Министр Алексей Цой Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесуспен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз COVID-19-ға қарсы қазақстандық екі вакцина туралы айтып бердік. Біреуі – инактивті QazCovid-in (немесе QazVac) вакцинасы, екіншісі – QazCoVac-P вакцинасы. Қазақстан Республикасында QazVac 18 айға уақытша тіркеуден өтті. Ол мұсылман елдерінде жасалған жалғыз вакцина болып саналады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оған халал куәлігін берген», деп жазды Цой әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал QazCoVac-P вакцинасы биыл маусым айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының клиникалық зерттеулер фазасындағы кандидат вакциналар тізіміне қосылған болатын.
«Біз ДДСҰ басшысынан қазақстандық вакциналарды тіркеу жұмысын тездетуді сұрадық», деп атап өтті министр.
Сондай-ақ кездесу кезінде коронавирустың жаңа штамы – омикронға қарсы іс-шаралар талқыға салынды. Бүгінде вирустың жаңа үлгісі әлемнің 10 елінде анықталды. Алдын ала мәліметке сәйкес, оның таралу қаупі жоғары және антиденелерге қарсы тұра алады.