бірлікті сақтап, одан әрі нығайта берсін дегім келеді. Мәңгі жасасын! Сабина АЙТҚАЗИНА, Тілектес орта мектебінің 8-сынып оқушысы, «Қаламгер» үйірмесінің мүшесі. Павлодар облысы, Лебяжі ауданы.

БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫНДАЙ

Кеңес Одағы тұсында еліміздің «120 ұлттың лабораториясы» деген қосымша атауы болғаны әмбеге аян. «Көп ұлтты» ауылдар да болды. Қиян алыс, қиыр шет – құм ішіндегі Түгіскен-Тоғызкент ауылы (Сарысу ауданы) өзіне сол тұста телінген «интернационалдық» мәртебесіне қазір де шық жуытпай отыр. Грек Савва, түрік Назар, чешен Лем секілді азаматтардың өздері де, ұрпақтары да жергілікті тұрғындармен етене-туыс болып, біржола сіңісіп те кеткен. Олар өткен ғасырдың 90-жылдарында еліміз аумағындағы ұлт шашырандылары тарихи отандарына көш бетін бұрып жатқан тұста да ірге қозғалтпады. Көп жылдар бойы автоклуб меңгерушісі болып қызмет етіп, аудан мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан Владимир Эбель Германиядағы туыстары қанша жерден қолқалап шақырса да ықтияр бермеді, мәңгілік мекенін де осы киелі топырақтан тапты. Туған жер, өскен-өнген ортаға, Отанға деген сүйіспеншіліктің, адалдықтың бұдан асқан мысалы қайда бар! Кіндік кесіп, кір жуып өскен жерді сүю, ұлықтау сезімі ойықтық неміс ағайындардың да бойында жетіп артылады. Олардың да біразы тарихи отандарына көшкен. Андрей, Оскар, Альма бастаған топ тарихи отандарына табан іліктірісімен, бұл жақтағы ауылдастарын ұмытпай, түрлі сәлемдемелерін жылма-жыл жіберіп те тұрды. Ауылдықтарға қолдарындағы барымен қарайласқан түрлері ғой! Сол бір ауыр да қиын кезең көбіміздің есімізде. Андрей, Альмалардың айтуымен, олардың ұл-қыздары бұрнағы жылы Ойық ауылына (Талас ауданы) келіп, бір кездегі сыныптастарының үйінде біраз күн ерулеп жатты, ауылды, туған үйлерін аралап көріп, мауқын басып, тәуелсіздік жылдарында ауылдың бүтіндей өзгере түскеніне, тұрғындарының бақуаттылығына көңілдері толды. – Сендер бес-он жылда әбден байып алыпсыңдар. Астарыңда бір-бір жеңіл көлік! Әр сенбі, жексенбіде көкпар, той! Қандай бақыттысыңдар! – деп сыныптастарының өміріне қызыға-қызыға кетіпті олар. Көп ұзамай олардың екі-үшеуінің кері оралғанынан да хабардармыз. Өзге ұлт өкілдерінің, оның ішінде орыс пен немістің еті тірілеу, іскер, техникаға, бірді екі етуге бейім келетіні белгілі. Олардың туған жеріне туын тігіп, ірге қозғалтпай отырғандарының ішінде тұрмысы жүдеулері жоқтың қасында. Эбель қарияның да ұлы Тоғызкенттегі қара шаңырағының түтінін өшірмей, мыңғыртып қой-ешкі өсіріп отыр. Оның да таңдаған өмірлік серігі қазақтың қаракөз бір аруы. Ол әкесіне ұқсап өнер қумады, бірақ. Нәсібін басқа кәсіптен тапты. Бү­гінде ауылдағы  № 25 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің бас есепшісі. Осындағы орта мектепте оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жары Айжан Сейдахметова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Балаларының есімдерін де Рауан, Асылан, Ақерке деп қазақша қойыпты. – Жасым биыл 41-ге қарады. Мен туғанда ауылымызға кезекті гастрольдік сапармен концерт қоюға Сарысудан түлеп ұшқан өнер майталмандарының