Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпке бұрынғыдай аста-төк инвестиция құю қазір азайған. Биыл 9 айдағы көрсеткішті зерделер болсақ осыған көз жеткіземіз. Қаңтардан қыркүйекке дейінгі аралықта ауылдық жерлердегі негізгі капиталға 3,9 трлн теңге инвестиция салыныпты. Бұл бір жыл бұрынғы деректен 12,4 пайызға төмен.
Өңірлік бөлініс бойынша инвестицияның басым бөлігі Атырау облысына (40,1 пайыз) тиесілі екен. Аталған өңірге 1,6 трлн теңге көлемінде инвестиция құйылған. Осының өзі былтырғы көрсеткіштен 28,5 пайызға аз деп хабарлайды Finprom. Үздік үштікке Ақтөбе (311,7 млрд теңге – бір жылда 26,1 пайызға көп) және Алматы (277,1 млрд теңге – бір жылда 1,8 пайызға көп) облыстары да кіреді. Ең төменгі көрсеткіш Павлодар облысында – 96,3 млрд теңге. Бір жыл бұрынғы деректен 33,5 пайызға азайып кеткен.
Ал бөлінген инвестицияны жан басына шағар болсақ, әр ауыл тұрғынына 506,5 мың теңгеден келеді екен. Бұл жағынан да Атырау облысы көш бастайды. Адам басына 5,2 млн теңгеден. ТОП-3-ке Ақтөбе (1,2 млн теңге) және Батыс Қазақстан облыстары (598 мың теңге) енген. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – жан басына шаққанда 100,8 мың теңгеден тиесілі.
«Ауылдық жерлердегі капиталдық инвестицияның 80,8 пайызы кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен қамтамасыз етілген – 3,2 трлн теңге. Жылдық қысқару 14,1 пайызға жеткен. Тағы 367,6 млрд теңгені банктік емес ұйымдар ұсынған. Республикалық бюджеттен 142,9 млрд теңге бөлінді (-19,5 пайыз бір жылда). Жергілікті бюджеттен 172,3 млрд теңге (-20 пайыз бір жылда) бөлінді. Тағы 71 млрд теңге банктік несиелер есебінен құралды. Бұл тұрғыдан бір жылда 40 пайызға өсім бар. Салымның негізгі бөлігі биыл құрылыс және нысандарды күрделі жөндеуден өткізуге жұмсалды. Оның мөлшері 1,9 трлн теңгені құрайды. 877,2 млрд теңгеге машина, құрылғы және транспорттық құралдар сатып алынды» деп жазады Finprom.
Үкіметтің ресми сайтының хабарлауынша, ауылдық елді мекендерді дамыту мақсатында елде тұрғын үйді қайта жаңарту және оның құрылысы, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымға инвестиция салу бойынша шаралар атқарылып жатыр. 2019-2020 жылдары қазіргі бағдарламалар аясында 618 млрд теңгеге 12 мыңнан астам жоба жүзеге асырылған. Алдағы 4 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Сондай-ақ барлық қаржыландыру көздерін есепке ала отырып ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн теңге қаржы бөлу жоспарланған.
Қазір бізде бағаның шарықтап тұрғаны белгілі. Осы орайда ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айналып, жетекші позицияда жүруі керек еді. Алайда бұл сектордың даму қарқыны да, берер өнімі де көңіл көншітпейді. Бұл тұрғыда ел басшылығы Қазақстанның ауыл шаруашылық әлеуетін дұрыс пайдалана алмай отыр. Саладағы жалақының төмендігі де жұмыс сапасына теріс әсер ететіні белгілі. Азық-түлік қауіпсіздігін тікелей қамтамасыз етуге қабілетті агроөнеркәсіп кешені қазір елдегі ең аз жалақы төленетін сала қатарында. Ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы орташа айлық жалақы көлемі – 167,5 мың теңге. Өсімдік, мал өсіру, аңшылық саласындағы жалақы бұдан да төмен – 167,1 мың теңге. Сектордағы сатып алу қабілеті 7,7 пайызға өскен. Ал балық аулау және аквамәдениет саласында жұмыс істейтіндердің орташа айлық жалақысы 85,7 мың теңге екен.