Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай сөз болды.
Салаларға серпіліс әкелді
2025 жылға қарай елдегі өңдеу өнеркәсібінің өсімін 1,5 есе арттыру міндеті қойылғаны белгілі. Оған қол жеткізудің екі жолы бар. Бірі – Индустрияландыру картасы. Яғни ірі инвестициялық жобаларды іске қосу. Екіншісі – «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында көзделген жаңа шараларды жүзеге асыру.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша еліміздің өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталып отыр. Нақты көлем индексі 5,3%-ға артып, 13,4 трлн теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен жоғары. Саланың барлық секторында оң динамика байқалады. Өңірлер биыл Индустрияландыру картасы аясында 1,3 трлн теңгеге 139 жобаны іске қосып, 12,7 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлауда. Қараша айындағы жағдай бойынша, 1 трлн теңгеге 83 жоба пайдалануға беріліп, 9 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылған.
– Министрлік 2025 жылға дейін 13,3 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібіне қатысты 490 жобаны іске қосып, 102,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жобалардың ең көбі құрылыс индустриясына (198 жоба), тау-кен металлургия кешеніне (119), машина жасау саласына (72) тиесілі, – деді Б.Атамқұлов.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 1,5 есе арттыру міндеті жүктелген. Ол үшін өнімдері әлемнің 60-тан астам еліне экспортталатын 180 жобаны іске қосу жоспарланған. Сондай-ақ 2025 жылға дейін жоғарғы қайта бөлу өнімін өндіру көлемі 2,7 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл қазіргі өндірісті 2 есе арттырмақ. Экспорт көлемі 65,3%-ға ұлғайып, 1,6 млрд долларға жетеді деген жоспар бар. Орта технологиялық өнім шығару көлемі 2,1 трлн теңгені, экспорт 2 млрд долларды құрады. Бұл өндірісті 12,5%-ға және экспортты 14,3%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
– Бәсекеге қабілетті өнім өндірісін ұлғайту және дамудың шикізаттық моделінен алыстау арқылы өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы әзірленді. Оны осы жылдың соңына дейін қабылдау қажет. Заң жобасында бірқатар жаңашылдық бар. Мәселен, дайын өнімді өткізу және ішкі нарықты жаңа тауарлармен толықтыру үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар офтейк-келісімшарттар мен офсеттік шарттарды пайдаланады. Кәсіпорындардың сұранысы бойынша ынталандырудың жаңа құралы – өнеркәсіптік грант әзірленді. Ол қоса қаржыландыру арқылы өндірісті жаңғыртуға беріледі. Жалпы, 2025 жылы жаңа жобаларды іске асыру әрі жаңа шараларды қабылдау арқылы өңдеу өнеркәсібінің жылдық көлемі 19,7 трлн теңгеге, өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға салынатын инвестиция 3,5 трлн теңгеге, шикізаттық емес тауарлар экспорты 21,8 млрд долларға жеткізіледі, – деді министр.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің баяндауынша, отын-энергетика саласында өңдеу өнеркәсібін дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталғаннан кейін өндіру көлемі өскен. Биылғы 10 айда мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,3 млн тоннаны құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен жоғары.
– Қысқа және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шара жоспарланған. Биыл Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту аяқталады. Бұдан бөлек, Түркістан облысында жеке инвесторлармен мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 2025 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытында депарафиндеу блогымен біріктіре отырып, гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жобасы іске асырылады. Оның нәтижесінде бұрын зауытта өндірілмеген 160 мың тонна қысқы дизель отыны шығарылады. Аталған іс-шараларды іске асыру арқылы мұнай өнімдерін өндіру көлемі 2025 жылға қарай 2,2 млн тоннаға дейін артып, 15,3 млн тоннаны құрайтын болады. Тартылатын инвестиция көлемі 148,5 млрд теңгеге жетпек, – деді М.Мырзағалиев.
Министрдің мәліметінше, биыл қаңтар-қазан айларында 2,6 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілген. Осы жылы 3,2 млн тонна өндіру жоспарланған. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының 60%-дан астамын автокөліктер тұтынады. 2019 жылдан бастап газға көшкен автокөлік саны 2,2 есе өсіп, 310 мыңға жеткен. Бұл ретте сұйытылған газ өндірісін арттыру мақсатында 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олар – Ақтау қаласындағы төмен қуатты газ өңдеу зауыты, Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауыты және Қашаған кен орнындағы қуаты 1 млрд текше метрді құрайтын газ өңдеу зауыты. Аталған жобалардың нәтижесінде 2025 жылға қарай сұйытылған газ өндірісінің көлемі 300 мың тоннаға артып, 3,5 млн тоннаны құрамақ. Ал тартылатын инвестициялардың көлемі 530 млрд теңге болады деп жоспарлануда.
– Осы жылдың 10 айында мұнай-газ-химия өнімдерінің өндіріс көлемі 147 мың тоннаға тең болды. 2021 жылы 190 мың тонна өнім өндіру жоспарланған. 2021 жылы мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру бойынша 2 жоба пайдалануға берілді. 2022 жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауыт ашылады. Бұдан бөлек, 2025 жылға дейін екі зауыттың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Тиісті жобаларды жүзеге асыру 2025 жылға қарай шығарылатын мұнай-газ-химия өнімінің көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал тартылған инвестициялар сомасы 1,2 трлн теңгені құрамақ, – деді Энергетика министрі.
