Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінде Елбасының жеке топтамасындағы жәдігерлер, мемлекет басшылары мен олардың ресми өкілдерінің сыйлықтары, өнер туындылары және мәні зор тарихи құндылықтар жинақталған. Біз осы жолы музейдің «Даңқ» галереясындағы экспозициясын сөйлетсек дейміз. Онда Тұңғыш Президентіміздің жетекшілігімен жүзеге асқан Қазақстанның жаһандық саясатының дәлелдері жинақталып, 50-ден аса қоғамдық және жоғарғы мемлекеттік награда орналасқан.
Елбасы еліміз егемендік алғаннан кейін сыртқы саясатта салиқалы бағыт ұстанып, әлемнің көптеген мемлекетімен салмақты байланыс орнатты. Бұл енді азаттық алып, еңсесін тіктеп, жаңаша даму жолына түскен Қазақстанға тың серпін берді. Сондықтан да сыртқы саясатымызды қалыптастыруда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор, соны шет мемлекет басшылары да жоғары бағалаған. Айталық, 2000 жылы 29 ақпанда Вена қаласында Аустрия президенті Томас Клестиль Елбасыны екі ел арасындағы достық байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Аустрияның жоғары наградасы «Аустрия республикасына сіңірген еңбегі үшін Үлкен Құрмет Жұлдызы» орденімен марапаттаса, Литва Республикасы І дәрежелі «Ұлы Витаутас» орденін табыс еткен.
2002 жылы 24 мамырда Варшава шаһарында Тұңғыш Президентімізге Польша Республикасының жоғары наградасы «Ақ қыран» ордені табысталған. Айтулы марапатты 1705 жылы 1 қарашада Польша королі ІІ Август бекіткен, оған ие болғандар қатарында – Рим Папасы ІІ Иоанн Павел, Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета, Франция президенті Жак Ширак, ГФР канцлері Гельмут Коль, Чехия президенті Вацлав Гавел, Литва президенті Альгирдас Бразаускас болса, осы бірегей тұлғалардың арасында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі аталғаны жүрекке жылылық ұялатады.
1997 жылы Италия президенті Луиджи Скальфаро Елбасын «Үлкен лентамен көмкерілген Үлкен Крест Иегері» орденімен марапаттаса, Бельгия королі, мәртебелі ІІ Альберттің жарлығымен Нұрсұлтан Назарбаевқа осы елдің жоғары марапаты – Үлкен Крестің омырау жұлдызы бар, І Леопольд Орденінің Үлкен лентасы табыс етілген. Бұл награда Бельгияның және шет мемлекеттердің ең атақты мемлекеттік қайраткерлеріне беріледі.
Сондай-ақ Франция басшысы атынан әскери немесе азаматтық еңбегі үшін берілетін жоғарғы наградасы «Құрметті легионның үлкен кресі» ордені назарымызды аударды. Аталған орден 1802 жылы 19 мамырда Наполеон Бонапарттың жарлығымен бекітілген. 2011 жылы 11 маусымда Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға ресми сапары барысында екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін сол мемлекеттің басшысы Елбасын «Құрметті Легион» орденімен марапаттаған. Сонымен бірге Тұңғыш Президентімізге Мажарстан Республикасының жоғары наградасы «Алқалы үлкен крест» ордені табыс етілген.
Ал Ресей Федерациясының жоғары марапаты «Әулие Апостол Андрей Первозванный» ордені де көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен шет мемлекеттер мен үкімет басшыларына беріледі. 1998 жылы сол кездегі РФ Президенті Б.Н.Ельцин «Әулие апостол Андрей Первозванный» орденін Ресейдің жоғары мемлекеттік наградасы ретінде қалпына келтірген. Оның алғаш иегері академик Д.Лихачев болса, екіншісі – ату қаруының атақты конструкторы М.Калашников. Біздің Елбасы аталған орденнің үшінші иегері. Онымен Тұңғыш Президентімізді Борис Ельцин 1998 жылы 12 қазанда марапаттаған.
Сонымен қатар Мысыр Араб Республикасының жоғары наградасы «Ұлы Ніл ордені» 2008 жылы 17 мамырда Нұрсұлтан Назарбаев Шарм-әл-Шейх қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға барғанда табысталған. Мысыр Араб Республикасының бұл жоғары наградасымен екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан зор үлесі үшін мемлекет басшылары ғана марапатталады.