Жыл сайын 9 мамырда мен әкем Қайырбек Баймағамбетовті мақтанышпен еске аламын. Ол өте сыпайы адам болған. Соғыстағы өмірі туралы көп айтпайтын, ешқашанда мақтанбайтын. Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында 5 бала өсірген, 3-ші Карелия, 2-ші Украина, сосын Қиыр Шығыс майдандарында офицер болып қызмет еткен әкемнің дүниеден қайтқанына 20 жыл болады. Сондықтан ол кісі туралы кішкене естелік айтқым келеді.
Әскерге әкеміз Алматыдағы зооветеринарлық институтын үздік белгімен бітіріп 1940 жылы аспирантурада оқып жүргенде кетіпті. Қызметін ол кісі Карелия майданының ақ финдермен күресіп жатқан 7-ші армиясындағы 27-ші дивизиясынан бастаған. Содан соң 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Ленинград бағытында шайқасқан.
1944 жылдың қыркүйек айынан бастап әкем 2-ші Украина майданындағы 5-ші Дон кавалериялық корпусы құрамында немістерден Будапешт қаласын босатуға кірісті. Осы әскери құрылыммен ол кісі Венгрия, Румыния, Югославия және Австрия елдерін азат етуге қатысты. Жеңісті Венада қарсы алған. Соғыстағы ерлігі көптеген орден-медальдармен атап өтілген.
Майданнан келгеннен кейін әкем Қазақстанның ауыл шаруашылығының дамуына өте көп күш жұмсады. Семей облысындағы Аягөз ауданының “Қаракөл” совхозы мен совхоздардың облыстық тресінің директоры, Талдықорған облысындағы Ақсу және Сарқант аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларының бастығы және Панфилов аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөленді. Осындай абзал жанды 9 мамыр – Жеңіс күні сағынышпен еске аламын. Біз сізді ұмытқанымыз жоқ, әке!
С.БАЙМАҒАМБЕТОВА, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық университетінің оқытушысы.
АСТАНА.