Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжіліс бюросында жалпы отырыста қаралатын мәселелер белгіленді, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Палата қарауына «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу мәселесі бірінші оқылымға шығарылады. Салалық комитеттің баяндауынша, құжат судьялардың тәуелсіздігінің мәртебесі мен судьялық қызметке үміткерлерді байқау арқылы іріктеу жүйесін дамытуға және судьялық қызметке үміткерлерді таңдаудағы қоғамның рөлін жетілдіруге бағытталған.
Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына бірінші оқылымға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу қосылды. Сонымен қатар, 2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шартты оның Тараптары мен Өзбекстан Республикасының арасында қолдану туралы Хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы да бар.
Осылармен қатар, палатаға Қазақстан-Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасына қорытынды әзірлеу мезгілін нақтылау ұсынылды.