• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қараша, 2021

Түркістанда «Назарбаев моделі»: түркі әлемінің интеграциялық бағыты» атты халықаралық конференция өтуде

532 рет
көрсетілді

Бүгін Түркістанда Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Ғылым кеңесі және А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Тұңғыш Президент күніне орай  ұйымдастырған екі күндік форум басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Конференцияны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматыдағы өкілдігінің басшысы Сергей Тоқтаров ашып, Қор директоры Дариға Назарбаеваның құттықтауын оқып берді.

«Қазақстан халықаралық аренада өз ұстанымын нығайтты, еркін және бейбітшілікті сүйетін тәуелсіз және ядролық мемлекет мәртебесін лайықты түрде алды. Бүгінде Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдардың тең құқылы мүшесі. Қазақстан аймақтық және жаһандық ауқымдағы саяси және экономикалық қатынастардағы сенімді серіктес қана емес, республикамыз Еуразияның маңызды мәдени және зияткерлік орталығы болып саналады. Тәуелсіздік жылдарында Елбасының басшылығымен Қазақстан өзінің тұрақты даму үлгісін – «Назарбаев моделін» құрды деп сеніммен айта аламыз», делінген Д.Назарбаеваның құттықтау сөзінде.

Конференцияның алғашқы күні «Нұрсұлтан Назарбаев – Түркі интеграциясының сәулетшісі» пленарлық отырысы арқылы ашылды. Спикерлер бетпе-бет және бейнебайланыс арқылы сөйлесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов модератор болды.

Ол Елбасы идеяларының контекстіне негізделген түркі әлемінің интеграциясын елімізде және әлемде болып жатқан басқа интеграциялық үдерістерден бөлек қарастыруға болмайтынын айтты. Оның пікірінше, заманауи мемлекеттің дамуы басқа елдермен әріптестік, тәжірибе алмасу, түрлі салаларда өзара көмек көрсету принциптеріне негізделген.

Түркия Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Зухту Арслан, ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Қайрат Мәми Әзірбайжан Республикасы  Конституциялық сотының төрағасы Фархад Абуллаевегемен елдің тұрақты өсуі үшін интеграцияның маңыздылығына тоқтала кетті.

«Түркі әлемінің – бірлігі тату көршілік қарым-қатынасқа, рухани тамырымызға негізделуі керек. Демек, бәріміз негізгі құқықтар мен бостандықтарға ешкім қол сұғылмайтын, заң үстемдігі сақталатын, халқы бақуатты өмір сүретін әлем құру үшін жұмыс істеуіміз керек», деді Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тәуелсіздігіміз жарияланғалы бері еліміз әлемдік қауымдастықтың белсенді әрі беделді мүшесі болғанын еске салды.

«Бұл Қазақстанның әлемнің барлық мемлекеттерімен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған көпвекторлы саясатының негізін қалаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында болды. Бұл ретте, әсіресе, бауырлас түркі елдерімен тығыз қарым-қатынас орнады», деді ол.

Бауырлас халықтарды біріктіруге, ұлтаралық және конфессияаралық татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған Елбасының саясаты Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Дария Қожамжарованың баяндамаларының басты тақырыбына айналған.

«Бүгінгі киелі Түркістандағы басқосудың шын мәнінде символдық мәні зор. Біздің форумның тақырыбы – бауырлас халықтардың жақындасуы, сондықтан оның түркілердің рухани астанасында өтуі заңды құбылыс. Түркі әлемінің интеграциясы түркі мемлекеттерінің әрқайсысының ынтымақтастықты нығайтуға, бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған күш-жігеріне тікелей байланысты. Біздің ортақ міндетіміз – барша түркі елдерінің қуатты, дамыған және біртұтас болуын қамтамасыз ету», деп А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Ғылым кеңесінің мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты Жанар Темірбекова пленарлық отырысты қорытындылады.

Айта кетсек, конференцияның іс-шаралары YouTube-тегі «Назарбаев моделі 21» арнасында үш тілде көрсетіледі.