Ішкі нарықты қауіпті өнімдерден қорғау мақсатында техникалық реттеу тетігі қайта қарастырылды. Бұл туралы таяуда өткен Қазақстанның X Азаматтық форумында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
Жауапты ведомствоның басшысы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен онлайн форматта пікір алмасып, техникалық реттеу және метрология, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы әріптестіктің қорытындылары және оны дамытудың перспективаларын талқылады.
Министрдің айтуынша, отандық нарықты қауіпсіздігі күмән тудыратын өнімдерден сақтау үшін техникалық реттеу құралдары қайта қарастырылды. Мемлекеттік бақылау жүйесін реформалау отандық, сондай-ақ әкелінетін өнімдердің толық бақылау циклін көздейтін ақпараттық жүйені әзірлеуден басталыпты.
Айталық, кез келген өнімге байланысты олқылық анықталған жағдайда қауіпсіздікті тексеру үшін өнім үлгілеріне сынама жүргізу нормасы енгізілді. Сол секілді қауіпті өнімді тәркілеу немесе жою сынды жедел қадағалау тетіктері де қарастырылған.
«Кәсіпкерлік субъектілеріне бармай-ақ тексеру жұмыстарын жүргізу тәжірибесі қолданылып келеді. Адамның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп төнбеген жағдайда кез келген бұзушылықты өз еркімен реттеуге құқық беріліп отыр. Бүгінде жаңа модельге сәйкес ауқымды тексеру жұмыстары дизель отыны нарығында, автохимия өндірісі, құрылыс материалдары және электр техника сауда нарығында жүргізіліп жатыр», деді Б.Сұлтанов.
Өнім сапасын арттыруда қоғамдық ұйымдардың да рөлін күшейту туралы айтылды. Бұған қатысты оң мысал да жетерлік.
«Мысалы, шекарада жүргізілген тексерулерден кейін Цемент қауымдастығы сертификаттау органдарының «көлеңкелі сертификаттарды» бергені туралы фактілерді анықтаған.
Нарықтағы жалған сертификаттардың жолын кесу өндірістің өсуіне әсер етті. Нақты айтқанда, қауымдастықтың ақпаратына сәйкес 11 млн тоннадан астам цемент өндіріліп, тарихи рекорд орнады.
Осыған ұқсас жағдай автохимия өнімдері саудасында да орын алған. Салалық қауымдастықтың өтініші бойынша мемлекеттік бақылаудың нәтижесінде сапасыз салқындатқыш сұйықтықты сату дерегі анықталып, 6 млн теңгеден аса айыппұл салынды», деді Сауда және интеграция министрі.
Биыл стандарттау жоспарына сәйкес металлургия өнеркәсібінде (алюминий профилі) 23 стандарт әзірленгені белгілі болды. Бұл талапты енгізіп, оларды қолдану арқылы кем дегенде 18 айдың ішінде (есептеу ISO дайындаған стандарттарды қолдану тиімділігін анықтау әдістемесіне сәйкес жүргізіледі) кәсіпорындардың табысын 6%-ға арттыруға, қосымша 50 жұмыс орнын құруға, шығарылатын өнімнің ассортиментін (алюминий витраждары, қасбеттер) 10-нан 20-ға дейін ұлғайтуға жол ашады деп алға тартты ведомство басшысы.
«Аграрлық мемлекет ретінде азық-түлік өнімдерін экспорттайтынымыз мәлім. Биыл БАӘ мен Түркияның халықаралық деңгейде мойындалған «халал» стандарттары негізінде саудаға қойылатын өнім мен көрсетілетін қызметке байланысты 6 стандарт әзірленді. Бұл Парсы шығанағы мен Таяу Шығыстағы әлеуетті экспорттық нарыққа шығуға және жыл сайын 180 млн доллар сомасына отандық өнімді өткізуге мүмкіндік береді», деді Б.Сұлтанов.
Бұдан басқа министр алдағы 4-5 жылда 900-ге жуық (882) сынақ зертханаларының үштен бірі жаңғыртылатынын жеткізді. Бұл экономикалық өсім жөніндегі ұлттық жобаның аясында іске асырылады. Құзырлы орган басшысы айтқандай, биыл елордада шағын тұрмыстық құрылғылардан бастап жүк көліктеріне дейін арнайы сынақтан өткізуге қауқарлы көлемді камераның жұмысы жолға қойылған.
Салалық министрлік кәсіпкерлерді, әсіресе сертификаттау, зертхана субъектілерін әріптестікке, зертханалық базаны жаңғыртуға инвестиция салуға шақырды.
Бүгінде Ұлттық аккредиттеу орталығының ақпараты бойынша Қазақстанда рұқсаты бар сынақ зертханаларының саны – 882.