бірі, танымал биші Байдаулет Сазабеков келе қалады ғой! Соның құрметіне есімімді нағашы атам Байдәулет деп қойыпты. Міне, осылай бір пәсте Байдаулет Владимирович Эбель болдым да шықтым! – дейді ол. Оның бауырлары Геннадий, Роман, Юрий, Мараттар да үйлі-баранды, еліміздің түрлі қала­ларын­да өздері таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етеді. Қазақшаға судай бәрі де, сөйлеп кетсе, қа­зақ­тардың өзін сүріндіреді. Осындайда жуықта «КТК» телеарнасынан қалалық бір орыс келіншегінің қазақшаға тілін сындыру үшін ұл-қыздарын жазғы демалысында ауылдағы таныс қазақ отбасыларының қолына беріп қоятынын айтып: «Балаларым жаз бойы таныстарымның үйінде болып, қолқанаттыққа жарап, ширап, шыңдалып қана қоймай, ауыл тіршілігімен танысып, қазақ тілінде сөйлеуді де жап-жақсы меңгеріп қалды», дегені ойға орала береді. Шынында да, ауыл біле білгенге ділді, тілді, дінді түзеудегі басты тәрбиеші де ғой! Тоғызкенттегі Алексей Семено­вич­­тің отбасымен де бұдан он-шақ­ты жыл бұрын таныс-біліс болған­мын. – Е, Леханы айтамысың? Ол қа­зақ­пен қазақ болып кетті ғой! Қазақ­тан еш айырмасы жоқ. Жұбайы Лида екеуі тоғыз бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Лиданың анасы орыс болғанмен, әкесі қазақ қой. Былайша айтқанда, өзіміздің қызымыз! Мына күйеу бала да, жиендер де қазақша сайрап-ақ тұр! – деп сыр айтты оның құдайы көршісі әрі досы Әбдіхалық Сайлыбаев. Кезінде ауданда рентгенолог маман жеткіліксіз болуы себепті Алексей бұл жаққа арнайы жолдамамен келіп, біржола тұрақтап та қалған екен. Сол күні күн кешкіре мал өрістен қайтарда Леха – Алексейдің тоғыз ұлымен «танысудың» сәті түскен. Тоғыз ұл бірдей далаға өріп шығып, кішкентайлары мая шөптің үстінде, ересектері етекте, «мал көздеп» тұр екен. Малсақтығын қоя қал енді! Сәлден соң екі-үшеуі жүз қаралы уақ малды алдарына салып айдап келді. – Көршім малды-жанды. Жү­зіктің көзінен өткендей пысық өзі, – деп қойды Әбекең риза пейілмен. Бұл бұдан он жыл бұрынғы жай ғой. Бүгінде Әбдіхалық Тараз қаласына, Алексей Жамбыл ауданының Бесағаш ауылына қоныс аударып келген. Бұрынғы көршілер, олардың балалары әлі де етене, жақын-жуық араласады екен. Айтпақшы, Алексей Семенович бес баласымен қаладағы танымал құрылыс мекемесіне жұмысқа тұрыпты. Бірі краншы, екіншісі жүргізуші, үшіншісі құрылысшы дегендей, «Биномның» біраз жүгін отбасы болып иіндерімен көтерісіп жүрген жайлары бар. Өз ісінің жетік мамандары қай салада да қажет қой. Бір ауылдағы түрлі ұлыс өкіл­дерінің ортақ үй – Отанымызға, ана тілдерін, салт-дәстүрлерін, өнерін сақтап дамытуға жан-жақты жағдай, мүмкіндік жасап отырған мемлекетке деген сүйіспеншілігі, перзенттік борышқа адалдығы, ұл-қыздарының бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі, міне, осындай. Бір қараған кісіге, бір атаның балаларындай, өздері. Баймаханбет АХМЕТ, журналист. Жамбыл облысы. ЧУПРУНДАРДЫҢ ТУҒАН КҮНДЕРІ ТАҢҒАЛАРЛЫҚ Александр – 6 шілдеде, зайыбы Марина – 16 желтоқсанда, ал ұлдары Самсон 1 желтоқсанда өмірге келіпті Расында да таңғаларлық жайт. Жас отбасы  Алек­сан­др мен  Марина облыс орта­лы­ғында тұрады. Алек­сандр Чупрун  Иннова­циялық еура­зия университетін бітірген соң, мамандығына сай бұл күн­­дері өндірісте, жіксіз сым құ­бырларын шығаратын «KSP Steel» зауытында еңбек етуде. Ал Марина тіс дәрігері болып істейді.  