• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Желтоқсан, 2021

Елбасы жаңа Қазақ мемлекетінің іргетасын қалады - Бас мүфти

536 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев хан-сұлтандарымыздың арманын орындап, жаңа Қазақ мемлекетінің іргетасын қалады. Мұндай пікірді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Расында тәуелсіз еліміздің əрбір жеткен жетістігінде, бағындырған белесінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы жатқанын айту, алғыс білдіру – адамгершіліктен. Біз – адамдар арасындағы алауыздыққа, діндер арасындағы дау-дамайларға тосқауыл қоюға талпынған, тыныштық пен татулықты басты тірек еткен елміз. Бауырмалдық, мейірбандық, достық, қамқорлық сынды құндылықтар – қазақ халқының табиғи болмысында бар асыл қасиеттер. Бағзы заманнан бері береке мен бірлікті, ынтымақ пен ырысты, достық пен татулықты ту еткен Қазақ елі тәуелсіздіктің санаулы жылдарында алыс-жақынның арасын жарастырып, діні бөлектерді бір дөңгелек үстел басына жинаған бітімгер мемлекетке айналды», деп атап өтті Бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлының атап өтуінше, осынау тарихи іске бастамашыл болып, еліміздегі 100-ден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астына топтастыра білген Елбасының ерен еңбегі тарихта мəңгі қала бермек. Елбасы тəуелсіздік жылдарында діни сенімі мен ұстанымы бір арнаға тоғыса бермейтін əлемдік дəстүрлі дін көшбасшыларының басын елордаға қосып, дін қайраткерлерін ортақ мақсатқа үндеді.

Нұр-Сұлтан қаласында əр үш жыл сайын өтетін Əлемдік жəне дəстүрлі дін лидерлерінің съезі жер жүзіндегі діні мен тілі, ұлты мен ұлысы əртүрлі күллі адамзат баласын бірлік пен бейбітшілікке, ымыра мен ынтымаққа ұйыстырған басқосу болып келе жатқаны жасырын емес.

«Ол кешегі хан-сұлтандарымыздың арманын орындап, жаңа Қазақ мемлекетінің іргетасын қалады. Мемлекетті басқаруда ұлт бірлігін, дін бірлігін бірінші орынға қойып, достық пен келісімнің үздік үлгісін қалыптастыра білді. Аллаға шүкір, осынау сарабдал саясаттың арқасында біздің елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды. Елбасының Қаулысымен мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт демалыс күні болып жарияланды. Қасиетті Рамазан айында имамдар мен зиялы қауымға ауызашар беру – Нұрсұлтан Әбішұлының жыл сайынғы сауапты һәм дәстүрлі амалына айналған. Арқа төсінде республикалық «Əзірет Сұлтан» мешіті салынып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас кеңсесі бой көтерді. Алматы қаласында Нұр-Мүбәрак университеті ашылып, оқу орнын бітірген дін қызметкерлері елдің бірлігі мен ынтымағына үлес қосуда», деді ҚМДБ төрағасы.

Бас мүфтидің дерегінше, Тәуелсіздік жылдарында еліміз бойынша небары 68 мешіт болса, бүгінде құлшылық ордаларының саны 2600-ден асты. Егемендік алған жылдан бастап жер-жерде медреселер мен қарилар орталығы бой көтерді. Орта білім беретін 9 медресе колледж мәртебесін алды. Оқу ордасын тәмамдаған шәкірттер де ел игілігі жолында қызмет етуде.