Министрлік машина жасау саласын дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бастамаларды қолға алған. Биыл мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру. Атап айтқанда, жаңа өндірістер ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 5,9%-ға ұлғайып, 81,8 млрд теңгені құраған.
– Заттай мәнде соңғы 10 айда жарма өндіру көлемі 5,3%-ға, крахмал өнімдерін өндіру 18,7%-ға, жеміс және көкөніс шырындарын өндіру 2,8%-ға, қант өндіру 2,6 есе, қышқыл сүт өнімдерін өндіру 5%-ға, сары май өндіру 9%-ға артты. Ал ұн өндіру көлемі 4,5%-ға, өсімдік майын өндіру 3%-ға, шұжық өнімдерін өндіру 0,4%-ға төмендеді. Осы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 29 жоба пайдалануға берілді. Бүгінде инвестициялық жобалар пулында шамамен 100 жоба бар. Бұлар – өндірістің қосымша өсімін және тиісінше экспорттың қосымша көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа жобалар. Сайып келгенде өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға жол ашылуы мүмкін, – деді Е.Қарашөкеев.
Министрдің баяндауынша, биылғы жылдың 9 айында экспорт 950,5 млн долларды құраған. Оның өсімі 2,4%-ға тең. Сүт өнімдері экспорты 2%-ға, макарон өнімдері 37,4%-ға, күнбағыс майы 11,7%-ға ұлғайған.
– Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім экспортының үлесі 37%-ды құрайды. Бұл деңгейді өндіріс көлемін ұлғайту және экспорттық кедергілерді жою есебінен 70%-ға дейін жеткізуіміз керек. Экспорттың негізгі бағыттары – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдерінің, Ауғанстанның, сондай-ақ Еуропа елдерінің дәстүрлі өткізу нарықтары, – деді Е.Қарашөкеев.
Тақырыпты түйіндеген Премьер-Министр алдағы 10 желтоқсанға дейін Үкіметке Индустриялық-инновациялық даму тұжырымдамасының 2025 жылға дейінгі өзектендірілген жобасын, 2022 жылғы 1 наурызға дейін өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, моноқалаларда іске асыру үшін «зәкірлік» индустриялық жобалар топтамасын әзірлеуді тапсырды. Бұдан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2022 жылғы 1 наурызға дейін кәсіпорындарда цифрлы шешімдерді енгізуді ынталандыру бойынша қажетті нормативтік құқықтық базаны қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды.
«Омикрон»: ол қандай штамм?
Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай туралы баяндаған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, Еуропада сырқаттанудың өсу тенденциясы әлі де жалғасуда. Біздің республика бойынша вирустың репродуктивтік саны 0,91-ді құрайды және тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмен. Бүгінгі таңда «қызыл аймақта» Солтүстік Қазақстан облысы қалып отыр. 5 өңір (Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы) – «сары аймақта». Қазақстан Республикасы және қалған 11 өңір «жасыл аймақта» орналасқан.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, коронавирус инфекциясының «Омикрон» штамының жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, оны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда биылғы 3 желтоқсаннан бастап бірқатар шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданған. Атап айтқанда, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуі шектеледі. «Омикрон» нұсқасынан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден (Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Канада және Египет) келетін адамдар вакцинасының бар-жоғына қарамастан міндетті түрде ПТР тестілеуден өтуі керек. Сондай-ақ «Омикрон»-нан туындаған КВИ жағдайлары анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантиніне оқшаулануы тиіс.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың жаңа штамының табылуы әлемнің көптеген елінде алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтті. Бірқатар Еуропа елдері, Сингапур және Израил қатаң шектеу шараларын қабылдады. Израилде әуе қатынастары шектелуде, Еуропа елдері «Омикрон» анықталған елдерден келген адамдарды 14-күндік карантиндік оқшаулау тәртібін енгізді.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала деректеріне сәйкес, жаңа штамм «Дельта» нұсқасынан да қауіпті әрі тез таралады. Сондықтан жаңа штамның еліміздің аумағына енуінің алдын алуға бағытталған шараларды қолдауды сұраймыз. Ұсынылған шектеу шаралары ведомствоаралық комиссия отырысында қаралып, мақұлданды. Сонымен қатар биыл маусымдық тұмау мен жедел респираторлық вирустардың таралу жиілігі 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артып отыр. Осыны және әлемдегі жағдайды ескере отырып, барлық әкімнен санитарлық талаптардың орындалуына бақылауды күшейтуді сұраймыз, – деді Е.Тоғжанов.
Шетелдерде коронавирустың «Омикрон» жаңа штамының пайда болуын ескере отырып, Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекеттік шекарада санитарлық-эпидемиялық бақылауды күшейтуді, ел ішіндегі жағдайды үнемі бақылауда ұстауды, ғимараттар мен көліктерде бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау тәжірибесін одан әрі жалғастыруды тапсырды. Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне, әкімдіктерге халықтың ұжымдық иммунитетін қалыптастыру мақсатында вакциналау қарқынын арттыру жүктелді.