Кішкентай Самсон – бір жарым жаста. Екеуінің де әке-шешелері, туған-туыстары ауылда, яғни облыстың Железин ауылындағы, Қалқаман кен­тінде тұрады. Қазақ еліне тың игеру кезінде келіп, осы жерді Отаным деп бауыр басып тұ­рып қалған украин және орыс от­басыларының ұл-қыздары. – Өзіміз де, дос-жаран, туған-туыстар да туған күндеріміздің еліміздің ерекше күндерімен қатарлас келгеніне таңғаламыз. Әрине, біз де өзіміздің ту­ған күндеріміздің ерекше бол­ғанына қуанамыз. Еліміздің мем­лекеттік мерекелері біздің өмірімізден орын алды. Осы елде, осы жерде, ауылдарда, қазақ ортасында туып-өстік, біз – қазақстандықтармыз, – дейді Ма­рина Егоровна. Енді, міне, Самсон Чупрун да – қазақстандық. Ұлдары  бұр­нағы жылы елімізде алғаш рет атап өтілген Тұңғыш Президент күні дүниеге келіпті. Елбасының былтырғы Жол­­да­­уында: «Біздің то­­­пы­­ра­­ғымызда туған кез кел­ген сәби – қазақ­стан­дық. Ба­ла тәр­бие­леу – болашаққа ең үлкен ин­вестиция...», деп ай­тыл­­ғаны белгілі. Олай болса, туған күндері ерекше от­ба­сын­да дүниеге келген кіш­кен­тай Самсон да енді  бір-екі жылда еліміздегі жүзеге асы­рылып жатқан «Балапан» бағ­­дарламасы аясында бала­бақ­шаға баратын, облыс орта­лығындағы Назарбаев Зият­керлік мектебінде білім алатын, Астанадағы Назарбаев Уни­вер­ситетінің студенті атанатын, «Болашақ» бағдарламасы ар­­қылы алыс шетелде оқуын жал­ғастыратын болар. Жақсы сөз – жарым ырыс. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР. «ДОСТАРЫМНЫҢ БАРЛЫҒЫ ҚАЗАҚ» дейді армян жігіті Давид СУКИАСЯН Давидтің арғы түбі ақтөбелік болғанымен, қазір Астанада тұрып жатқандықтан, телефон арқылы әңгімелесуге тура келді. Адамның қандай екені сөзінен-ақ аңғарылып тұрады емес пе. Алғашқы амандасуы мен сөз саптауынан-ақ ақкөңіл жан екені байқалды. Жүзін көрмесек те койған сауалымызға жайдары жау­ап берген жас жігіттің тәрбиелі ортада өскеніне көз жеткізгендей болдық. Телефонмен сөйлескенімізге қарамастан әңгімеміз жарасып жүре берді. Бәрінен бұрын сұхбаттасымыздың инабаттылығы мен өте кішіпейілділігі ұнады. «Аузын ашса, көмекейі көрінеді» дейді қазақ мұндайларды. Жастығына қарамастан сөзі сабырлы да ойлы. Давид Сосунович Ақтөбе қаласында туып-өскен. Әкесі Сосо осындағы такси паркінде қарапайым жүргізушіден бас механиктік еңбек жолынан өткен. Анасы Валентина Петросовна мұғалім болған. Қазір екеуі де жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ағасы Артур инновациялық компанияда еңбек етеді. Яғни, олар еңбекпен етене өскен отбасы. – Мен Ақтөбедегі №25 орта мектепті тәмамдадым. Оқуда үздік, тәртіпті болдым, қоғамдық жұмыстарға араластым. Содан кейін Алматы экономика және статистика академиясында оқып, бизнес әкімшілігі менеджменті мамандығын алып шықтым. Академияда оқып жүргенде, Қазақстан студенттер Альянсы, Қазақстан жастар Конгресі жұмысына белсене қатыстым. Бұл менің азамат болып қалыптасуыма, өз ойымды еркін білдіруіме ықпал етті, өзіндік тұжырым жасауға үйретті. Ал «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Нью-Йорк университетінде магистратурада оқуыма әкем Сосо себепші болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теледидардан «Болашақ» бағдарламасы туралы сөзін естіп қалып, мені осы бағдарламаға қатысуға шақырды. Сөйтіп, әкемнің ақыл-кеңесімен «Болашақ» бағдарламасына қатысып, жолдамасына ие болдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш еді. АҚШ-та магистратура бітіріп келіп, қазір Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің ұлттық палатасының орталық аппаратында халықаралық қатынастар департаментінде жоғары категориялы сарапшы болып жұмыс істеп жатырмын. Мен мұны біздің елдегі жастарға деген сенім, олардың өз білім-білігін пайдалы іске қолдануға деген мемлекеттік қолдау деп бағалаймын. Біз осы сенім үдесінен көрінуге міндеттіміз,– дейді Давид Сосунович. Оның Қазақстандағы татулық пен бірлік, өзара ынтымақтастық туралы ойлары да айқын. Осындай бірлігі мығым, берекелі елде тұрып жатқанын мақтаныш тұтады. Ақтөбеде армяндардың үшінші ұрпағы тұрып жатқанын тілге тиек ете келіп, әркез осы достықты қадірлейтінін, татулыққа сызат түспеуін тілейтінін жеткізді. Мен Давидтің осы пікірін жандандырғым келіп, қазақша білесіз бе? – деп сұрадым. Қазақ тілінде ауызекі сөйлей аламын, жалпы жақсы түсінемін, деген жауабын естіп риза болып қалдым. Сөйтсе, ол кішкентайында қазақ балабақшасына барыпты. Оның достарымның барлығы дерлік қазақтар дегенін естіп, «жақсыда жаттық жоқ» екенін жадымда жаңғырттым. Қазақшасы тым-тәуір Давид армян, ағылшын және орыс тіліндерінде ойын жатық жеткізе алатын болып шықты. – Мен Қазақстанда тұратындар қазақ тілін білуі міндетті деп ойлаймын. Рас, кеңестік тәрбиені көрген аға ұрпаққа қазақша үйрену қиынға соғар. Қазіргі жастар жағы мемлекеттік тілді меңгеруге талпынуы керек. Ол үшін қазақ тілін оқытып-үйретуге басымдылық берілуі тиіс. Қазақ тілін оқыту бағдарламаларының сағатын көбейту қажет, озық технологияларды пайдалану керек. Бұл бір жағынан мемлекет құраушы ұлт – қазақтарға құрмет болса, екінші жағынан өмірлік қажеттілік деп түсіну керек, – дейді ол. Әркім өз елінің патриоты болуы тиіс деп есептейді Давид. Өзің туып-өскен елге деген сүйіспеншілігің сенің оның даму мен өркендеуіне қосқан перзенттік парызыңды қалай орындағаныңмен өлшенсе керек. Шетелде оқып, сол жақта жайлы жер іздеп қалғандарды түсінбейтінін айтады. Оқытып-тоқытып, өсіріп, Қазақстанның ертеңіне қызмет етеді деген сеніммен шетелге жіберген еліне оралмау үш ұйықтаса түсіне кірмейтін ой көрінеді. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демей ме қазақ. Маған да шетелде қалуға ұсыныстар түсті. Алайда, өзім туып-өскен Қазақстанымды, қазақ достарымды ойладым, осындағы барша халықты біріктіріп отырған достық пен татулықты қимадым», дейді ол. «Тілі басқа болғанмен, тілегі бір» Давид  уақытының тығыздығына қарамастан, бізбен біршама ұзақ әңгімелесті. Әңгімелескенде ақжарыла сыр бөлісті деуге болады. Туған жері Ақтөбеге деген сағынышын да жасырмады. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген осы-ау. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.