Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық консультативтік кеңес мүшелерімен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Ақордада өткен кездесуге Австрия Республикасының экс-федералды канцлері Альфред Гузенбауэр, Польшаның экс-президенті Александр Квасьневски, Еуропалық комиссияның экс-төрағасы әрі Италияның бұрынғы премьер-министрі Романо Проди қатысты.
Әңгімелесу барысында Қазақстанның экономикалық әлеуетін одан әрі іске асырудың негізгі бағыттары, республиканың халықаралық бастамаларын жүзеге асыру барысы, сондай-ақ ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық жайы талқыланды. Бұдан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер, соның ішінде Украинадағы жағдай жөнінде пікір алмасылды.
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін қызығушылық тудыратын халықаралық аренадағы өзекті мәселелер талқыланатын кездесуді Кеңес мүшелерімен тұрақты өткізіп тұрудың маңыздылығын атап өтті.