Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) қарашаның 4-і мен 17-сі аралығында Қазақстанда кезекті консультациялық раунд жүргізіп, соның қорытындысына арналған брифинг өткізді. Жиын барысында қор миссиясының басшысы Николя Бланше Ұлттық банктің 2023 жылдан бастап бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардан шыға бастауын құптайтынын аңғартты. Сондай-ақ қор өкілдері кәсіпорындардың жекешеленуі, бәсекелестікті қолдауға бағытталған тәуелсіз агенттік құру мәселесіне орай да пікір білдірді.
«Бұл мәселеде міндетті емес болса да Ұлттық банк квазимемлекеттік қызметпен айналысып келді. ҰБ ақша-несие саясатын қалыптастыруға, баға тұрақтылығын қолдауға міндетті. Бюджет ісімен бюджет органдары айналысуы керек. Қазақстан 2021 жылы пандемиядан туындаған дағдарыспен дұрыс күрес жүргізді. Бұл үшін Ұлттық қор қаражаты пайдаланылды. Қаржы халықтың табысын, ел экономикасын қорғауға жұмсалды», дейді Н.Бланше.
Оның айтуынша, ХВҚ фискалдық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру үшін ел Үкіметі қабылдаған шаралармен таныс және бұл шаралардың жүзеге асуы бюджетке салық түсімдерін ұлғайтады.
«Біз салық базасы кеңейіп, салық квоталары қысқарып, қосымша құн салығының мөлшерлемесі көтерілуі керек деп санаймыз. Бюджеттің табыс бөлігіне салық түсімін көбейту үшін мөлшерлемені көтеру қажет. Қазақстанның ресми органдарында салық мәселесі бойынша үлкен көлемде ақпараттар бар. Ал егер Қазақстан билігі мөлшерлеме есебін әзірлеуге көмектесу үшін бізге жүгінсе, әрине, көмектесуге дайынбыз» дейді қор басшысы.
Ол сонымен қатар Қазақстан экономикасын әртараптандыру мәселесін орта және ұзақмерзімді перспективадағы маңызды аспекті деп атады.
«Бұл мәселедегі ең маңызды бағыт – жеке секторды дамыту үшін кеңістік аясын кеңейту болмақ. Ол үшін мемлекет экономикадағы рөлін қайта қарауы керек. Ел экономикасындағы басым үлес қазір квазимемлекеттік секторға тиесілі. Сондықтан мемлекеттік кәсіпорындар секторын реформалау керек. Мұны қыркүйекте Президент Қ.Тоқаев та айтқан болатын. Ел Үкіметі де пандемия аяқталған соң кәсіпорындарды жекешелендіру басталатынын айтты. Бәсекелестікті қолдауға бағытталған тәуелсіз агенттік құру да сөз болды. Меніңше, бұл монополияға, кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілерге қатысты мәселелерді шешетін және жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту мәселелерімен айналысатын келешегі зор реформа. Біз мұндай бастамаларды жоғары бағалаймыз», дейді Н.Бланше.
Ол сондай-ақ елдегі инфляция өсіміне байланысты пікірін де білдірді. «Инфляциялық қысымға Қазақстан ғана емес, әлемнің біраз елі ұшырады. Қазақстан азық-түлік және басқа да тауарларды сырттан сатып алатындықтан инфляция деңгейі тым қатты өсті. 2020 жылы ұлттық валютаның 10 пайызға әлсіреуі де инфляцияға әсер етті. Республика экономикалық қалпына келу кезеңінде тұр. Экономиканы қолдауға арналған түрлі шаралар қабылдануда, оның ішінде бизнес үшін субсидиялар және фискалдық шаралар да бар» деді ХВҚ өкілі.
Н.Бланшенің сөзіне қарағанда, Қазақстандағы инфляция қысымы уақытша және оны Ұлттық банк пен Үкімет тежеуге тырысады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,5 пайыз деңгейінде болмақ. «2022 жылдың екінші жартысында, жыл соңына таман инфляция 4-6 пайыздық мақсатты дәлізге оралады деп отырмыз. Бұл баға қысымына тікелей байланысты» деді ол.
Миссия 10 айдың нәтижесі бойынша нақты ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) динамикасы 3,5 пайыз деңгейінде және өндіріс көлемі пандемияға дейінгі кезеңге жақындап қалғанын мәлімдеді. Халықаралық валюта қоры сарапшыларының болжауынша, жыл қорытындысы бойынша елдегі экономика өсімі 3,7 пайызға жетеді. Ал келер жылы ІЖӨ-нің нақты өсімі 3,9 пайызға, 2026 жылы 5,2 пайызға жетуі мүмкін. ІЖӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 5 жылда 4,8 пайызды құрайды. Мұндай болжамды Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты. Министрдің сөзінше, шикізаттық емес сектор сапалы өсімнің негізгі драйверіне айналмақ.
«Номиналды ІЖӨ 2022 жылы 87,1 трлн теңгені, 2026 жылы 119,9 трлн теңгені құрайды. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 2022 жылы 10,7 мың доллардан 2026 жылы 14,2 мың долларға дейін өседі. Өңдеуші өнеркәсіп орташа есеппен 4,1 пайыз деңгейінде өсім көрсетеді және осы қарқынымен тау-кен өнеркәсібін басып озады» дейді министр.
Еске салайық, ХВҚ миссиясы Қазақстан Үкіметімен келісім аясында жылына екі мәрте Қазақстанға келіп, консультация өткізумен айналысады.